Еуропа талабын қою үшін халық та Еуропадағыдай өмір сүруі қажет

7891
Adyrna.kz Telegram

фото Жаңагүл Жүрсін. "Азаттық"

1. «Шетелдік нөмірлі көліктер пәленше апат жасады, пәленбай адам қаза тапты» деген баланы алдағандай әңгіме ғой. Әңгімені содан бастайды. Көпшілік «мә, иә, барлық апатқа солар кінәлі, елден шығарып жіберу керек» деп айтсын, пікір қалыптаса берсін деген тәсіл. Қате аяқ астынан, нөмірдегі тудан емес.

2. «200 мың көлік». Тек «армяндар» мен «қырғыздар» екен. Бұл дерекке күмәнмен қараймын, базада жоқ болса қалай есептейді. Ресейлік нөмірліні санап тауыса алмайтын шығар. Оралда бағдаршамда 10 көлік тұрса, бесеуі RUS. Автобазарда саттыққа шығарылған жалпы көліктің 70 пайызы «орыстар»...

3. «Шетелдік нөмірлі көліктер жол ережесін бұзғыш». Бұл да ең бірінші айтылғандай тәсіл. Шетелдік көлікті тек есерсоқтар арнайы ала ма өзі, не боп кетті? Қайта шетелдік көлікпен мұқият жүруге тырысады, өз атында болмағасын проблемасы күрделі. Иә, ережені өрескел бұзатындар болады. Неге? Олар жауапкершіліктен "толық босатылғасын" араларынан еркінситіндер табылады. Ал сол көліктерді ешбір базаға тіркемей еркін жүруіне жағдай жасап қойған кім?

4. «Шетелдік нөмірлі көліктер айыппұл төлемейді екен». Төлегенде қандай! Сақтандыру бойынша кімнің атында, айыппұл да соған. Кейбір көліктердің иесін таба алмайтыны рас шығар. Ал неге табылмайды? Мемлекеттің қыруар ақшасы кеткен цифрландыру бағдарламамыз, "Сергек", ақылды қиылыстар, қаптаған камералар қайда? Қоғамдық ортада темекі тартқаны камераға түсіп қалып та айыппұл келіп, сотқа шақырмай ма әдетте? Көлік иесі қалай да табылатын қылып тіркейтін жүйе жасасын.

5. «Шетелдік көлікті алатындар салықтан жалтаратындар». Енді ойлап қараңыз, жылына бір рет төленетін 10 мың теңге салық үшін 1-3 миллион теңгеге тағдыры күмәнді көлік әкеліп, мың есе шығынға қалуға бел байлайсыз ба?

6. Көлік тіркеуге қойылатын «Еуро-4» талабы. Осындай нәрселерді енгізгенде кішкене халықтың тұрмысына, табысына, мініп жүрген көлігіне сараптама жасау керек қой. Еуропа талабын қою үшін халық та Еуропадағыдай өмір сүруі қажет. Жағдайы жетіп тұрса бәрі шірік арбаны емес, «Еуро-4» талабына сай су жаңа Тойота не Мерседесті салоннан алмай ма?

7. Тіркеу үшін көліктің жасы 7-ден аспауы тиіс (шығарылған еліне байланысты). ISOFIX балалар орындығын бекіту жүйесі, шұғыл қызмет шақыру «ЭВАК» батырмасы болмаса қазақстандық нөмір ала алмайсың. Алайда салондағы су жаңа ресейлік ВАЗ-да да жаңағы SOS батырмасы сияқты жүйелер жоқ. Бірақ неге елге кіргізіп, тіркеуге неге рұқсат береді? Ал армениялық және қырғызстандық нөмірмен елге кірген көліктер БИПЕК-тегі не АзияАвто құраған көліктерден қай жері кем? Олар Жапония, Германия, АҚШ сияқты автоөндірісі ең мықты елдерде шығарылғандар, Армения мен Қырғызстанда құрастырылып жатыр деп ойлап қалмаңыздар.

8. «Еуро-4» талабы экология үшін, ескі көліктер қоршаған ортаға зиян». Егер халық жөні түзу жаңалау көлік алмаса, бәрі 20-30 жылғы ескі-құсқымен жүрсе экологияға зиян келмей ме?

9. Тіркеу үшін төлейтін салық та ақылға сыйымсыз қымбат. Миллион теңгелеген не деген салықтар? Миллион теңгенің көлігіне миллион жарым салық төлеу деген ескі феодалдық замандағы кедейге «екі сиырың болса, бір сиырын салыққа төлеуге міндеттісің» дегендей тұрпайы ғо, құрсын.

10. Утилизациялық алым мемлекеттік бюджетке түсе ме? Әлде жеке меншікке ме?.. Оның бағасын кім қояды? Не нәрсе негізге алынады?

11. «Шетелден кірген көлікке қазақстандық жалған құжат, нөмір жасатады». Иә, мүмкін. Қулар, айлакерлер атам заманнан бар, бола да береді. Заңды рұқсатын берсе, ондай қылмыстардың алдын алады. Әйтпесе, ондай қитұрқы жолды іздейтіндер бәрібір шығады. Жолын табады, себебі жемқорлық бар.

Шетелдік көлік иелері алаңдарға жинала бастады. Ақтаудағы мен Атыраудағының видеосын көрдім, Оралда да Салтанат сарайы мен автобазарға жиналды. Митингтер «Біз көлігімізді тіркеуге қарсымыз» деп өтіп жатқан жоқ. Кейбір адамдар солай қате түсініп жатыр. Керісінше, жиындар тіркеуге рұқсат беруді сұрап, кірген көліктерді шекарадан шығарамыз деген күрт өзгеріске қарсылық. Көліктің бәрін кіргізіп жіберіп, жұртты тығырыққа тіреу ақылды шешім емес. Бәрі қазақстандық нөмірмен жүргісі келеді. Егер тіркеуге рұқсат беріп, кейін тіркемей жүргендерді қатаң жазалап жатса, әңгіме бөлек. Тіркеуге жағдай жасалмай, мәселені ушықтырып, қиындық қолдан жасалып отыр.

Қорытынды. Тап осы мәселеге қатысты шешім шығаратындар Ресейдің қас-қабағына қарай бермей, автонарықтағы жекелеген топтардың мүддесі үшін жұмыс жасамай, халыққа тиімді заңды қабылдап, батыл шешім жасайды деп үміттенемін. «Окошка» жасасын да, «елге кіріп кеткен көліктерді» тіркеуге рұқсат берсін. Тіпті қылмыскерге де амнистия жасайды ғой оның қасында. Тіркеудегі еуро-талапты жеңілдетсін, елдің бәрі ондай көлік алатын жағдайда емес. Ал нағыз тыйым керек болып бара жатса, іштегінің мәселесін шешіп алып, сырттан кіретінді тайға таңба басқандай қылып заңмен нақтылап тыйсын. «Медиация, медиация» деп қақылдап жүрміз ғой, билік пен шопыр халық медиациялық ымыраға келсін. Сонда құда да тыныш, құдағи да разы))

Нұрлыбек Рахманов

Пікірлер