Қуаныш Жұмабек: Қожалар қазаққа жатады

11124
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқының тарихи-мəдени құрылымындағы рушылдық – әр қазақ үшін өзінің тегін, жеті атасын және түп тамырын тану жолында таптырмас тәрбие құралы. Қазақтар қашанда өзара танысу барысында бір-бірінен ру сұрасуды жөн санаған. Қожаларға елімізде қалыптасқан бұл сұраққа жауап беру қиынға соғатынын білеміз. Өйткені, қожалардың шығу тарихы осы уақытқа дейін арнайы зерттелмегендіктен, халықтың пікірі әралуан. Кейбіреулері қожаларды арабтардың ұрпақтары десе, енді біреулері олар өзіміздің қазақтар болу керек деп жорамалдайды. Сонымен, қожалар кімдер? Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ.

632 жылы ислам дінінің негізін қалаған Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін Араб халифатының басшысы болып Әбу-Бәкір тағайындалды. Ол «Халиф» (орынбасары) деген атақ алды. Ол кезеңде көптеген араб тайпалары Мәдинаның билігін және ислам дінін мойындағысы келмеді. Бұл мемлекет алдымен арабтардың өздерін бағындырып, мұсылмандықты бүкіл Араб түбегіне жайды. Шонжарлар мемлекетті нығайту мақсатында «дін үшін соғыс» жиһад ұранымен жаңа жерлерді жаулап алу жолына түсті. Арабтар 70 жыл шамасында үздіксіз жүргізген жорықтарының нәтижесінде Сирия, Иран, Ирак, Мысыр, Солтүстік Африкадағы Ливия, Палестина және Грузияға ие болды. Орта Азияға Әмауи династиясының қолбасшысы Құтайба ибн Муслим бастап келіп, 705 жылы Әмудария мен Сырдария өзендерінің аралығындағы Мәуараннахр жеріне тау суындай күшті екпінмен кірді. Түркі тайпалары өзара қырқыстардан әбден әлсіреп тұрған болатын. Арабтар аз уақыттың ішінде Бұхара, Самарқан, Шаш және Ферғананы алды. Түркі жазирасында Түргеш қағанаты Мәуараннахрға билік жүргізуде арабтармен таласып, үнемі қарсылық көрсетті. Алайда, VIII ғасырдың орта шенінде Орталық Азия күрделі геосаяси ахуалды бастан кешірді. Батыстан Әмауи халифаты, Шығыстан Тан империясы ұдайы шабуыл жасады. 750 жылы ұзаққа созылған тақ таласы аяқталып, Әмауи әулетінің орнына Аббас әулеті билікке келді. Осы тұста Шығыс Түрік қағанатының құлауын пайдаланған Тан патшалығының әскері Талас өңіріне жақындап, Халифат иелігіне қауіп төндірді. 751 жылы Таразға жақын жердегі Атлах қаласында араб және қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған үлкен шайқас өтті. Тан патшалығынан теперіш көріп келе жатқан түргештер мен қарлұқтар Аббас халифаты әскерінің көмегіне сүйену үшін арабтар жағына шықты. Шайқаста қытай әскері толық талқандалды. Аббас әулетінің бұл жеңісі Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өте қатты өзгерістерге ұшыратуға себеп болды.

Араб үстемдігі Халифат құрамына кірген Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жекелеген аймақтарында ғана орнағандықтан, дін алдымен осы өңірлерге ерекше қарқынмен енді. Ислам діні уағыздаушыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алды. Олар көшпенді халыққа күштемей-ақ ислам дінін үйрету жағын қарастырды. Қазақстанның басқа жерлеріне арабтар сауда керуендерімен бірге мұсылман миссионерлерді жіберіп отырды. Ауылдарды аралап, құран уағыздары мен заңдарын насихаттады. Қалаларда ірі мешіттер мен арабша сауат ашатын медреселер салды. Түркі жазуының орнына араб жазуы келді. Дегенмен де, арабтардан соғыс даласында жеңіліс тапқан қазақ сахарасындағы түркі тайпалары, рухани тұрғыдан исламға жаппай мойынсұна қоймады. Өйткені, исламға дейінгі дәуірде қалыптасқан бірқұдайлық қағидаларына негізделген түркілердің тәңірлік сенімі және сырттан келген әлемдік діндердің ықпалынан Орталық Азияның көптеген қалалық аумақтарында зороастризм, манехейлік, буддизм және т.б. діндер салтанат құрып тұрды. Осылайша, жаңа дін халықтың бойына тереңдеп сіңе алмай, ескі наным-сеніммен астарласып, қатарласып жүрді.

