"Мен ақпын, мен үшін ұялмаңдар!"- деді

5210
Adyrna.kz Telegram
Қамауда жазықсыз жатқан Өркен Ерзаттың әпкесі жүрек тебірентер жазба жариялады
Бұған дейін "Адырна" ұлттық поралы қамаудағы бұл жігіт жайында мақала жариялаған болатын. Мақала тақырыбы: ""Бауырымды әкеткелі ұйқы да, күлкі де қашты менен": ҚазҰУ түлегі жазықсыз қамауға алынды".  Сілтемесі: https://adyrna.kz/post/100495. Төменде Өркеннің әпкесі Ардақ Ерзаттың жазбасы беріліп отыр: 
Осындай жағдайды тек кинодан ғана көріп едім. Мен қоғамдық қорғаушы ретінде бүгін бауырыммен 15 күннен бері алғаш рет кездестім... Кездестім емес, сөйлестім деуге болатын шығар. Себебі, дауыс өткізбейтін айна бөліп тұрды арамызды.
Алғашқы сұрағым: "Ұрды ма, соқты ма, қысым болды ма?"- дедім.
- Ади, уайымдама деп жауап берді. Іштей, аман болғанына сансыз шүкір дедім, жылап сықтамай, түр бермей шыдап жақсы көңіл-күймен сөйлестім.
Ішім өртеніп кетті. "Ата-апам аман ба, жиентайымды кімге қалдырдың ..." - деп бізді уайымдап жатыр.
Мейірімді бауырым менің ❤️.
Мың сұрақ миымда маза берер емес, болашағынан үміт күттіретін кенжетайымыз, жалғыз бауырымның ендігі жағдайы не болмақ?! Ақиқат қашан орын алады, бауырым қашан мына күдіктен арылып ортамызға оралады?!
Бауырым әділеттіліктен әлі де үміті барын айтты. Барлығы жақсы жағынан оң шешіммен болар. Мен шыдаймын әрі барлығы әділ болып менің кінәсіз екенім дәлелденеді деп сенім білдіріп: "МЕН АҚПЫН, МЕН ҮШІН ҰЯЛМАҢДАР"- ДЕДІ.
Әрине, ботам, біз әрқашан өзіңмен мақтанамыз. Бұл күндерде өтер, әділетті сот өкілдеріне сенім білдіреміз.
Мен бауырыма күш беремін бе деп ойлап едім, қайта маған бауырым күш берді...
Құрметті прокуратура қызметкерлері, тергеуші прокурор, айыптаушы, комиссия мүшелері, қоғамның белсенді мүшелері сіздерден өтінерім, бауырым Ерзат Өркенге (28.01.2022ж) істемеген ісі үшін күдікті ретінде қарамай, тезірек оның кінәсіздігін анықтап босатуларыңызды сұраймын.
Уайымдап жатқан барша жақындарына, достарына, таныстарына амандығын жеткізуді айтты.
(Өркеннің әпкесі Ардақтың жазбасы)
Редакциядан: 
Құзіретті органдардан істің ақ-қарасы анықталып, жазықсыз жапа шегіп отырған Өркеннің тезірек бостындыққа шығуын сұраймыз. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, ілімді Өркен сияқты азаматтардан басбұзарлық, тонаушылық, террористік тәрізді зұлымдықтардың шықпасы айтпаса да түсінікті. Болашағынан үміт күттірер жастың тезірек босап шығып, туыстарымен қауышуы ел келешегі үшін де маңызды деп есептейміз. 
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер