Сот процесі. Құқықтық саясат. Судьялардың міндеттері қандай?

4003
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Ақтау қаласының №2 сотының судьясы Мұқашев Мұхит Қамзаұлымен болды.   

– Қарапайым халық дәрігер десе – ақ халатты жанды, ал судья десе – мантия киіп алған адамды көз алдарына елестетеді. Сіздердің басқа мемлекеттік қызметкерлерден қандай айырмашылықтарыңыз бар? Міндеттеріңіз не?

- Әр мамандықтың өз ерекшелігі болады. Судьяның бір ерекшелігі – кез келген жерде кез келген даудың нүктесін қою. Мысалы сіз әкімшілікке барсаңыз, олар проблемаңызды толық шешпеуі мүмкін. Олар сізді прокуратураға жібереді, ал олар сотқа бар дейді. Кез келген шешілмеген дау сотқа келеді. Ең басты ерекшелік те осы, біздің даудың нүктесін қоятындығымызда. Мысалы полицияның айтқанына прокуратура бағынбауы мүмкін, әкімнің айтақынына прокурор, прокурорға әкім бағынбауы мүмкін. Ал сот актілеріне барлық орган бағынады, одан бөлек қарапайым халық та бағынады.

Ең алғашқы міндет – халыққа қызмет ету. Халықтың дауларының шешімін тауып, халықтың арасында тепе-теңдіктің болуын қадағалауымыз керек. Халықтың арасында дау, түсінбеушілік болмағаны маңызды. Алғашқы міндетіміз соған бағытталған.

Келесі міндет – әділ шешім шығару. Бұл міндетімізге құқықтық тәртіпті және заңды бұзғандарды тәртіпке шақыру кіреді. Шешім шығару кезінде істі әр қырынан қарап, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жолды қарастырамыз. Алайда заңды бұзғандарды тәртіпке шақыру - басты міндетіміз екенін де естен шығармаймыз.

Олардан бөлек қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды шешу деген міндетіміз бар. Бізді басқа мемлекеттік органдардан ерекшелеп тұрған да осы міндетіміз. Өйткені біз мантия киюімізбен емес, ең бастысы дауларды шешумен ерекшеленеміз.

Келесі міндет – бұзылған құқықтарды қайтару. Кез келген шешімді шығарар алдында қай тараптың дұрыс немесе бұрыс екенін келіп түскен дәлелдерге байланысты зерттейміз. Соның қорытындысы бойынша құқықтар бұзылған жағдайда, оны ретке келтіреміз.

– Сот процесі туралы айтып берсеңіз. Қазіргі таңда Қазақстандағы сот процесі қалай өтеді?

- Бізде де сот процесі фильмдерден көргендеріңіздей форматта өтеді. Сот келген істі ашып, ең бірінші тараптарға құқықтарын түсіндіріп, қандай істің қаралайын деп жатқандығын айтады. Тараптарды бір-бірімен таныстырып, өздерін де таныстырады. Куәлік етуге келген адамдарды да атап өтеді. Одан бөлек судьялар мен прокурорлар да өздерін таныстыруы керек. Кіріспе сөз айтылып, онда қандай істің талданайын деп жатқанын, қандай даудың туындағанын айтады. Екі тараптан даумен келісе ма екендігі сұралады. Қазір сот барысында міндетті түрде дауласқан тараптарды бітімгершілікке шақыру шарасы жүргізіледі. Бұл бұрыннан бар, алайда қазіргі уақытта негізгі міндетімізге айналып отыр. Оларды бір-бірімен соттаспай, татуласуға, бітісуге шақырамыз. Адамдарды татуластыру мүмкін болмаған жағдайда сот процесі әрі қарай жалғасып, біз шешім шығарамыз. Ол шешімге қарсылық келтіруге болады.

– Сот жүйесіндегі ең жоғары мансап қалай аталады? Жалпы төраға болу үшін қарапайым қызметкер қандай баспалдақтармен жүріп өтуі керек?

- Сот жүйесіндегі ең жоғары мансап – сот төрағасы болу. Ал сот төрағасы болу өте қиын. Ол үшін ең алдымен судьялыққа өту керек. Судья болу үшін де іріктеу процесі болады. Қазіргі таңда іріктеу процесі өте жоғары деңгейде өтеді. Кез келген адамның судья болуы екіталай. Ол үшін барлық тесттерден өтіп, жақсы білім алған болу маңызды. Жоғары сот кеңесінің сынақтарынан сүрінбей өткен жағдайда ғана судья болуға болады. Судья одан әрі қарай өзін жақсы көрсетсе, соттың төрағасы бола алады.

Атақты ғалым Салық Иманов «юриспруденцияның нағыз шыңы – судья болу» деп айтып кеткен. Яғни кез келген юрист түптің түбінде судья болсам деп армандайды. Бұл да кез келген солдаттың генарал болсам деп армандағаны секілді.

– Сотта жыл сайын жаңа реформалар еніп, заңдар күннен күнге өзгеріп жатыр? Бұл сіздерге кедергі келтірмей ме?