Халифат дүниежүзілік сауданы жандандырды. Орталық Азия мен Қазақстан жерінен түрлі шикізат пен дайын өнімдер сол уақыттағы керуен жолдары арқылы Халифаттың барлық аймақтарына тасымалданып отырды. Арабтардың қол астына өткен барлық елдер араб қоғамындағы экономикалық және әлеуметтік дамуды тездетті.

776 жылы Орта Азияда арабтардың үстемдігіне, феодализмге, саяси, әлеуметтік және рухани теңсіздікке қарсы бағытталған ең күшті халық көтерілісі басталды. «Мұқанна» деп аталған бұл көтерілістің негізгі қозғаушы күші шаруалар болды. Олардың басты орталықтары Кеш, Самарқан, Наршах қалалары мен Санам таулы бекінісі еді. Оны Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың түркі тайпалары да қолдады. Бұған қоса, VIII ғасырдың ортасынан бастап ішкі талас-тартыстардың әсерінен Араб Халифатында бірлік болмады. Арабтар Қазақстанның оңтүстік өңірінде тұрақтап қала алмай, Шашқа шегінді. Соның нәтижесінде 755 жылы Жетісуда түргештерді жеңген қарлұқтар өз жағдайын одан әрі нығайта түсті. 766 жылдан бастап қарлұқтар түргештердің екі қағанының ордалары болған Тараз және Суябпен қоса бүкіл Жетісу мен Қазақстанның оңтүстік өңіріне саяси өктемдігін жүргізді. Тығырыққа тірелген халиф Абу Жағфар күшейе түскен Мұқанна көтерілісін басу үшін Әзірбайжаннан көмек сұрады. 4 айға созылған шайқастан соң арабтар Наршах қаласына басып кірді. 777 жылы қосымша әскери күш жіберілді. Арабтар 2 жылдан кейін Самарқанды бағындырды. Қарсыласуға қауқары қалмаған көтерілісшілер 783 жылы арабтарға амалсыздан берілді. Бірақ, халық көтерілістері IX ғасырдың бас кезінде де тоқтаған жоқ. 806-810 жылдары Соғдыда Рафи ибн Лейс бастаған арабтарға қарсы көтеріліс болды. Бұл көтерілісті басудағы көмегі мен ерлігі үшін Араб халифатының қол астындағы Самани мемлекетінде билік еткен парсы әулетіндегі Саманның балалары мен немерелері Мәуараннахрдың кейбір жерлерін басқаруға алды. IX ғасырдың екінші жартысында бірнеше тәуелсіз мемлекетке ыдырап жатқан Араб халифатының саяси жағдайы күрт нашарлап, Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстандағы билігі әлсіреп кетті. Мәуараннахр халықтарының арабтарға қарсы толассыз күресі, толық дербестікке ұмтылған Самани әулетінің осы аймақты бағындыруына қолайлы жағдай туғызды. 875 жылы  Саманидтер тәуелсіз мемлекетке айналды. 7 ғасырда араб шапқыншылығынан кейін исламданған парсылардың Саманидтер династиясы дәуірінде ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланып, өзге діндерді ығыстырып, өз беделін жоғарылата түсті. Олар Ханафи мазһабын (көзқарас, жол) ұстанды. Бұл мазһабтың негізін қалаушы – парсы ұлтынан шыққан Әбу Ханифа. Сонымен қатар, Саманидтер мемлекетінде парсы тілі ресми тіл болып танылды. Мешіттер мен медреселер ашылып, халық құранды арабша оқи отырып, шариғат негіздерін парсы тілінде үйренді. Мерв, Балх секілді Хорасанның ірі әкімшілік, экономикалық және мәдени орталықтарынан парсы тілі Мәуараннахрға таралып, бұл тілдің ықпалы мен беделі артты. Бұхарадағы Әбу Абдаллах Жапар Рудаки бастаған сарай ақындарының тобы парсы поэзиясын дамытты. Мәуараннахрдың Самарқан, Бұхара сынды қалаларының тұрғындары парсыша сөйледі. Бүкіл Мәуараннахрда бұл тіл араб тілі сияқты ғылым тілі ретінде орнықты. Осылардың нәтижесінде парсы тілі Мәуараннахрда ислам дінін таратудың басты құралдарының біріне айналды.

