Путинге тиесілі яхта тұтқындалды

2540
Adyrna.kz Telegram
Фото: pravda.com
Фото: pravda.com

Италия билігі Марина ди Каррара портында тұрған "Шахерезада" суперяхтасын тұтқындады. Бұл кеме ел ішінде Ресей басшысы Владимир Путинге тиесілі деп айтылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Азаттыққа" сілтеме жасап.

Италия билігінің мәліметінше, қаржы полициясының тергеу нәтижесінен кейін кеменің "Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары мен Еуроодақ санкциясына ілінген адамдармен" байланысты екені анықталған. Хабарламада кеменің нақты кімге тиесілі екені айтылмайды.

Тәуелсіз бағалаушылардың пікірінше, шамамен 700 млн доллар тұратын 140-метрлік кемеде бірнеше ай бойы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол келесі жылдың басында аяқталуы тиіс болған. New The York Times басылымының жазуынша, осы аптада яхта кеме жөндейтін орыннан кетіп, теңізге шығуға дайындалған. Алайда Италия билігі оны кемеге қатысты түпкілікті шешім шыққанға дейін порттан жібермеген.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары зерттеулерінде кеме Владимир Путинге тиесілі деген қорытынды жасаған. Италияның La Stampa басылымы кеме "Роснефть" компаниясының бұрынғы басшысы Эдуард Хуйданатовқа тиесілі деп жазған. Британдық Guardian басылымы дереккөзінің айтуынша, суперяхтаның шынайы иесін анықтау мүмкін емес, себебі ол көптеген компаниямен байланысты.

Кейінгі апталарда Еуроодақ аумағындағы порттарда Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы жарияланған санкция аясында бірнеше суперяхта тұтқындалған. Кемелері тұтқындалған ресейлік миллиардерлер арасында Алексей Мордашов, Геннадий Тимченко, Әлішер Османов, Виктор Вексельберг бар.

Сәуір айының соңында АҚШ-та Кремльмен байланысты олигархтардың активтерін кәмпескелеп, одан түскен қаржыны Украинаға гуманитарлық көмекке бағыттауды қарастыратын заң жобасы енгізілген.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер