Назарбаевтың статусы жайлы норманы алып тастау — конституцияны реформалау немесе “Екінші республиканы” құру емес - Шалқар Нұрсейіт

6763
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусым күні өтетін референдум туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, Президент тапсырмасымен заңгерлер, саясаттанушылар мен сарапшылар енген арнайы жұмыс тобы бірігіп конституциялық өзгерістердің жобасын құрды.  Бұл халықтың көкейінде жүргендіктен, бірден қолдауға ие болады. Бұл жөнінде «Адырна» тілшілері» саясаткер Шалқар Нұрсейітпен тілдесіп, пікірін білді.

«Президентке абсолют билік беретін қазіргі конституциядан Н.Назарбаевтың статусы жайлы норманы алып тастау — конституцияны реформалау немесе “Екінші республиканы” құру емес.  Қазақстанға дәл қазір керегі тек “деелбасизация” ғана емес, атқарушы биліктің/президенттің саяси күшін конституция арқылы шектеу қажет.  Алдағы референдумда ұсынылатын өзгерістердің ішінде президенттің құзіреттерін шектейтін, парламентке өз билігін қайтаратын, сот билігін тәуелсіз институт ретінде құруды көздейтін бір де бір пункт жоқ», - деді  саясаткер.

Оның айтуынша, басшы ауысқанымен билікте түк өзгеріс жоқ.

«Біріншіден, Н.Назарбаевтың кезіндегідей Қ.Тоқаевтың кезінде де үкіметті парламент емес, президент құрады. Президент қалаған уақытында премьер-министр мен министрлерді тайғайындап, қызметтен алып тастай алады. Заң шығару процесінде президенттің басымдығы сақталады. Мәжіліс пен Сенат президент әкімшілігі қалаған заң жобасын қабылдайтын палата болып қала береді.

Екіншіден, сот билігі атқарушы билікке/президентке тәуелді биліктің тармағы болып қала бермек. Тіпті жаңадан құрылатын Конституциялық соттың 11 мүшесінің 4-еуін президент тағайындайды (қалғанын президентке тәуелді Мәжіліс пен Сенат 3 мүшеден тағайындайды). Конституциялық соттың төрағасы мен орынбасарын президент тағайындайды.

Үшіншіден, биліктің децентрализациясы болмайды. Президенттің әкімдердің актілерінің күшін жоятын құзіретінен бас тартуы ешнәрсені өзгертпейді. Себебі президент әкімдерді қалаған уақытында тағайындап, қызметтен алып тастай алады. Облыс, қала әкімдерін сайлауды енгізбей, тәуелсіз мәслихаттарды қалыптастырмай биліктің децентрализацияиясы жайлы сөз қозғау мүмкін емес», деп үш пунктқа бөліп түсіндіріп берді Шалқар Нұрсейіт.

Саясаткер сөз соңында дәл қазір эксперттер, активисттер мен журналистер азаматтардың назарын Н.Назарбаевтың статусы жайлы норманы алып тастауға емес, президент институының билігін шектемей жаңа “елбасылардың” пайда болуына кедергі келтіре алмайтынымызға аударуы тиіс екенін айтты.

         «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер