Қазақ әйелдері неге билікке наразы?

2819
Adyrna.kz Telegram

Кеше Нұр-сұлтан қаласында қырықшақты әйел Президент Қасымжомарт Тоқаевтың алдарына шығуын талап етіп, өздеріне үн қатсын деп наразылықтарын білдірді.   Жалпы, 2019 жылдан бері  Ана мен бала және билік арасындағы байланыс ереуілге шығумен, талап етумен байланысып келеді. Бізде билік пен аналардың арасын жалғап тұрған  алтын  көпір болып үлгірген 21 мың теңге жәрдемақы еді. Бірақ оның да  соңы сиыр құйымшықтанып барады.

Біздің елде көп балалы аналар 21 мың теңгені місе тұтып жүрсе, Ресей Президенті Владимир Путин кешегі   "Ана капиталын" бірінші баладан бастап береміз» деп орыс қоғамының көңілін жайландырып қойды. Көрші елдің көңіл күйін көкке бірақ көтерген бұл шешімнің  жаңғырығы біздің елдің  де тынышын» ала бастады.

Рас, бізде соңғы екі жылда республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін шығындар 34 пайыздан,  45 пайызға өсті. Алдағы үш жылда аталған көрсеткіш 49 пайызға  артады. Бірақ неге біздегі аналардың көңілі толмай  толмайды?!

Төрткүл дүниедегі біраз мемлекеттерде ана мен балаға жағдай жасауды арттырудың әртүрлі жолдарын қарастырып келді. АҚШ, Сауд Арабиясы, Малайзия, Ресей экономикалық жолмен шешпек, яғни қаржылай көмектесуді қолға алса, Түркияда жасанды түсік жасауға тыйым салып, құқықтық жағынан түбірімен тосқауыл қойып жүр.

Қоғам қайраткері Ғани Қасымов бізбен әңгімесінде халық санының орташа табиғи жылдық өсімі 484 мың адам екенін тілге тиек етті.

«Біздің елде бала туғаны үшін бір реттік жәрдемақы 60-90 мың теңгенің арасында. Екінші бала туғаны үшін берілетіні 5-6 мың теңгеге ғана артық. Босанған анаға денсаулығын қайта қалпына келтіруі үшін профилилактикалық ем-шара алуы керек. Ал мемлекет тарапынан берілетін ай сайынғы жәрдемақы баланың жаялығына жетпейді. Одан басқа алатын заттар жеткілікті. Демографиялық саясатты түбегейлі өзгерту керек. Үкіметке бұл мәселені шындап қаперге алмаса болмайды. Бірақ олар ықылас танытпайды. Себебі үкімет мүшелерінің басым көпшілігі жас. Бүл мәселені түбірінен түсінбейді. Бала үстінде қайтыс болып кететін аналар көбейіп кетті. Берілген жәрдемақы баланыың жөргекпұлы мен тамағынан артылып, сапалы білім алуына жетуі керек. Нағыз ана капиалы дегеніміз осы»,-дейді Ғани Қасымов.

Саясаттанушы-әлеуметтанушы Әзімбай Ғали демографиялық секторға Үкіметтің интервенциясы керек дейді. Бұл міндетті ЕАЭО-тағы бізден өзге елдер қолға алып үлгеріпті.

Мысалы, Арменияда – бірінші балаға 5000 драм (1000 АҚШ доллары), екінші, үшінші және төртінші балаға 1 млн драм (2000 АҚШ доллары), ал бесінші балаға 1,5 млн драм (3100 АҚШ долларын) береді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы айтқандай, біздің елде көпбалалы деген ұғым өзгеріп кетті.

«Қазір 10 баласы бар отбасылар ауылға да арман болып қалды. Қазір жеті немесе сегізініші баланы, ауыл әйелдеріне төбесінен алтын құйсаң ғана тудыра алуың мүмкін.   Сондықтан «баланы шектеу тәрізді қазаққа жат саясат ауылға да жетті» деген саясаттанушылардың пікірін амалыңның жоқтығынан қостайсың.

Демографиялық ахуал төмендеп кеткен жылдары дүниеге келген балалар отбасын құратын жасқа енді келді. Егер саясатымыз айқын болса, біздің өсетін кезіміз, 1990 жылдардың басында қатарымызға қосылған 4 млн қазақтың өсім беретін кезі енді келді. Бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болып қалуы әбден мүмкін. Мамандар өсетін «немесе кері кетуге, қартайған ұлт болуға бет алған жол айрыққа енді келдік, шегінерге орын жоқ. Қазақтың табиғаты аста-төк емес, сәл ғана жылымықта да көбеюге бейім» деп отыр.

«Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда тәрізді демографиялық дүмпудің көзі болып табылатын кейбір өңірлерге «демографиялық өсім беретін ерекше аймақ» деген ерекше мәртебе беру қажет! Мысалы, ауылдық аймақтарда 6 – 8 баласы бар отбасыларға жүріп-тұруына ыңғайлы микро-автобустар, демалыс үйлері мен балалар лагерьлеріне тегін немесе бағасы жеңілдетілген жолдама. Облыс, аудан әкімдіктері жанынан демографиялық қор ашып, Ұлттық қордан арнайы ақша бөліп тұруға мемлекеттің мүмкіндігі жетер еді, – дейді Расул Жұмалы.

Рауан ІЛИЯСОВ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер