Әділет министрі Қанат Мусин мемлекет басшысы ұсынған жаңа конституциялық түзетулер бойынша кімнің мемлекеттік қызметке сайлана алмайтынын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Парламент отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуы тиіс", - деді. Сондай-ақ, президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор басшылығына сайлануына заң тұрғысынан тыйым салу қажет екенін айтты.
Қоғамда осы конституциялық түзетулерге қатысты талқы болып, журналистер Әділет министрлігіне «Мемлекет басшысының туыстары дипломатиялық корпустағы саяси қызметін жалғастыра ала ма?», деген сұрақ жолдады.
Осы сұрақ бойынша жауап берген Әділет министрі Қанат Мусин - мемлекет басшысы президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік лауазымдарды атқармауы керектігін нақты айтып, бұл норманы Конституцияда бекітуді тапсырғанын мәлімдеді.
«Аталған тыйым конституциялық түзетулер жобасына енгізілді. Түзетулер қабылданып, күшіне енген кезде қандай да бір лауазымды қызметті атқару мүмкіндігі екі факторға байланысты болады. Олар: Туыстық қатынастың заңмен анықталуы және лауазымның Конституцияда белгіленген санаттарға жатқызылуы. Әрине, осы екі шарт толық орындалған кезде тыйым салу жүзеге асады», -деді Қанат Мусин.
Министрдің айтуынша, бұл норма мемлекет басшысының жақын туыстарына ғана қатысты болмақ. Мәселен, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР Кодексіне сәйкес жақын туыстар дегеніміз - ата-ана, балалар, баланы асырап алушылар, асырап алынған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілі мен апа-сіңлілер, ата-әжелер, немерелері.
Мусин сондай-ақ, саяси лауазымдар ҚР президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығымен бекітілген саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдары тізілімінде көрсетілгенін атап өтті. Оларға президентке есеп беретін орталық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік органдардың басшылары, президент әкімшілігі мен премьер-министр кеңсесінің басшылары, облыстардың, қалалардың, аудандардың әкімдері, төтенше және өкілетті елшілер және басқа да бірқатар лауазымдар кіреді.
Квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдар дегеніміз - құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың басшылары, - деп сөзін түйіндеді Мусин.
“Адырна” ұлттық порталы