М.Мырзағалиев: “Жұмысшылардың қауіпсіздігі - басты назарда”

3976
Adyrna.kz Telegram

«Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Ақтау қаласында еншілес және тәуелді ұйымдар (ЕТҰ) басшылығымен кеңейтілген жиын өткізді.

М. Мырзағалиев еншілес кәсіпорын басшыларының қызмет барысы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндамаларын тыңдап, ерекше назарға алатын бірнеше мәселелерді атап өтті. Алдымен, "Өзенмұнайгаз" АҚ, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ және "Қаражанбасмұнай" АҚ бірінші басшыларына осы жылдың соңына дейін бекітілген көрсеткіштерге сәйкес мұнай өндіру және тапсыру жоспарының толыққанды орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұл басқосуда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарақаттану деңгейін төмендету мәселелері ерекше назарға алынды. М. Мырзағалиев бұл - еншілес кәсіпорындардың басшылары үшін басты міндет екенін айта отырып, мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ҚМГ Басқарма төрағасы еңбек ұжымдарымен тұрақты есеп беру кездесулерін жиі ұйымдастырып тұруды міндеттеді. Бар мекемелерден еңбек заңнамасының қатаң сақталуын талап етті. "Бұл мәселе жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да ортақ талап. Еңбек шарты мен тәртіп бұзу жәйттерін тежеп, жауапты басшылар тарапынан бұл мәселеге салғырт қарау фактілерін болдырмау қажет", - деп атап өтті Мырзағалиев

Жиын барысында “Өзенмұнайгаз” АҚ басшылығына өндіріс орындарындағы электроэнергияның апаттық ажырату мәселесін жуық арада шешу міндеті жүктелді. Бұл межеленген жоспарлық көрсеткіштерге жетуге зор ықпалын тигізетін маңызды факторлардың бірі екені ескертілді.

Мырзағалиев Жаңа ұңғымаларды бұрғылау процесін жақсарту, мен мұнай алу коэффициентін арттыру үшін ғылыми институттарға жүгіну және заманауи ғылыми-өндірістік әдістерді қолдану қажеттігін де атап өтті.

Басқарма төрағасы Қаражанбас кен орнындағы суды тұщыландыру зауытын пайдалануға беру мерзімін кешіктіру мәселесіне бөлек тоқталды. Зауытты іске қосу жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ, М.Мырзағалиев барлық ЕТҰ басшыларына бір көзден сатып алу көлемін азайту мәселесін қолға алу керек екендігін атап өтті.

Пікірлер