Зейнолла Тілеужанов. Аспанға көшкен ауыл

4114
Adyrna.kz Telegram

Зейнолла Тілеужанов (1942 ж.), ақын.

Зейнолла Тілеужанов Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Ақсуат ауданына қарасты «Қызыл қайың» ұжымшарында 1942 жылы 29 қарашада дүниеге келген. 1968 ж. ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. «Жетісу» облыстық газетінде, кинематография комитетінде, «Жаңа фильм-Новый фильм», «Еңбек таңы» журналдарында және Мәдениет Министрлігі жанындағы халық шығармашылығы үйінде қызмет атқарған.

 

АСПАНҒА КӨШКЕН АУЫЛ
Жаз шықса ауыл жағалай,
Жайлайтын «Қарабұлақты».
Аялсыз артқа қарамай,
Арада қанша жыл ақты!
Көбісі-ақ есте қалмапты,
Шій күркем ғана шошайған.
Қуалап күзгі қаңбақты,
Аяққа кірген ошаған.
Анам жоқ...
Егін басында.
Жылағам,
Талай құлағам!
Қарайтын көздің жасына,
Ауылда жоқ-ты бір адам!
Шій күрке,
Қостар қараша,
Қалқайып қырда тұратын.
Қылқиып таңмен таласа,
Жетімдер өріп шығатын.
Қазанның қара дауылы,
Ашуға бір күн басқанда...
Қас қағым сәтте ауылды,
Ұшырып кетті аспанға!...
Дауылды түнде шырылдап,
Ұйқыдан шошып ояндым.

