Тасқа қашалған мұра

8012
Adyrna.kz Telegram

Ежелгі түркілер дәуірінде тасқа қашалған тарихтың құнды мұрасы – балбалтастар.

Ұлы бабаларымыз түркілер мәдениті мен өнері, тарихы мен өмірі, діни-нанымдық ғұрып туралы деректердің бүгінгі күнге жетуіне де әсер еткен – балбалтастар. Бабалар тарихи құжаттарды нақты таңбаланған етіп бастырып, тастарға қашаған. Мұндай тарихи ескерткіштер Қазақстанның қай жерінде болса да бар, бірақ Орталық Қазақстанда олар өте жие және жүйелі түрде кездеседі. Бұл тас мүсіндер Торғай өзені мен Ұлытау төңірегінен бастап бүкіл Сарыарқа жонымен күншығысқа қарай созылып Тарбағатай тауларына тіреледі.

Қазақстандағы балбалтас тарихы туралы алғашқы зерттеуді Әлкей Марғұлан кейінгі жылдары Айман Досымбаева жүргізген. Академик-ғалымның «Ежелгі мәдениет куәгерлері» еңбегінде балбалтастар ежелгі түркілердің діни ғұрыптық кешені екенін жазған. [1].

Тас мүсіндер сол жерді мекен еткен халықтың тарихы мен мәдениеті екенін дәлелдеген. Орталық Қазақстандағы балбалдардың топографиялық орналасуында бірталай өзгешелік бар. Олар көбінесе қола дәуірінің ескерткіштері сақталған жерлермен қабаттасып отырады. Қай жерде қола дәуірінің тас шарбағы кездессе, соның қасынан түрік қағанаты кезінде (VI-VIIIғғ.) орнатылған тас шарбақ пен тас мүсіндер тұрады. Бұл, әрине, Түрік қағанаты кезінде жасалған тас шарбақ пен тас мүсіндердің қалыптасып өркендеуіне қола дәуірінің тастан жасалған ескерткіштері зор әсер еткенін көрсетеді.

Әсіресе Батыс Түрік қағанаты шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолына бақылау жасайтын, сауда-саттық, дипломатиялық қатынасы дамыған күшті мемлекет болды. Қағанаттың негізгі діңгегіне айналған ірілі-ұсақты қалалар пайда болып, өркендеді. Қолөнер, егіншілік дамып, сәулет өнерінің белгілері өркен жайды. Көшпенділер арасында бабалар әруағына сыйыну дамыды. Ежелгі көне түркілер өз ата-бабаларына сыйынып, олардың әруағын еске алу үшін осы тас мүсіндерді қойып, оларды қоршауды дәстүрге айналдырды. Осы тас қоршаулар туралы Әлкей Марғұлан: «Тас шарбақтар тарихи адамдардың жерленген қабірі емес, тек оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптыратын жерлерге қойылған белгілер», – дегенді айтады. Түркі дәуіріндегі тас қашаушылар қолынан шыққан адам мүсініне зер салсаңыз ежелгі заманның алыбын, батырды, атақты билерді, абыздарды, жыршылар мен малшылардың бейнесін көз алдыңызға елестетесіз. Тас мүсіндер туралы ғалымдар арасында  түрлі пікірлер де кездеседі. [2].

Ұлытаудың тас мүсіндері екі дәуірдің ескерткіштері. Ол екі дәуірден, түрік қағанаты мен қыпшақ заманынан ертерек ғұн заманында, үйсін-қаңлы кезеңінде жасалған тас мүсіндер де кездеседі, бірақ олар өте сирек.

Осындай тас шарбағы бар ескерткіштер ертеректе Ұлытау, Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде жалпы саны 300-450-ден астам бағаналардан тұратын балбалдар тізбектері де кездескен. Бұндай аса үлкен тізбектер өлген адамның қадір-қасиетінің, беделінің тым зор болғанын білдіреді, көбіне балбалдар тізбегі мұнан әлдеқайда аз болады. [3].

«Осы өңірлердің Балбал тастардың ерекшелігі, олардың бәрінің қолына ыдыс ұстатылған күйде кездесетіндер де бар. Низамидің айтып кеткеніне қарағанда, көшпелі түріктер мұсылмандықты қабылдағанға дейін қолына ыдысы бар балбал тасқа құдай секілді құлшылық еткен».

Алтайлықтар қорымдағы марқұмның бейнесі деп таныған. Алтайдың бұл «еркектердің» қолындағы ыдыс, осы аймақтағы қабір ішінен табылған ыдыстардың сыңары десе болады. Бұл ұқсастықты зерттеуші, ғалым Л. Р. Қызлақов та аңғарған. Оның айтуынша бұл мүсіндер марқұмның асқақ бейнесі болып табылады.

Ғалымның пайымдауынша Шумер түркі параллелі, шумердің ыдыс ұстаған өзінің балбал тастары болған деген ойға жетелейді. Бірақ бұл обалар Вавилонның жазба деректеріне қарағанда, өзінің құдай ретіндегі қалпын сақтап қалған. Вавилонша бұл – Иштор, құдайға табыну. Тамуз күнінен бастау алған. От анасы, Аңызға қарағанда Иштор жерге түсіп, Тамузды тірілтеді. Ыдысты ішіне жапсыра құшақтаған Иоштордың мүсіні сақталған.

Шумерлерде күн нұрға толы ыдысқа айналып, қиялды асқақтатады. Қолдағы, яки бастағы нұрға толы ыдыс – тіршілік бейнесі. Ал сынған ыдыс – өткен күндер. Патшаның жасына орай қабірге сонша қыш, яғни ағаш ыдыс салынған. Сынбайтын темір ыдыс болса тіршілік идеясы болып табылады. [4].

