Тәуелсіз елдің тілі

2407
Adyrna.kz Telegram

Ұлтты ұлт ететін не? Бұл сұраққа бас қатырмаған саналы адам жоқ шығар. Оның түрі ма? Олай деп ойламаймын. Себебі сыртқы келбеті ұқсас ұлттар өте көп. Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз ағайын мен бергі бетіндегі қазақтың келбеті өте ұқсас. Демек түр ұлтты анықтаушы фактор емес. Бәлки ұлтты ұлт ететін оның ұлттық ойындары, мәдениеті, дәстүрі болар? Жоқ, көкпарды тартатын түркі баласы көп, оюы бірдей ұлттар да жетерлік. Мәдениет пен ұлттық ойындар басты фактор бола алмайды. Онда ұлтты ұлт ететін дын шығар? Мүмкін емес. Дін ол сенім және бір сенімге негізделген сан мыңдаған ұлттар бар. Миллиардтаған мұсылмандар мен христиандар түрлі ұлттан жасақталған, сондықтан бір сенім аясында, бірақ бір ұлт емес. Ендеше ұлтты үл ететін не? Ол - тіл. Және басқа ештеңе емес. Сондықтан тіл ең маңызды және ұлтты жасақтаушы фактор.

Ежелгі Римде ерекше бір тәжірибе болған. Ол құлдарды бағындыруға қатысты ереже. Онда былай деп жазылған. «Құлдар өз тілінде сөйлемеуі тиіс, өйткені олар сол арқылы көтерілісті жоспарлауы мүмкін» деген қағида арқылы, әр түрлі тілде сөйлейтін түрлі тайпа өкілдерін араластырып ұстайтын болған. Сәйкесінше Рим империясы құл иеленуші империя ретінде тарих сахнасында ең ұзақ өмір сүрді. Олар тілдің біріктіруші және ұлттық намысты оятушы прогресстік күшке ие екенін білді. Бұл дәлелді «Вавилон мұнарасы» жайлы аңызымыз да дәлелдеп тұрғандай. Құдайға бастар биік мұнараның негізін қалаған сан мыңдаған адамды түрлі тілде сөйлеткен Жаратушы оларды тоқтата білгендей, сан түрлі тілге бөлшектеніп, өзара түсінісе алмаған қоғам да ең соңғы нәтижелі финишке жетуі екіталай.

Жә, жарайды. Ұлтты біріктіруші, ұлтты ұлт етуші басты фактор тіл екенін анықтап алғандаймыз. Енді біздің елімізде сол тіл мәселесі қалай болуда? Өзгеріс бар ма? Үміт басым ба, күдік басым ба?

Мемлекеттік тіліміздің дамуын білу үшін, ол тілде қанша азамат сөйлейтінін анықтау маңызды. Ал ол халық санағының нәтижесімен белгілі болады. 1999 жылы тәуелсіздігімізді қалпына келтіргеннен кейін, алғашқы халық санағы өтті. Санақ бойынша елімізде 14.9 млн адамның бары анықталды, оның 7.8 млны қазақ, ал 4.5 млны орыс ұлтының өкілдері болды. Қалғандары өзге ұлт өкілдері. Яғни қазақ тілін білушілер саны 7.8 млннан аспады деген сөз және жеті жарым миллион қазақтың барлығы да қазақ тілін білді деуге келмейді. Себебі кеңестік биліктің тіл саясаты посткеңестік елдердің халқына аян.

2009 жылғы халық санағы елімізде халық санының артқанын көрсетті. Халық саны 16.1 млн болды, оның 10.3 млны қазақ болса, орыс ұлтының өкілдері 3.7 млнды құрады. Қалғаны өзге ұлт өкілдері. Яғни сандық көрсеткіш бойынша да қазақ халқының саны артты, оның ішінде сәйкесінше қоғамдағы қазақ тілді ортаның да саны артты деген сөз.

Қазақ тілінің қоғамда үлесін арттыруға үлкен сеп болған көші-қон бағдарламасы болды. Тәуелсіздігімізді тұғырымызға қондырғаннан кейін, әлем елдерінен тарихтың қатаң тепкісімен тарыдай шашылған қазақты қайта жинап, Атажұртқа көшіру мәселесі қолға алынды. Осы уақытқа дейін Қазақстанға 1.1 млн қандас қоныс аударды. Әрине, олардың 95%-ы тек қазақ тілінде сөйлейді және орыс тілін білмейді. Міне, аталмыш леп Қазақстанға қазақ тілді қоғамның нық орнауына әсер етті. Себебі көші-қонның басты екі мақсаты болды, біріншісі қазақты тарихи отанына жинап, демографияны арттыру болса, екіншісі жетпіс жылдан астам уақыт бойы тапталып жатқан тіл мәселесін шешуге деген қадам болатын.