Жүрегі құрғыр суылдап,
Көжегіндей боп қоянның!
Қара түн –
Қара аждаһа...
Ашады арбап аранын...
Жығылып, тұрып, далбаса,
Беталды маңып барамын...
Қараңғы сай ма,
Жыра ма?
Кім білсін не бар алдымда?!
Əйтеуір,
Шөп пе, қурай ма?..
Жармастым Жердің жалына!
Қайда, – деп, – анам? – шошындым...
Ондайда қалмас ес тіпті,
Жел алып кеткен қосының,
Соңынан қуып кетіпті!..
...Шаңда бір солдат оралды,
Көп күткен жеңіс келген-ді!
Қоңыр қос түлеп оңалды,
Ұшпайтын болды желге енді!
Өтті де солай ауыр күн,
Елесі қалды өткеннің...
Əкеме айттым ауылдың
Аспанға көшіп кеткенін!..
ҚАМШЫ
Алақанын ақ күміске қақтаған,
Ақ киіктің сыйрағына саптаған.
Бұл қамшыны –
Тайдың жалын тартқанда,
Сыйлап еді ауылда бір қарт маған!
Ол кезде мен-
Құлынындай даланың,
Құйынымен жарысатын баламын.
«Жабыларды жабыққанда ұрсаң да,
Шын жүйрікті ұрма дейтін, қарағым!»
Аспанымнан қиқу салып,
Қаз шұбап,
өтті көктем,
өтті жайсаң жаз шуақ,
Қыз жүйрігі –
Талай тойда жеткізбей,
Талай қудым...
Шабанымды қамшылап.
Бұл қамшыға...
Ер ашуын өрген бе?
Менің бабам мейман ертіп келгенде,
Шәй бермейтін шәйпау қатын жым болған,
Сегіз өрме –
Бұзаутісті көргенде!
Көк жайлауда,
Көкпар тартып керілген,
Қазанаттың сан құрғаттым –
Терін мен!
Көк бұлттар тебіскенде төбемде,
Жай отынан –
Менің қамшым өрілген!
Көк шынжырын –
Дал-дал қылып шыдамның,
Ашуымның арыстаны шығар күн...
Дәл сол күні!
Ызасы өткен иттерді,
Осы қамшым үзілгенше ұрармын!..
Жер бетінен –
Іздеп жүріп ҰРАРМЫН!!!
БАЛАЛЫҚ
Жігіттік дариды деп,
Бойға мына,
Ол күнде қара бала ойлады ма?
Көк өзенге қармақ сап,
Торғай қудық,
Тойған соң, қара сыйыр айранына!
Балалық күлге аунамай жүрмейтұғын,
Түр емес...
Онда мына – түр дейтінің!
Əжейдің өредегі торы құртын,
Бала едік торып жүріп,
Бір жейтұғын...
Тұрғанда жұлдыз жусап...
Тамаша түн!
Баланың ерттеп мініп ағаш атын,
Ауылдың тентектері ай астында,
Асыр сап,
Ақсүйекке таласатын!
Қыс өтіп,
Келді көктем...
Арқалап сыз!
Сезінтіп махаббатты жан тағатсыз...
Басқа бала қасына ауысқанда,
Қасымдағы кішкентай парталас қыз!
Сол бір күн...
Есіңде ме, құрдас, сенің,
Кеудеме
Толқын кірді шулап менің...
Анам болса,
Тарылтып жамап жатты,
Əкемнің көнетоздау сұр кастюмін!
АНА ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
(Аңыздың ізімен)
Қазақтың:
Жорығы мен асы жайлы,
Дау жайлы, жесір жайлы –
Басы байлы...
Кеу-кеулеп қариялар әңгіме айтса,
Қонышқа қағып қойып насыбайды!
Емізіп жалғыз сыйыр – татар ағын,
Ұмытып зілсіз шеше шапалағын,
Біздің шаң бетіміздей шайылмаған,
Сырларын тыңдағанда Сахараның...
Сол мезет қиялымда...
Қара түнді,
Қақ жарып,
Қаһарлы жау шабатын-ды!
Ақ сүтін көкке сауып,
Ана азынап,
Бесікте сәби жетім қалатын-ды!
Не түрлі от ауызды шешендерді,
Сенделткен –
Бір дау бопты осы елдерде...
Екі Ана – бір балаға даулы бопты,
Ешкім шықпай сол дауды «шешем!» деуге...
Ақ үйге өктем кіріп –
Жан ықтаған:
Жыртық жең қойшы бала –
Жарық табан,
Ортаға жүгініпті билік сұрап,
Таңдантып!
Тарыландарды шалып қалған...
«Тойынып қазанымның қаспағына,
Жарлының есірді-ау деп, баспағы да!»
Кәрі бай төрден күліп қарқылдады,
Іргеге шырт түкіріп тастады да.
«Кеней дер – қолға жақса,
Сақаны да!
Ұл тумас – жақсы атаның атағына!
Үш жүз жасап,
Құзғын да құнсыз өтер,
Кәрі деп қонбайды ақыл сақалдыға!»
Дегенде:
«Жөн айтты!», –деп,
Бала, тіпті»,
Сасан би жұртты аузына қаратыпты.
Ұзамай жар шақыртып шар тарапқа,
Төбеге би шығатын –
Бала шықты.
Екі ана –
Екі жақта аласұрды!..
Билік күтіп,
Қақ жарған қара қылды.
Боқаң би құндағымен қолына алды,
Жөргегінде талпынтып талас ұлды.
«Қайтеді ей! – Мына бала, жармес пе еді?»
Қалт етпей қол көтерді наркескенді!..
Ұрандап сан кеудеде күдік шапты...
Қақ бөліп...
Тастар кезде нәрестені!
Сыңсыды сай саланың бұлақтары...
Көл өксіп, көк құрағы құлап қалды!
Қар бұлт –
Қабағында от тұтанып,
Бір сәтке жасын төгіп,
Жылап та алды...
Жалт еткен ажал сұсы көзін қарып,
Қолымен бетін басты –
Тобыр халық!
Семсердің өзегінен қан дірдектеп,
Қара жер...
Жұтып жатты обырланып!
«Бас кетіп,
Тар кеудеден –
Қан атылды!..»,
Деген ой тек бір сәтте таратылды!
Қан ұйып...
Тілімденген саусағына,
Серт ұстап!..
Семсер жүзін –Ана тұрды!!!
Шешіліп,
Дау түйіні аса қатты,
Сол қойшы:
«Балаби» – деп атақ апты!
Төбеде күліп тұрып,
Айтқан дейді...
Семсермен –
Жекпе-жек қып махаббатты:
«Халайық! Риза бол төреме сен!
Тумаған Ана жайы –
Бөлек екен!..
Өзекті жарып шыққан баласы үшін,
Өзектегі сол жүрек өледі екен!»
(Боқаң – Сары руының биі – Боқбасар.)
ДОСЫМ-АЙ!
МЕН АУЫЛДАН КЕШЕ КЕЛДІМ...
Досым-ай!
Мен ауылдан кеше келдім.
Ақ шәшін –
Сүйіп қамқор шешелердің!
Ауылда қариялар аз қапты ғой!..
Жау шапқан сақалындай көселердің...
Естуші ем...
Сөз сомдаған зерігерден:
«Жат жерде қысады деп,
Көрі де ердің!»
Бұл күнде мынау жаным –
Қырық тесік...
Оқ тиген сауытындай серілердің!
Албырт боп байқамаппын...
Жасты да анық,
Үлкен боп, осы жолы бас турадық.
Бір құлақ, әттең маған бұйырмады!
Кеткен соң,
Қара бала қақшып алып...
Басқаның босағасы тар,
Саған жат!
Бел шешіп жата алмайсың,
Шаршағанда ат...
Не жетсін... өзің туған лашыққа,
Иті де асылатын арсалаңдап!
ҚАҢҒЫБАС ҰЛДЫҢ ОРАЛУЫ
(Рембрандтың суретінің алдында туған ой)
Табанын тауға басып,
Тасқа басып...
Жер таппай алақандай...
Аспаны ашық.
Адасқан ұл оралды өз үйінің,
Есігін қайыршыдай жасқана ашып...
Тағдырдың тәлкек болған құйынына,
Жандардың...
Бәрі осындай бұйығы ма?
Адасқан ұл оралды шоқпыт сүйреп,
Арқалап –
Сорлы басын иығына.
Қалтырап кәрі әке су қараңғы,
Көре алмай –
Туған ұлын мұңданады...
Көрмеудің өзі де бір –
Бақыт шығар...
Бақыт болса –
Жаман ұл тумағаны...
Не сыр бар...
Адасқан ұл жүрегінде?
Жатпай ма кипаристі гүл елінде?
Құдайдан ұл тілеген –
Қайран әке...
Құдайдан қаңғыбас ұл тіледі ме?!
Білемін!..
Қарт тарих күресінен,
Талайдың тауы тозып,
Түгесілген!
Теңіздей терең ұлды –
Ана тербеп,
Италия шынжырлы...
Құл өсірген!
Жанымның жұлдызынан...
Жас тамады!
Тағдыры –
Қайғы берсе,
Жасқа мәңгі...
Туған жерден ит болып ,
Бір кеткен соң...
Жақсы ғой...
Иті болып қайтпағаны!
Пікірлер