Құдай, пайғамбар, намаз, ораза, періште, күнә, және т.б. парсы сөздері тілімізге дін арқылы кірді. Сондай-ақ, мешіт қызметкерлері мен медресе оқытушыларының және ислам дінін насихаттаушылардың діни лауазымдарына байланысты парсы тілінен енген сөздер төмендегідей:

 

* Ишан (сауат ашу, ғибадат айту қызметтерін атқарған діндар адам)

* ахун (халықтың діни сауатын ашумен айналысқан дін оқымыстысы)

* пір (діни қауымдастықтың басшысы, жетекшісі. Қолдаушы, қорғаушы және сүйеніш)

* қожа (халық арасында мұсылман дінін таратқан адам. Әлеуметтік топ, үш жүзге кірмейтін ру) және т.б.

 

Кез-келген сөздің бір тілден екінші тілге ауысқан кезде мағынасы не кеңейеді, не қолданыс аясы тарылады. Жоғарыда берілген сөздердің де түпнұсқадағы мағынасы мен қазақ тіліндегі мағынасы арасында айырмашылықтары бар. Мысалы, пір дегеніміз парсыша «қария», «ақсақал» дегенді білдіреді. Ал, қазақшада бұл сөздің мағынасы кеңейіп, діни қауымдастықтың басшыларына, жетекшілеріне байланысты қолданылатын ұғым болған. Сонымен қатар, діни түсінікте пір қолдаушы, қорғаушы және сүйеніш болып есептелген. Сол сияқты қожа сөзінің парсышадағы мағынасы – мырза, ие және қожайын. Саманидтер дәуірінде «қожа» атауы мешіт қызметкерлері мен медресе оқытушыларының және ислам дінін насихаттаушылардың діни лауазымы ретінде қалыптасты.

Қожалар туралы алғашқы деректер VIII-XII ғасырлардағы Орталық Азия, Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Түркістан өңіріндегі тарихи оқиғалар мен рухани үрдістер, аққорғандық, хорасандық, қарахандық, дуана және т.б. қожалардың шығу тегі, сопылықтың пайда болуы, Қожа Ахмет Ясауи тариқатының таралу аймақтары және Қарахан билігі жайлы мәліметтер беретін парсыша аталған «Насаб-нама» (шығу тегінің жазылуы) атты  тарихи шығармада кездеседі. «Насаб-нама» қолжазбаларынан дінтаратушылардың өздерін Имамдар, Сайидтер, Қожалар деп түрліше атағанын байқаймыз.  «Насаб-нама» нұсқаларының қай ғасырда жазылғаны белгісіз. Тек аққорғандықтардың шежіресінде ғана «Насаб-нама» алғаш араб тілінде жазылып, оны 1244 жылы Қожа Ахмет Ясауидың ағасы Садыр шайхтың немересі Маулана Сафи әд-дин Орұң-қойлақи түркі тіліне тәржімалағаны айтылған.

Исламда «сахих хадис» деген ұғым бар. Пайғамбардың сөзiн немесе iстеген амалын еш нұқсансыз, дұрыстығына күмән келтірмей жеткізген жағдайда, осылай аталған. Ал, хадис жеткізушінің сенімділігі үшін оған мұсылман не болмаса тақуа болу сияқты шарт қойылған. Дінтаратушы қожалар да өз сөздерінің адамдарға әсер ету күшінің басымдылығына ие болу үшін ұстаздарының сенуге лайықты және ірі тұлға болғанын қалаған. Ұстаздарын құрайыш тайпасының хашим руынан шыққан Мұхаммед пайғамбардың әулетінен бастау алады деп есептеген. Жоғарыда көрсетілгендей, қожа сөзі парсышада мырза, ие және қожайын деген мағынаны білдіреді. Яғни, ұрпақ деген мағынасы жоқ. Мұхаммед пайғамбардан және оның төрт халифасынан тараған ұрпақтар деу, асыра сілтеушіліктен пайда болған.

Саманидтер арабтардың басқыншылық саясатын жалғастырды. Олар ең алдымен қарлұқтарды ислам дініне кіргізуді ойластырды. 893 жылы Исмаил-ибн-Ахмет Самани қарлұқтар билігіндегі Таразға жорық жасады. Қарлұқ қағанаты жеңіліске ұшырап, Оғұлшақ қаған өз ордасын Тараздан Қашқарға көшірді. Саманидтер шабуылын жалғастыра берді. Шығыс Түркістанда Ұйғыр қағанатының күшеюіне байланысты, Қашқар жеріндегі қарлұқ, яғма, жікіл секілді түркі тайпалары Оңтүстік Қазақстан аймағына жылжыды. Қарлұқ қағанатында ішкі қырқыс, талас-тартыстар ушығып тұрған болатын. Осы сәтті пайдаланған Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге Күл Қадыр ханның немересі Сатұқ бастаған қарлұқтар және Шығыс Tүркістандағы жікіл, яғма және т.б. түркі тайпалары 940 жылы Қарлұқ мемлекетінің астанасы – Баласағұнды жаулап алды. Қарлұқ мемлекеті өмір сүруін тоқтатты. Сатұқ Боғрахан «Қарахан мемлекеті» деп аталатын жаңа түркі империясын құрып, 942 жылы өзін жоғары қаған деп жариялады. Шу аңғарында Қарахандар әулетінің үстемдігі орнады. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті. Ол 960 жылы ислам дініне Қарахан мемлекетінің мемлекеттік діні деген мәртебе берді. Қарахандықтар исламның сүниттік ханафи (парсы Әбу Ханифа мектебі) бағытын ұстанды. 999 жылы қарахандықтар Орта Азиядағы Саманидтер билігін толығымен жойды. Қарахандықтар иеліктері батысында Әмудария мен Сырдария аралығындағы Мәуараннахрды, Жетісу жерін және Шығыс Түркістанды қамтыды.

Қараханидтер дәуірінде араб-парсы тілдерінің ғылым тілі екеніне қарамастан, араб әрпіне негізделген түркі тіліндегі шығармалар дүниеге келді. Бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Карахан әулеті мемлекеті түркілерінің тілінде жазылған Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік», Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Қожа Ахмет Ясауидың «Диуани Хикмет» сияқты туындылар түркі тілінің дамуына үлкен үлес қосты.

Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі әкесі Шаих Ибрахим болды. Одан әрі білім мен тәрбиені оған ханафи мазһабының белгілі ғалымы Баха ад-Дин және барлық сопылардың атасы Арыстан баб берді. Кейін Бұхара қаласында парсы Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде оқыды. Оны тәмамдаған соң туған жеріне оралып, сопылық (суфийлік) дәстүрді жалғастырды. Мұсылман дінін тарату қызметіне байланысты ол да қожа атанды. Қожа Ахмет Ясауи Ясы (Түркістан) қаласында ілім үйретіп, шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Шәкірттері күн сайын көбейіп, келе-келе даңқы бүкіл Түркістан мен Мәуаранахрға таралды. Ясауи исламды көшпелі оғыз-қыпшақтардың арасында жүргізді. Оның 90 мыңдай шәкірті болған. Олар ұстазының ілімін Орта Азияға таратып әкетті.

Билік үшін өзара текетірестерге ұрынған Қарахандық билеушілер мемлекетті 1041 жылы Шығыс Қарахан және Батыс Қарахан мемлекеттеріне бөліп тынды. Қарақытайлардың Жетісу мен Мәуараннахрға баса-көктеп кіруі Шығыс Қарахан қағандығының саяси құлдырауының бастамасы болды. Ал, 1212 жылы екі қағандық та мемлекет ретінде біржолата жойылды.

Ат тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс хан әскері 1218-1221 жылдары Қазақстан мен Орта Азияны толық жаулап алды. XIII ғасырда моңғол шапқыншылықтары салдарынан исламның таралуы біраз уақытқа дейін бәсеңдеді. 1258 жылы Хулагу хан бастаған моңғолдар Бағдатты басып алып, Аббас әулетін жойды. Араб халифатының 626 жылдық дәуірі аяқталды. Одан кейінгі кезеңде арабтарға жетекшілік ету Осман Империясына (қазіргі Түркия мемлекеті) бұйырды. XIII ғасырдың аяғына қарай Моңғол империясы да тарих заңдылығымен іргесі сөгіліп, мемлекет 4-ке бөлініп кетті.

Тарихи деректерге жүгінсек, ислам дінінің қазығы Дешті Қыпшақ даласына біртұтас моңғол империясынан бөлек тәуелсіз мемлекет болған Алтын Орданың ханы Беркенің билік еткен кезінде қайтадан қағылды. Ал, Өзбек ханның тұсында 1312 жылы исламның туы көтеріліп, мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды. Алтын Орда аумағында исламның бірнеше ағымдары бар еді. Солардың ішінде ең көп тарағаны сүнниттік төрт мазхабтың бірі – ханафи мазһабы. Дінтаратушылар арасында сопылық бағыттың өкілдері де аз болмады. Сопылықтың екі ағымы ясауия мен нақышбандия (кубравия, хуруфия, каландария секілді т.б сопылық қауымдастықтар да болды) тариқаттары билік пен қоғамдық санаға айтарлықтай ықпал етті. Сопылық жолдағы қожалар мешіттер мен медреселерді өз иелігінде ұстап, барлық діни рәсімдерді атқарып отырды. Алтын Ордада моңғолдар басым тайпа болған жоқ. Сол себепті де, моңғол тілі кең тарай алмай, мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі ретінде түркі тілі пайдаланылды. Сопылар ислам дінінің қағидаттарын түркілік негізге бейімделген арнаулы діни кітаптар арқылы халық арасында насихаттады. Әйткенмен де, исламдану үдерісі әртүрлі өтіп жатты. Қарапайым халық арасында ескі сенімдер (тәңіршілдік, шаманизм) сақталды. Діни синкретизм құбылыстары кең тарады.

Ақ Орда – (протоқазақтық ұлыс) мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Қазақ этносы қалыптасқан аймақтарды 1465 жылы Қазақ хандығы біріктірді. Адамдарда біртұтас халық екендігін мойындау сезімі нығайды. Ағайынды Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының халқы исламның сүнниттік бағытының ханафи мазһабын ұстанды. Халық тәңіршілдік сенім мен бақсылықты (шаманизм) да ұмыта қоймады.

Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында дінтаратушы қожалардың бірқатар артықшылықтары мен жеңілдіктері көрсетілді. Қожалар тіпті сұлтандармен бір деңгейде қазынаға түсетін алым салықтан да босатылды. Халық бұл топты «асыл сүйек, ақсүйек» деп құрметтеді. Мұсылмандықты үйретуші, діни жоралар мен рәсімдерді атқарушы діндар адамдар (қожалар) үш жүздің үшеуінде де бар болатын. Қожалар үш жүздің көптеген руларының арасынан шыққан діндар адамдардан құралған ерекше статусқа ие ірі әлеуметтік топқа жатты. Уақыт өте келе халық қожалардың балаларын  рулық көзқараспен «қожалар» деп атады. Олар да шежірелерін өз аталарынан бастап тарқатты. Сондай-ақ, ата-аналар перзенттеріне бұрынғы дінтаратушы қожалардың құрметіне қарай «Ақтамбердіқожа», «Майлықожа», «Мәделіқожа», «Дарақожа», «Ақсопы», «Сарысопы», «Момынсопы», «Мейрамсопы» және т.б. деп ат қойды.

Ру тарихы – қазақ тарихының құрамдас бір бөлігі. Оны зерттеу, өшкенімізді жағу, жоғалтқанымызды табу, ұмытқанымызды жаңғырту және тарихымызды түгендеу әрбіріміздің міндетіміз. Рушылдық – халқымызды біріктіретін қоғамдық институт. Қожалар қазаққа жатады. Бәріміз бір қазақпыз. Қазақстан жасасын!

 

Ержан Жұмабек

 

Қазақ деген – құдайдың қара өлеңі  

 

(Шетелдікке қазақты таныстыру)

 

Қазақ деген бір ел бар білесің бе?

Һақтан жеткен қалсын бір жыр есіңде!

Сенбейсің бе, білмеймін сенесің бе,

Жылайсың ба, білмеймін күлесің бе?..

 

Күлетінің – сенбейсің ғажабына,

Жылайтының – сенесің азабына.

Жету үшін жүректің жұмағына,

Шыдап берген жүйкенің тозағына..

 

Ойланбай-ақ елі үшін отқа кірген,

Бабаларым Күн заңын жатқа білген.

Қара жаяу жүргенде басқалары,

Алтын сауыт киініп атқа мінген.

 

Барсакелмес оралған сапардан жүз,

Екі өмірді тең көрген қатарданбыз…

Тәуелсіздік қазақтың алтын тәжі,

Мәңгіліктің жолында ат-арбамыз.

 

Даламызда шалқиды ар әуені,

Баламызда арманның Қарагері,

Көкірегі үндескен табиғатпен,

Қазақ деген – Құдайдың қара өлеңі!

 

                  

Қуаныш Жұмабек

 PhD докторы,

 «Қазақстанның 100 жаңа есімі»

жобасының жеңімпазы

 

Пікірлер