Қазақстанда дәстүрлі және қазіргі заманғы құндылықтарды зерттеу орталықтары құрылады

2269
Adyrna.kz Telegram

ҚР Мемлекетік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесінің ХХІ кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Кеңес жұмысына Үкімет мүшелері, ҚР Парламентінің депутаттары, еліміздің жастар ұйымдарының көшбасшылары мен жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысты.

Күн тәртібінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазіргі қазақстандық жастардың құндылық мақсаттары мен жастар арасындағы мәдени-бос уақыт қызметтерін тиімді ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының IV cъезіне жолдаған құттықтау сөзінде жастарды жан-жақты дамуға – спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болуға шақырғанын атап өтті.

Қазір елімізде Үшінші жаңғыру, «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» жүзеге асырылып, Индустрия 4.0 элементтері енгізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз үшін бастысы жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жастарға арналған жобалар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды қолдау мен зерттеу орталықтарын ашу қажет», – деді Мемлекеттік хатшы.

Кеңес отырысы барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев баяндама жасап, ел жастары прогрессивті реформалар мен жаңашылдықтардың негізгі қозғаушы күші болу қажеттігін жеткізді.

«Рухани жаңғыруды табысты жүзеге асыру үшін жастар оның құндылықтарын толығымен бойларына сіңіріп, күнделікті өмірде оған арқа сүйеулері тиіс. Біздің міндетіміз оларды барынша түсіндіруге көмектесу, рухани жаңғырудың мән-мағынасын қарапайым және қолжетімді түрде жеткізу, оларды өздеріне бейімдеу үшін қолдау көрсету болып табылады. Жастар ортасында «рухани жаңғыру» құндылықтарын тарату және оның мағынасын жеткізудің орталығы білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдары болуы тиіс», - деді министр.

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, «Рухани жаңғыру» контексінде дәстүрлі және заманауи құндылықтарды зерттеу және насихаттау орталықтары жастармен қарым-қатынас жасаудың тиімді арнасы болады.

Жастардың мәдени және спорттық нысандарға қолжетімділігін шешу үшін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өткен жылы барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында 2017-2020 жылдарға арналған жастардың бос уақытын өткізу туралы жоспарларын бірлесіп қабылдауға бастама көтерді. Өткен жылы осы жоспарларға сәйкес 379 жаңа көп функционалды нысандар және 7 сауықтыру орталықтары пайдалануға берілді. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында жаңадан құрылған нысандардың саны 178 бірлікке жетті.

Кеңестің күн тәртібі аясында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, журналист-публицист Қанат Әуесбай, кәсіпкер Жанболат Маратов, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев баяндама жасады.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы мемлекеттік органдардың басшыларына «Рухани жаңғыру» контекстінде дәстүрлі және қазіргі заманғы құндылықтарды зерделеу және дамыту орталықтарын құру және оларды дамытуды, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін белсенді пайдалану арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды тапсырды.

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.


Baq.kz

Пікірлер