Адам дене позасы мен рухының байланысы - Ықылас Оразбай

905

“Батылы ұл арымас, батасыз құл жарымас” деген қағиданы ұстанған елміз. Не үшін абыз ақсақалдар құлашын керіп, кеудесін көтеріңкі ұстап тұрып бата береді? Ал бата алушы да бұндайда тұқырып тұрмайды, қайта қолын жайып басын көтеріңкі ұстайды. Сонда ғана батадан күш-қуат, энергия қабылдайды.

Әнұран шырқалған сәтте де солай кеудемізді керіп рухты тұрамыз. Бұның барлығы көз үйренген қалыпты жағдай ретінде қаралады. Бірақ осының астарында қандай да бір заңдылық, қағида жатқан жоқ па?

Бұрын ауылдағы үлкендер ат таңдаған кезде тарпаңдау болса да жүрісті, әрі мініп жүрген кезде басын тік ұстап, ауыздықпен алысып отыратын жылқыны жақсы көруші еді. Басын төмен салып өз-өзінен сүмірейіп тұратын аттарды “қойға жетпес қойторы” атап, тойға мініп барудан арланатын.

Ауылдағы ақсақалдар егер біреу басын төмен салып жүрсе “Балам, басыңа қайғы түсті ме? неге тұқырып жүрсің…” деп сұраушы еді және “Басыңды төмен салып сүмірейме” , “Бүйіріңді таянба”, “Тізеңді құшақтама” деп дене әрекеттерімізді де қадағалап тектеу салатын. Сол кезде “Осының барлығы соқыр сенім ғой, тізені құшақтағанмен не өзгере қояр?” деп те ойлайтынбыз. Кейін келе психология ғылымында адамның денесін қалай ұстауы мен рухын қалай ұстауы өзара байланыста екенін білдік.

Қазіргі күнде адамдардың басын төмен салуы тіпті де көбейіп, бүкіл халық деңгейінде жалпыласып кетті. Бұл арқылы не өзгеруі мүмкін? Басын тік ұстаған кезде мойынға түсетін салмағы 5kg шамасында болса, 60 градусқа иілген кезде 27kg шамасына жетеді. Демек, тұқырып телефон қараған кезіңізде мойныңызға 7 жасар баланы көтергендей салмақ түсті деген сөз. Бұл әрине адам омыртқасына физикалық зардаптарды, ауруларды ала келеді. Бірақ одан да күрделісі ол адамның ішкі жан дүниесіне де әсер етеді.

Адамның дене позалары мен рухани әлемінің қатынасы жөнінде ерекше еңбек еткен ғалымдардың бірі Америка психологі Эми Кадди доктор.

Ол бұл тақырыпта көптеген сынақтар жасаған. Бір жолы бірнеше адамды шақырып біреулерін үлкен экранды телевизор, енді біреулеріне одан кішірек экранды Ipad ұстатып, қалғандарына телефонға қарап отыра тұруды айтып, “сіздер отыра тұрыңыздар, мен 5 минутта ораламын” деп шығып кетеді. Шығып кетеді де бейне бақылау арқылы тестке қатысушылардың жағдайын бақылайды. 5 минут өте бере алдымен телевизор көріп отырғандар жалтақтап тапсырма берушіні іздейді, ақыры келмеген соң бөлмеден шығып кетеді, одан бірнеше минуттан кей ipad ұстап отырғандар да шыға бастайды. Ең соңыда тұқырып телефон көріп отырғандар қалады... Барлық экраннан ұқсас мазмұн шығып тұрған жағдайда барынша басын төмен салып отырған адам соншалық момын, бұйрыққа адал бойсынатынын нәтиже көрсетеді. Міне бұл денені қалай ұстау біздің ішкі энергиямызға тіке әсер ететінінің дәлелі еді.

Эми Кадди мынадай қызықты тәжрибе жасапты. Бір топ адамды екі группаға бөліп төмендегі суреттегі позаларға еліктетіп отырғызған.

Қарасаңыз, жоғарыдағы группадағы адамдарда мығымсыну бар, ал төмендегі группадағы адам позалардына мүлайымсу бар. Эми доктор жоғарыдағы позаларды жоғары энергиялық поза деп атаған.

Екі группаның адамдары осы әрекеттерге еліктеп бірнеше минут отырған соң оларға 2 доллардан сыйлық таратқан. Сосын сыйлық алған адамдарға бір ұтыс ойынын ұсынған. Егер ұтыста жеңсе 2 долларын 4 доллар етіп алады. Ал жеңілсе 2 доллардан да айырылып қалуы мүмкін.

Сонда осы бірнеше минуттық дене формасы шынымен де адамның ішкі жан дүниесіне әсер етіп, олардың мүлдем басқаша талғам жасауы мүмкін бе?

Ғажап, жоғары энергиялы позаны сақтаған адамдардың 33 пайызы ұтысқа келіскен, ал төмен энергиялы позада отырған адамдардың тек ғана 8 пайызы ұтыс ойнауға тәуекел еткен.

Бұл адамның тәуекел ету қуаты, өзін жеңіп шығатындай мығым сезінуі оның ішкі энергиясына байланысты екенін. Ал эгериялық қуаты адамдардың өз денесін қалай ұстауымен тіке қатысты болғанының дәлелі.

Әрқашан да, құлашыңызды керіп жеңімпаздардың әрекетін қайталауға, тұқырып ұзақ отырмауға дағдыланыңыз. Бас көтерем, қиыншылықты жеңем десеңіз ең әуелі басыңызды көтеріңкі ұстаңзы.

Ықылас ОРАЗБАЙ

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket