Қазаққа «Ж7» керек пе?

2533
Adyrna.kz Telegram

2017 жылдың басынан бастап Қытайда Шынжанда орналасқан этникалық қазақтар Қытай билігі тарапынан әр түрлі себептермен қудағалауға ұшырап келеді. Оның ішінде саяси үйрену, паспорттарын жинастыру, студенттерді Қазақстанға жібермеу, отбасылардың бөлшектенуі секілді жағдаяттар орын алуда.

Осы мәселелерді көтеріп, 2017 жылдың мамыр айынан бастап бір топ оралман қазақтар белсенді жұмыстар жасай бастады. Олар Оразұлы Қыдырәлі, Байтолла Қайрат, Серікжан Біляш (Жарқын жеті) деген азаматтар.

Жалпы бұл азаматтардың көтеріп жүрген мәселелері өте орынды. Қазақтардың басына туған әлеуметтік ауыртпалықтарды шешу. Қазақстанға қазақтарды көшіру, Қытайдағы заңсыздықты тоқтату. Әрине қазақ ұлты өзін өзі қорғап қалу, тарих сахнасында «Мәңгі ел» болу тұрғысында қоғам болып қызмет атқару әр қазақ деген жаны бар азаматтың міндеті. Қазіргі кезде жоғарыда аталған азаматтардың ұйымдастыруымен оралмандардың «ватсапта» неше түрлі топтары құрылып, оралмандардың бірігуі тақырыбында белсенді қызметтер жасалып жатыр. Көптеген азаматтар қолдау білдіріп, құрметке бөлеуде.

Жарқын жеті ағамыздың айтуы бойынша, қалыптасып отырған жағдайда қазақ қоғамы, қазақ Үкіметі, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, шетелдік журналистер, жергілікті БАҚ өкілдері, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары, депутаттар бірігіп, әр түрлі Қытай саясатына қарсы шаралар ұйымдастырулары керек. Сол кезде Қытай билігі өзінің аждаһа жалынын азайтады-мыс.

2017 жылы соңында Оразұлы Қыдырәлі, Жарқын жеті ағамыздың бастамашылығымен Астана қаласында пресс-конференция өткізілгені бәрімізге мәлім. Ол кезде Қазақстанның баспасөз құралдары шақырылып, Қытайда жапа шеккен отбасылардың туыстары мен ағайындары тікелей сөз сөйлеп, ҚР үкіметі мен СІМ көмек сұрады. Жиналған арыздар ҚР СІМ барып тапсырылды. Қазақстан қоғамы мен атқарушы билігі толық құлағдар болды. Бұл сұрақ аяқталған соң, «ватсап» желісі арқылы Қытайдағы НАПОС өшіреміз деген топ құрып, Қытайда тіркеуі бар азаматтардың арызын жинауды бастап кетті. Мен және менің таныстарым Алматы қаласында орналасқан Атажұрт жастар ұйымының кеңсесіне барып, Ермек деген жігітке құжаттарымызды толықтап тапсырып бердік. Жеке өз басым бұл бастамада дұрыс деп есептеймін. Алайда нәтижесі күмәнді. Осы уақытқа дейін еш жауап жоқ.

Сонымен осы науқан басталғанда «Жарқын жетінің» мәселені шешу бойынша тәсіліне қарсы шыққан азаматтар пайда болды. Олар Қытаймен сұрақтарды дипломатиялық жолмен шешу керек деген позицияны ұстанды. Алайда бұл пікірді «Жарқын жеті» қолдамай оралмандар ортасы екіге бөліну басталды. «Бөліп алда, билей бер» саясаты пайда болды. Бұл кімге тиімді, ойланып көрейік?

«Жарқын жеті» туралы неше түрлі аңыз әңгімелер ел арасында тарай бастады. Біреу оны дана, көреген, қоғам қайраткері, қазақ үшін туған азамат, бірнеше тілді меңгерген тарихшы, ұлтшыл нағыз патриот деп жатты. Екінші топ ол арандатушы, ұйғыр мәселесін көтеріп қазақтарды да Қытайдың құрығына іліп беруді көздеп отыр деген ойды айтуда. Сіз не ойлайсыз?

2018 жылы «Abai.kz» сайтына «Жарқын жеті ағартушы ма, әлде араңдатушы ма?» деген мақала жарияланды. Мақалада алты сұрақ көтерілген. Менің білуімше «Жарқын» ағамыз ол сұрақтарға жауап бермеді. Неге? Нағыз қазақ болса, өмір жолы ашық, таза болса неге сұрақтарға жауап беріп, қарсы шыққан топтардың ауызына құм құймайды?

Бір қызығы «Ж7» ел тағдыры үшін арпалысқан азаматтар қай уақытта болсын қудаланады, сол себепті өзінің лақап ат қолдануына тура келгендігін айтуда. Ол кісі «Алаш арыстарын» мысалға ала отырып, үндеу жариялады. Бірақ «Алаш» замаңы мен қазіргі уақыт салыстыруға мүлдем келмейді. Өз елінде, ата-баба жерінде жүріп, жасырынуға не себеп болды екен!?
Мен тырнақ асты кір іздеп отырған жоқпын, Қытайдың маған берген тапсырмасы емес, Қытай бізге қарағанда «Жарқын жеті» туралы көбірек біледі, оған күмәнім жоқ. Себебі ол Қытайдан шыққан азамат.

Екіншіден ел бастайтын ерлердің тарихын, өмір жолын білу артынан ерген азаматтарға пайдалы деп есептеймін.

Үшіншіден «Ж7» соңғы уақытта «Туран дуниясы» қорының басшысы Карлин Махпиров деген ұйғыр азаматпен бірігіп суретке түсуде. Ұйғырлардың ортасына барып, астарына қатысып, Қытайдағы жағдайлар бойынша сөз сөйлеуде. Сонда Сіздің көздеген мақсатыңыз не? Сіз қазақ үшін күресіп жүрсіз бе, әлде мұсылмандар үшін күрес жолындасыз ба

Қытай Қазақстан ұйғырларды қолдап отыр деп айыптамасына кім кепіл, Егер Сіз Ұлттық қауіпсіздік органдары атынан сөз сөйлеп жүрсеңіз?

Алдында бір сөзінізде ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарымен етене жоспарлы түрде жұмыс жасап отырмыз деп айттыңыз. Сонда қалай, Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік органдары сізге тапсырма беріп, Қытайға қарсы жұмыс жаса деп отыр ма? Бұл туралы Қытай білсе Қазақстанға нота жолдайды емес пе, сен неге маған қарсы саясат жүргізіп отырсын деп?

«Жарқын жеті» аға сіз оралман қазақтар толық күмәні болмасын десеңіз өзіңіздің өміріңіз туралы айтып, үндеу жариялаңыз. «Бізге екі жыл тыныштық беріндер дегеніңіздің мағынасы не? Екі жылда не өзгереді?». Оралман үшке бөлінді. Бірі топ-топ болып бөлінгеннен қазаққа келер пайда жоқ.

Қазіргі дамыған замаңда көріп отырғандарыңыздай, әлемде неше түрлі сұмдық оқиғалар орын алуда. Бір мемлекет бір жылда талқаны шығып, өзінің егемендігі мен бостандығынан айырылып, кіріптар елге айналуда. Мысалы Украина, Сирия, Ирак, т.б. Осы мемлекеттердің тарихымен танысып көріңіздер, өте қызық. Халық өз ішінен екіге бөлініп, арты майданға ұласты.

Мысалы Қытайдағы Тибет мәселесі, әлем жұртшылығы тарапынан көп қозғалған тақырып, неше түрлі Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары ат салысып, жүгірді. Сұрақ шешілді ме, жауап іздеп көріндерші? Кім ұтты? Тибет еліне, халқына пайда келді ме? Менің білуімше Халықаралық мемлекеттік емес ұйымдардың бәрі белгілі бір елдердің қаражатымен қаржыландырылады. Сонда ол елдер неге жасырын түрде ұйымдар арқылы әрекет етеді. Қандай пайда?

Ағайын жоғарыдағы сұрақтарды есі дұрыс, саналы азаматтар өздеріне қою керек. Жалған патриот болып, өзімізді алдамайық.

«Әр қазақ менің жалғызым» деген сөзді көп айтамыз, Қытайдан басқа жақтан көшіп келіп қара нан мен су ішіп отырған қазақтар қазақ емес пе? Оларға неге көмек көрсетпейміз? Біз Қытай оралмандары өзімізді бөліп алып қараймыз, бұл дұрыс емес.


 

Алтынбек Ғазизұлы

Abai.kz

Пікірлер