Тілді үйрету ұзақ процесс. Баланың мектепте қай тілде білім алуы, оның ерееск өміріндегі негізгі бағытын анықтайды. Сондықтан Қазақстандағы мектептерге назар аударсақ. 2021 жылдың мәліметіне сай елімізде 7440 мектеп барын көреміз, оның 75%-ға жуығы қазақ тілді мектептер болса, 25 пайызға жуығы орыс тілді мектептер. Қалған бөлігі өзге ұлттарға тиесілі. Ал мектепте білім алатын оқушылар саны 3.4 млн баланы құрайды. Бұл дегеніміз 2.5 млн бала қазақ тілінде білім алады дегенді білдіріп отыр. Бұл сандық көрсеткіште аз көрінсе де, КСРО кезеңімен салыстырғанда ондаған есе көп. Қазақтың астанасы әсем Алматыда бір ғана қазақ мектебі болып, қазақ тілінің басына қара бұлт үйірілген сәттердің келмеске кеткенінің айқын нышаны. Демографиялық көрсеткіштің де жыл сайын артып, тіпті 1989 жылдан кейін бұзылмаған рекордтың 2021 жылы жаңарып, бэби-бум болғанын, өмірге келген сәбидің 85% қазақ отбасында дүниеге келгенін ескерсек, онда қазақ тілді мектептердің де алдағы уақытта арта түсетінін түсіну қиын емес.

Тіл үлкен трансформацияға ұшырап тұруы тиіс. Өйткені әлем дамуымен бірге, тілдің де өзгеріп отыратыны анық. Оған жаңа терминдер мен ғылыми прогресстің жаңа анықтамалары еніп отырмаса, тіл бәсекелестік қабылетінен айырылады. Әп-сәтте. Себебі «көштен қалмау» сөзі тілге де тікелей қатысы бар. Сондықтан тілімізге жаңа терминдердің енуі тілдің бұзылуына емес, дамуына әсер етпек. Бұл тұрғыдан арнайы тіл институттары жұмыс істеуде.

Тілімізді ғылым тіліне айналдыру үшін жасалып жатқан қадамдар баршылық. Соның ең үлкені қазақ тілінің таңбалануын кириллицадан латын әліпбиіне ауыстыру. Бұл ең алдымен ғылым үшін қажет, себебі әлем латын тіліне негізделген ғылыммен дамуда. Ал екінші қадам, әлемдік классиктердің туындылары кәсіби негізде қазақ тіліне аударылып жатыр. Жүз бестселлер гуманитарлық сала бойынша аударылып, тілімізді тамаша туындылармен бір байытты.

Дегенмен жоғарыдағы көрсеткіштерге қарамастан, тілге қатысты дау мен дамай азаяр емес. Себебі әлі де шешімін табуға тиіс мәселелер көп. Тілімізді дамытуға қатысты түрлі ұсыныстар мен ойлар айтылып жатады. Аға буыннан бастап, жастарға дейін тілдің ертеңіне алаңдаушылық сезіледі. Бұл қуантарлық жайт. Алайда тіл мәселесі қылдан май суырғандай етіп шешілуі тиіс нәзік тақырып. Тілді дамытудың бір жолығ оған деген қажеттілікті арттыру. Қызыл сөз емес, қызу жұмыс шешеді. Сондықтан әлем елдерінің тәжірибелері маңызды. Мысалы Балтық елдерін алып қарайық. Тілге деген құрмет жалпыұлттық идеологияға айналған, дей-тұра бұл модель біздің мемлекетімізге келіңкіремейді. Себебі оның саяси астары бар және қақтығыс тудыру қаупі орасан.

Бізге Ұлыбританияның моделін ұсыну тиімді болар еді. Ол қызметте жоғарылағың келсе, тілді білуге тиіссің. IELTS-ты айтамын. «Жақсы үй, жалақысы жоғары жұмыс, алаңсыз өмірді қаласаң - ағылшын тілін таза білуге тиіссің» деген жасырын ұранды ұстанады. Ағылшындық модельді көршілес Ресей елі де қолдануда. Мәскеу еңбек мигранттарын орыс тілі мен Ресей тарихын білуге міндеттейтін заң қабылдады. «Ресейге барып жұмыс істегің келсе, ондай талапты орында» дейді олар.

Қазақстан да аталмыш жолды таңдай алады. Әсіресе бұл билік тармақтары арқылы мансаптық көтерілу кезінде іске асуы тиіс. Мемлекеттік заңды білумен қатар, мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеру жұмысқа қабылдар алдында басты талап болуы тиіс. Ол Конституцияға да сай. Себебі өзің қызмет ететін халықтың тілін білмеу абсурд. Бұл біреудің құқығын шектеу емес, қоғамды біріктіруші тіл факторының рөлін айқындау. Бұл билікке қатысты.

Ал қоғамда тілді дамытудың басты жолы – мемлекеттік тілде сөйлеуді сәнге айналдыру. Оның тікелей жолы жастарға қызықты жобаларды қазақ тілінде шығару. Мысалы ән саласында Димаштың жолы, қазақ тілінің мәдени дамуына әсер етуде. Мыңдаған жанкүйерлер Димашпен бірлесе шырқау үшін, қазақ тілін үйреніп жатыр. Кино, сериал, түрлі әзіл жобалары да дәл сондай әсер бере алады. Бұл «тілді сәнге айналдыру» деп аталады және қаншалықты сондай жобалар көп болса, соншалықты оны іске асыру да жылдам болмақ.

Асхат Касенғалиев

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер