Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға Нұрсұлтан Назарбаевтың құзырындағы ұшақпен барды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Victor Burdin есімді қолданушы жазба жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті болып сайланғанда AirBus А330 ұшағы Назарбаевтың иелігінде қалып, мемлекет басшысына шағын AirBus А321 ұшағы бұйырған болатын. Ал бүгін Тоқаев Назарбаевтың ұшағын пайдаланды.
«Әлем елдерінің президенттерінің бәрі дерлік тоқтаусыз ұзаққа самғайтын жоғары комплектациядағы ұшақтарымен мақтана алмайды. Мысалы, Германия канцлерінің құзырында құны 220 млн. доллар тұратын ұшақ болса, Нұрсұлтан Әбішұлының құзырындағы лайнер бағасы 300 млн. долларға бағаланған» деп жазды ол.
Жазба авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі ұшақты мемлекет басшысына қашан беретінін жалықпай қадағалағанын және ол күннің бүгін туғанын атап өткен.
«Назарбаев соңғы рет AirBus А330 ұшағымен Санкт-Петербургте өткен ТМД басшыларының саммитіне 2021 жылдың 27 желтоқсанында барған. Содан бері ұшақ қаңтарылып тұрды. Бүгін Тоқаев дәл осы әуе кемесін Анкараға мініп келіпті. Бұл бекер емес» дейді ол.
”Адырна” ұлттық порталы