Жер жәннаты Жетісу тамылжыған жаз кезінде ғана емес қыста да табиғатымен көз тартады. Сөзімізге әлеуметтік желіге жүктеліп жатқан 1000 асқан әдемі көріністегі суреттер мен пікірлер дәлел. Көктемнің келуіне тұп—тұра 1 ай қалды. Ендеше сіздерде келесі нысандарға барып қыстың қызығын қызықтап үлгеріп қалыңыз.
1. Мұзтау. Қыс мезгілі бастала салысымен жұрт біткеннің осында ағылады. Ол жер астынан арнайы шығарылған құбыр арқылы атқылап тұрған су арқылы пайда болатын шағын Мұзтау. Зеңгір көкке атқылаған судың ұзындығы 14м жетеді.Көпшілік ұшар басы шағын шыңдай мұзтауға балаларын апарып, демалдырып қайтады. Мұнда күндіз де, түнде де келушілер көп.
2. Қапшағай су қоймасы туристер үшін жазда таптырмас орын болатын. Ал, биылғы қыста ерекше көрініспен көпті таңқалдырды. Су жағасына түскен үлкен мұз кесектері тамаша табиғатты айшықтай түседі. Тиісінше бұл жаққа арнайы барып суреттерін желіге жүктегендер өте көп. Айрықша мұз қырқалар талай адамның қызығушылығын оятады.
3. Көрікті Көлсайды білмейтіндер кемде-кем шығар. Алайда, барлығы қыстағы оның көрінісіне куә болған жоқ. Көлде пайда болған көк мұз, айналаны қалың қар басып қалғандағы қалың орман сұлулығы, жұмсақ таза ауасы бәрі-бәрінің әсері тым әсерлі. Мұнда табиғат анадан бойыңызға қуат жинап қайтасыз.
4.Талайды тамсандырған Түрген шатқалының да қысқы сұлулығы ерекше. Нулы орманы, мамыққа оранған айналасы, биік—биік шоқылары көрген көзді сүйсіндіреді. Шатқал аумағында 7 сарқырама орналасқан. Адамдардың көп баратыны “Аюлы” және “Тескенсу”. Алғашқы сарқырама биіктігі 30 метр. Тап осы жерде “сұлулық көзі” атты мұзды бұлақ орналасқан.
5. Шежірелі шегесіз тұрғызылған ағаш мешіт. Жаркент мешіті қаланың қақ ортасында орналасқан ерекше ғимарат. Оның салынғанына 130 жылдан астам уақыт өтті. Сәні мен сәулеті келіскен мешіт бүгінде 19-ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мұражайға айналған. Тарихи көне ғимараттың басты ерекшелігі – қытай үлгісінде салынуында. Жалпы биіктігі 14,5 м, мұнара биіктігі 19 метр. Алланың екінші үйі саналған мешітке арнайы келіп көрушілер көп. Тілек тілеп, ниет қылып дұға етіп жатады. Өз кезегінде бұл жер танып мекені ғана емес тағзым орнына айналған.
6. Қора шатқалы — қазіргі таңда Жетісу Алатауындаға ең танымал шатқал болып саналады. Ол еңдік бағытта жайылып, 70 шақырымға созылып жатыр. Қора шатқалы бірқалыпты тереңдікте орналасқан. Төменгі ағыста оның тереңдігі 700-800 метрге жетеді. Асқар шыңмен астасқан сұлулықты қыста осы жерден таба аласыз.
7. Сарқандағы ШЫМБҰЛАҚ. Тау шаңғы базасы Сарқан ауданының Черкас ауылында орналасқан. Кешендегі шаңғы жолағының ұзындығы 735 метр. Сондай—ақ, мұнда мұз айдындағы сырғанақты ұнататындар үшін арнайы орында қарастырылған. Ал, ересектер мен балалар тюбинг, сноубордпен биіктіктен сырғанауға мүмкіндік бар.
Туристер берілетін қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтардың барлығы Швейцариядан әкелінген. Жалпы, 2019-2020 жылдар аралығында қысқы маусымда туристер саны 186,8 мың адамға жетті. Ал, жыл басынан 196 000 нан аса адам Жетісудың табиғатын тамашалап қайтқан. Бұл ретте ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі-2779,8 млн теңгені көрсетеді. Аймақта туризмді түлету бастамасында Алматы тау кластерінің жол карталары әзірленген болатын. Бүгінгі күні тау кластерінің аумағында 25 аспалы жол және 40 км-ден астам шаңғы трассалары жұмыс істейді. Аталған бағыттағы шараларды әлі де жалғастырамыз,-деді облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.