Орталық Қазақстандағы тас мүсіндер кашан да болсын таулы бұйраттардың шығысқа қарай көсіліп жатқан жазық алаңында немесе өзен аңғарларының тау жақ етегінде кездеседі. Мұндай алаңдар ежелгі мал өсіруші тайпалардың қызықтап әуестенген жерлері болған. Халықтың ұлы мерекесі, өлген адамына ас беру, ат шаптыру, балуан күрестіру қашан да сондай жазық алаңда өткізілетін болған. Сондықтан, ондай жерлер халық аңызынан белгілі орын алып, ел есінде сақталатын, тарихи ескерткіштер – шарбақ тас, мүсін тастар тұрғызылып отырған. Халық аузында сақталған тарихи аңыздар бойынша, ас беру тойына әрбір тайпалардың елшілері қатынасып, өлген қадірлі адамның басына ескерткішті бірлесе отырып орнатқан, демек әр тайпаның өкілі салт бойынша бір-бір тастан қоятын. Демек, балбал тізбегінде қанша бағана тас болса, ол ескерткіш орнатуға қанша ру, қанша тайпа қатынасқанын көрсетеді. Олардың көпшілігі құрмет көрсету үшін келсе, кейбіреулері бағыну белгісін білдіруге келген. Тас бағаналар тізбегінде мықты ұлыстардың балбалдары қашанда құрметті орында тұрады, демек, тарихи адамның портреті мүсініне жақын тұрады. [5] .

Тас шарбақтар мен мүсіндердің Орталық Қазақстанда тобымен кездесетін ну жері, Ұлытау мен Арғанаты тауының алаңдары болып табылады. Жергілікті қарияларының айтуына қарағанда бұл маңда “тас батырлар” өте көп болған. Сол қарттардың сілтеуімен, Әлкей Марғұлан Ұлытау төңірегінде оның ішінде Жанғабыл өзенінің бойынан, Тоғызбай көлі жағасынан, Өрезайыр деген жерден тас мүсіндердің бірнеше тізбегін қағаз бетіне түсіріп үлгерген. Сол сияқты, Жеті-қыз өзенінің бойындағы (Ұлытаудың солтүстік етегі), Қорғантастағы (Едіге тауының етегі), Жылысай алаңындағы (Ұлытаудың оңтүстік-батыс етегі), Қаракеңгір өзенінің басындағы қосүйтас, Арғанаты, Мық тауындағы, Қараторғай, Терісаққан өзендерінің бойымен құнды тас мүсіндерді саралап шыққан. [6].

Ежелгі түркілердің кісіні жерлеу рәсімі туралы кезінде көптеген пікірлер айтылған. Тас мүсіндер қорғанның шығысында да, батысында да және ортасында да орнатылған. Бұл даладан жартастарға салынған рулық таңбаларды да кездестіруге болады. Аңғарсаңыз көптеген балбал тастарда кескінделген адам бір қолына ыдыс ұстап тұрғанын көресіз. Бұл нені аңғартады? Ыдыс-Жер мен Судың, Аспан мен Жердің бірлігінің белігісі. Яғни, бұл тәңірге табынушылықты, сонымен бірге ата-бабалар әруағына табыну, өздерінің салт-дәстүрлеріне адалдығын көрсетеді. Айман Досымбаева осылай ой деп қорытады. Мүсіндердің қолдарынан басқа да заттардың суреттерін көресіз. Оны дүниеден өткен кісінің кәсібі мен даналығын, көсемдігі мен батырлығын, қандай іспен айналысқандығын айғақтауға ұмтылғаны деп ой түюге болады. Тас мүсіндер әртүрлі. Бірі – заманының батырын кескіндесе, енді біреулері мейірімді аналарды бейнелейді. Тіпті, саятшы мен шаманның да бейнесін кескіндеген. [7].

Қорыта айтқанда, кезінде түрліше жағдайларға байланысты Орталық Қазақстанда өмір сүрген ата-бабаларымыздан қалған көптеген құнды ескерткіштер бізге келіп жетпеді. Оған соғыс, өрт, табиғат апаты, пенделік көзқарас, кейде тіпті әдейі жасалған қастандық себеп болды. . .

Қазір таңбалы тастар қирап, бұзылып, тозып барады. Бір өкініштісі қазір туған жер тарихын білмейтін, оған қызықпайтындар көбейіп бара жатқан сияқты. Тарихымызды білу жарқын болашағымызға сара жол салу екенін ұмытпаған жөн. Қандай ескерткіш болмасын ол заманына бейімделген. Ата-бабаларымыз өнерлерін таста қалдырып, келер ұрпаққа өздері туралы жәдігер қалдыруы тегін емес.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Досымбаева А.М. История тюркских народов. Традиционное мировоззрение тюрков. Алматы: «Service Press». 2013. – С. 250 с.
  2. Маргулан А. X. Третий сезон археологических работ в Центральном Казахстане / / Изв. АН КазССР. Серия археол. Вып. 3., 1951. – С. 30
  3. Маргулан А.X. Сочинения 3 и 4 т. Петроглифы Сарыарки. Гравюры с изображением волчьего тотема. Каменные изваяния Улытау. Алматы, 2003. – С. 246
  4.  Я.А. Шер Каменные изваяния семиречья  академия наук СССР Ленинградское отделение института археологии (издательство «наука») — Москва – Ленинград., 1966 – С. 137
  5. Ермоленко Л. Н. Средневековые каменные изваяния казахстанских степей. — Новосибирск., 2004. –  С. 129
  6. Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. Алма-Ата: Наука КазССР, 1979. — 360 с
  7. Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VIII века АН КазССР., Алма-Ата : [Наука]., 1971. – С. 380

Сабыржын Азат,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының қызметкері

Пікірлер