«Өмірлік бағдар»: Жастар болашағы

2345
Adyrna.kz Telegram

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» – дейді ұлт зиялысы Мұхтар Әуезов. Ел ертеңі жастардың білімді де білікті болуына байланысты. Алматы облысында NEET санатындағы 2491 жас бар. Олардың басым бөлігі әлі күнге өмірден өз орнын таппағандар. Басты себеп – мамандық таңдаудан жаңылысуы. Бір ғана шалыс қадам алдағы тағдырды түбегейлі өзгертері анық. Әр жеткіншек мамандық таңдаудан қателеспеуі тиіс.
Осы негізде Алматы облысының ішкі саясат басқармасымен бірге облыстық білім басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңір жастарына арналған «ӨМІРЛІК БАҒДАР» атты жаңа жобаны іске асыруда.
Аталмыш жобаға «Азаматтық Альянс» пен «Қоғамдық келісім» орталығы, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жұмылдырылуда.

Жобаның негізгі мақсаты – мектеп қабырғасындағы (9-11 сынып) оқушыларға мамандық таңдаудан жаңылмай өмірден өз орнын табуға ықпал ету. Жоба облыстағы 697 мектепті және 4 аудиторияны қамтиды: Бірінші – нысаналы аудитория – 9-11 сынып оқушылары (63 534 оқушы), екінші – олардың ата-аналары (63 534 ата-ана мен қамқоршылар), үшіншісі – мұғалімдері (10 мыңннан астам), төртіншісі – NEET санатындағы жастар (2 491).

Республика бойынша тұңғыш рет қолға алынған жоба бұрынғыдан өзгеше. Мұнда белгілі бір оқу орындарының өкілдері оқушылармен тілдесіп қана қоймай, әр баланың қабілеті жеке сараланып, оқушыға мамандыққа қатысты бағыт-бағдар берілмек. Жобаны жүзеге асыруға 300 қызметкерден құралған 100 ақпараттық-насихаттық топ тартылды.

«Қазіргі таңда жетілу үшін, білім алып дамуға мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктер көп. Өкінішке орай, біздің жастардың ішінде келешегін қандай мамандықпен байланыстратындығы туралы әлі де болса бір тоқтамға келмегендері қаншама. Көп жағдайда баланың мамандық таңдауына ата-анасының пікірі әсер етеді. Қоғамда қалыптасқан бір типтегі ойдан ада болатын уақыт жетті. Мәселе 4 жыл жоғары оқу орнында оқу емес, негізгі түйін өз салаңда үздік болу», – дейді Алматы облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Магданқызы.

Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек жаңа жобаның жас жеткіншектер үшін маңыздылығын атап өтті.

«Біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Олар алдағы таңда облыстың әр аймағына барып, түсіндіру жұмыстарын өткізеді. Бүгінде алғашқы лек 2 күннің ішінде өңір аумағындағы 100 мектептің оқушыларын қамтып үлгерді. Білім басқармасының дерегі бойынша, аймақта 9-11 сынып оқушылары мен олардың ата-анасы немесе қамқоршыларының саны 63 534 адамды құрайды. Сонымен қатар, 10 мыңнан астам мұғалім бар. Жоба шеңберінде осы топтардың барлығы қамтылады. Негізі өмірде мамандығын дұрыс таңдаған адам бақытты. Әркім өз ісімен айналысқанда ғана қоғам дамиды», – дейді Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек.

Жұмыс тобы нысаналы аудиторияға арнайы ақпараттық нұсқаулықтар мен «Алматы облысының жастарына арналған кәсіптік бағдар беру» жинағын әзірлеген. Оқушылардың мамандық таңдаудағы талап-тілегін білу мақсатында арнайы сауалнама да жүргізіледі. Осы арқылы мамандар жастардың қандай кәсіпке икемі барын анықтайтын болады. Бір сөзбен айтқанда барлық ауылдағы әр мектеп жастарының әлеуметтік портреті айқындалады.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Алматы облысы жұмыс пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұратқызының сөзінше, бүгінгі күні ауылшаруашылғы мамандықтарына сұраныс көп.

«Айлық курстарды оқып немесе колледждерде білім алып аяқтан тұрып, өз саласында білгір атануға болады. Біздің басты мақсатымыз – жастарға еңбек нарығында өз орынын табуға көмектесу. Жұмысшы мамандықтарға әрқашан сұраныс бола бермек. Сондықтан икемге қарай кәсіптік бағдарды айқындаған абзал», – деп сөзін қорытындылады Маржан Мұратқызы.

Естеріңізге саламыз, облыстағы барлық мектептерде кәсіби бағдар жұмыстары басталды. Жоба барысында мектеп бітірушілерге арнап өнеркәсіптік туризм саяхаттарын, ірі кәсіпорындардың жұмысымен таныстыру арқылы жастар үйлердің қалай салынатынын, кірпіштің қалай құйылатынын, нанның қалай пісірілетінін, бидайдың қалай өңделетінін, қысқаша айтқанда қайнаған өндрісті өз көздерімен көріп, өмір белесіне нық қадам баспақ.

Пікірлер