Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында IV республиклық "Абайтану" олимпиадасы өтуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олимпиаданың республикалық кезеңіне облыстық, қалалық деңгейден жеңімпаз болған оқушылар, атап айтқанда, 14 облыс, 3 қала, Республикалық білім беру ұйымдары, НЗМ ДББҰ, Абай мектептері желісі бойынша жалпы саны 130 оқушы қатысты.
Ұлы ақынның бай мұрасын жас ұрпақ санасына терең әрі жан-жақты сіңіруге бағытталған олимпиаданың мақсаты – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілу, Абайдың шығармашылығы мен өнегелі өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдану, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Сол арқылы Абай өлеңдерінің мән-маңызы мен қадір-қасиетін түсіну, Абай қарасөздерінің тәрбиелік-тағылымдық маңызын ұғыну, Абайша ойлауға ұмтылу, сөйлеу мәдениетін үйренуге, тіл тазалығын сақтауға дағдылану және күнделікті өмірде қолдану.
Олимпиада екі айналымда өтеді.1-айналымда қатысушы Абайдың қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазады. Ал 2-айналымда М.Әуезовтің "Абай жолы" романынан берілген үзіндінің қай тарау, қандай бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырады. Роман мазмұнынан "сократтық" сұрақтар беріліп, логикалық деңгейі тексеріледі. Абай шығармашылығы бойынша дайындалған тапсырмаларға жауап береді. Әр жанрдағы шығармаларына жан-жақты талдау жасап, алған тәлімі мен білімін сарапқа салып, сыннан өткізеді. Абайтанушылар жайлы таным-деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ, М.Әуезовтің "Абай жолы" романынан алынған сөйлемге кешенді талдау жасау арқылы грамматикалық сауаттылығы анықталады.
Жүзден озар жүйріктерді белгілі абайтанушы, әдебиетшы-тілші, зерттеушілер анықтайды. Жүлдегерлер бағалы сыйлықпен марапатталады. Жан-жақтан жиналған қатысушылар мен жетекшілер М.Әуезов атындағы театрға барып, қойылым тамашаласа, жетекшілерге коучинг-семинар көрсетіледі.
"Адырна" ұлттық порталы