Бакуде өткен түркітілдес елдер экономика министрлерінің VI отырысында Түркия экономика министрі Нихат Зейбекчи: «Түркітілдес мемлекеттер арасындағы әріптестікті нығайту үшін міндетті түрде экономикалық одақ құрып, еркін сауда кеңістігін кеңейту және кеден салықтарын кеміту керек» деген бастама көтерді.
Түрік министрінің көтерген мәселесі өте оңды. Рас, бұған дейін де түркітілдес мемлекеттердің одағын құру жөнінде бірнеше рет мәселе қозғалған. Бірінші рет түрік президенті Тұрғыт Озал, одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Алайда кейбір саяси мәселелер бөгет болды ма, одақ құрыла қойған жоқ. Бірақ мәдени-рухани ынтымақтастық орнап, қазір жұмыс істеп тұр.
Түркілердің бүгінгі саны – 200 миллионға тарта. Оларды діл, тіл, тарих, әдебиет, рухани және материалдық мәдениет, тұрмыс салты мен әдет-ғұрыптар, салт-сана ортақтығы біріктіріп отырғаны анық. Әрине, мәдени байланыс өз алдына. Экономикалық одақтың орны бөлек. Одан үркетін ештеңе жоқ. Өйткені экономикалық одақ белгілі бір елге қарсы құрылып жатқан әскери-саяси одақ емес. «Түрік кеңесіне кіретін елдерде тұратын адамдардың саны – 115 миллионның ар жақ-бер жағында. Сондай-ақ бұл елдердің Ұлттық кірісінің жиынтығы – 1,2 триллион көлемінде. Өкінішке қарай, солай бола тұрса да, түркітілдес елдердің сыртқы сауда айналымының жиынтығы небәрі 600 миллиард доллардың көлемінде қалуда. Өз ішімізде ол 2 пайыз болып отыр. Алдағы мақсат, оны 5-10 пайызға дейін көтеру. Ол үшін міндетті түрде экономикалық одақ қажет» дейді Нихат Зейбекчи. Бастама жақсы. Бірақ оны іске асыру оңай емес. Себебі көп. Мамандар не дейді? Тыңдап көрелік.
Ахмет АЛЯЗ, Қазақ-түрік кәсіпкерлер одағының бас хатшысы:
– Әрине, экономикалық интеграция аса қажет. Бұл түркітілдес елдердің қарым-қатынасын, ынтымағын арттыра түседі. Дегенмен экономикалық одақ құрыла қоюы екіталай. Оның себептері жеткілікті. Мәселен, Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Соған сай, сол одақтың алдында алған жауапкершілігі бар. Одан бас тарта қоюы неғайбіл. Сондықтан екіжақты экономикалық байланыстарды арттыра берген дұрыс. Тағы бір мәселе, түркітектес елдердің экономикалық көрсеткіштері әртүрлі. Аймақтық ерекшеліктері тағы бар. Бұл да белгілі бір деңгейде бөгет. Әрине, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан – көмірсутегі отындарымен қатар өзге де табиғи байлыққа аса бай елдер. Бірақ оны сыртқа шығару үшін теңіз жолдары керек. Осы орайда төрт теңіздің ортасында жатқан Түркияны пайдалануларына болады. Бұл елдер Түркия арқылы өнімдерін Еуропаға, одан әрі Америка құрлығына шығаруға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ бір елде жоқ өнімді өз ішінде екінші елге саудалап-ақ сауда-саттық көрігін қыздыруға болады. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе – үшінші бір елдердің түркітілдес мемлекеттердің одақ құруына қарсылығы. Олар түркітілдес елдер одақтасып кететін болса, үлкен күшке айналады деп қорқасоқтайды. Сондықтан бөгет болуға тырысары анық. Осының бәрін таразыға тарта отырып, түркітілдес елдер одақ құруға талпынбай-ақ, екі жақты сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынасты күшейте бергені жөн.
Оразалы СӘБДЕН, Қазақстан ғалымдар одағының президенті, академик:
– Идея өте дұрыс. Қазіргідей әлемдік дағдарыс тұсында, мемлекеттерді тығырықтан алып шығатын мұндай экономикалық интеграциялық жобалар қажет. Сондықтан Түркия экономика министрінің бастамасын қолдауға болады. Мынадай жаһандану заманында түбі бір түркінің бірге болуы шарт. Кезінде атышулы түрік қағанаттарын құрдық. Қазір де сол мәселеге айналып соғып, түркітілдес елдер жұмылған жұдырықтай болып жатса – ұтқанымыз. Саясат өз алдына. Басты мәселе – рухани байланыспен қатар, экономикалық қарым-қатынасты реттеу. Экономикасы мығым елдердің, одақтардың ғана шоқтығы биік болмақ. Мәселен, менің түркітілдес елдердің басын біріктіретін Ұлы Жібек жолы бойында жүзеге асырылуы тиіс «Түркістанның экономикалық белдеуі» деген жобам бар. Соны басты нысан ретінде ала отырып, аталмыш мәселені ақырын-ақырын жүзеге асыруға болар еді. Қысқасы, түркі жұрты сөзден гөрі нақты істермен айналысқаны жөн. Бұдан қай-қайсысымыздың да ұтарымыз мол болмақ. Экономика – дамудың тегершігі. Оны сауатты түрде пайдалана алсақ, түркі халқы әлемде іргелі күшке айналары хақ. Демек, экономикалық одақты қолдау аса қажет.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
"Айқын" газеті