- Әрине, қолданыстағы заңдардың жаңаланып, түрленіп отыруы бізге кедергі келтірмейді. Керісінше, қордаланып қалған мәселелерді шешуге көмектеседі. Қазіргі кезде Қазақстан да басқа мемлекеттер секілді тұрмыстық жағынан, экономикалық тұрғыда даму үстінде. Егер біз ескі заңдарды қолдана беретін болсақ, ол елдің дамуына кедергісін келтіреді. Ел дамыған жерде, заң да дамып отыруы керек.

Менің ойымша, заңдарға өзгерістердің еніп отырғаны дұрыс. Заман талабына сай заңдардың да өзгеруі орынды. Жаңа заңдардың енуі бізге ешқандай кедергі келтірмейді. Себебі жұмысымыз заңдарға тікелей қатысты болғандықтан, заңдарды күнделікті қарап отырамыз. Өйткені жоғары сот жүйесі техникалық жағынан жақсы дамыған. Жаңарған заңдар бізге күнделікті келеді. Заңдардың қай жеріне қандай өзгеріс енгенін, қай жері толықтырылғанын біліп отырамыз. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Кейде өзіміз де мына заңның мына жеріне өзгеріс енсе деп ұсыныс жібереміз. (Себебі кейбір заңдар адамдардың құқығын қорғауға кедергі келтіріп жатады). Бұл сот жүйесінің дамуына ықпал етеді.

– Сіздердің бір күндік жұмыс күндеріңіз қалай өтеді? Ең жұмысқа толы күніңіз туралы айтып беріңізші.

- Күніміздің 90%-ы жұмысқа арналған. Ең бірінші кезекте келіп түскен істерді оқимыз. Заңдарды да қосымша оқуымыз керек. Сонымен қатар процестерді өткіземіз. Бір процесс кемінде 2-3 сағатқа созылады. Содан кейін сол процестің шешімін жазуымыз керек. Бұлардың арасында әртүрлі жиналыстар болады. Соларға қатысамыз. Жаңарған заңдарды жоғары сот жасап қойған системадан қарап, зерттеп отырамыз.

Істерді қарап, оның шешімін шығару көп уақытымызды алады. Өйткені белгілі бір істі қарауда шекті мерзім бар (2 ай). Сол уақытқа үлгеру үшін уақытымыздың көп бөлігін осындай сот процестеріне арнаймыз.

– Еліміздің құқықтық саясатына қандай баға берер едіңіз? Тәуелсіздік алғаннан бері қарай құқық саласы қаншалықты дамыды?

- Қазақстандағы құқықтық саясат қалыптасып, дамып жатыр дей аламын. Оның алғашқы себебі – бізде заман талабына сай заңдар қабылданып, бұрынғы заңдарға өзгеріс енгізіліп жатыр. Заңдар сан емес, сапа жағынан озық болып тұр.

Мысалы коронавирус пандемиясы сот процесіне кедергі келтірмей қоймады. Алайда техникалық жағынан дамыған құқық саласы бұл проблеманы лезде шешті. Қазіргі таңда сот процестері онлайн режимде әртүрлі қосымшаларда өтіп жатыр. Адам шетелге кетіп қалған жағдайда да олармен байланысу бізге қиындық тудырып жатқан жоқ.

Адам құқықтарын бірінші кезекке қойғандықтан, пандемия, онлайн формат бізге пайдасын ғана тигізді. Бұдан еліміздің құқықтық саясатының дамығанын көре аламыз. Себебі құқық саласының кез келген ситуациядан шыға алғанына қарап, жақсы дамып жатқанын байқауға болады.

Мысалы бұрын адамдарды табу оңай болмады. Оларды іздеу біраз уақытымызды алатын. Ал қазіргі дамыған техника осы мәселемізді жеңілдетті. Бұрын кейбір істер кешіктірілген болса, қазір бәрі уақытында, тіпті, уақытынан бұрын шешіліп жатыр. Сонымен қатар кейбір оңай істерді мемлекеттік органдардың өзіне, нотариустерге бердік. Кейбір істерді бұйрық шығару арқылы өндіруге болатын қылып жасадық. Бұл бізге уақыт жағынан тиімді болды.

– Халықты құқықтық сауаттылық жағынан бұрынғы кезбен салыстырмалы түрде алға жылжыды дей аламыз ба?

- Әрине, қазір халық құқықтық сауаттылық жағынан дамыған. Мысалы қазіргі кезде адамдар сотқа юрист, заңгерсіз қатысып жатыр. Себебі олар конституциядағы заңдарды, өздерінің құқықтарын біледі.

Бұрын заңгер табу қиын еді. Қала бойынша 15-20 заңгер болған болса, қазір бұл оңай шаруа. Бүгінде олардың арнайы палаталары құрылды. Арнайы адвокаттық палаталар бар. Заңгерлердің бір емес, бірнеше палаталары бар. Қазір заңгерлердің саны 100-200-дей болған шығар. Заңгер табу өте оңай болып қалды. Тіпті, қажет болса, құқықтық көмек тегін көрсетіліп те жатыр (медиаторлар көмегі бар).

Сол себепті халықтың құқықтық сауаттылығы жақсы дамыған деп айта аламын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақмарал БЕРЕКЕТ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер