"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасының 24 бабына халық алғашқы сәттен бастап күдікпен қарады: Бұл тарау «Донорлық және транспланттау» деп аталады. Онда «қан және оның компоненттерінің донорлығы», «Ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттау», «Адамның ағзаларын және тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), қан және оның компоненттерін, адамның жасушаларының, тіндерінің, биологиялық сұйықтықтары мен сөлдерінің үлгілерін әкелу, әкету» деп аталатын үш тарау бар. Қоғамның қытығына тиіп отырған түсінбестіктің бәрі осы баптардың айналасында тарап жатыр.
Сарапшылар бұл мәселе біздің қоғам үшін жаңалық емес екенін айтады: Елімізде адам ағзасын турыстарының рұхсатынсыз алу 2009 жылы басталғанын айтады. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің «Биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растау ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 11 тамыздағы № 622 бұйрығына енгізілген өзгерісте мәйіттен алынатын дене мүшелері туралы нақты жазылған. Осы бұйрықта мидың өлімі анықталғаннан кейін, қайтыс болған адам тірі кезінде дене мүшесін алуға жазбаша қолхат қалдырмаған жағдайда, оның туған туыстарынан немесе заңды өкілінен келісім сұралатыны, алты сағаттың ішінде жауап берілмесе, донордың дене мүшесін алуға рұқсат берілетіні жазылған. Алайда біздің елде күні бүгінге дейін мәйіттің дене мүшесі рұқсатсыз алынған емес. Бұлай жасауға халқымыздың түсінігі мен көзқарасы, ұстанымы мен мәдениеті келе бермейді. Ал Кеңес одағының құрамында болған елдердің ішінде Беларусьте ғана мәйіт донорлығы дамып келеді. Бұл елде нақты диагноз қойылғаннан кейін дәрігерлер ешкімнен рұқсат сұрамай, мәйіттің дене мүшелерін медициналық мақсатта пайдалана береді. Алайда whatsapp арқылы тараған ақпараттарда Кодекс жобасындағы баптарды қате түсіну кездесіп қалады. «215 баптың 8 тармағында туыстарыңыздың сіз өмірден өткен соң дене мүшелеріңізді донорлыққа алуына кедергі келтіру мүмкіндігін жою қарастырылған. Өйткені адам келісімін тірі кезінде беру керек» деген мағынадағы мәтін тарады. Ал Кодекс жобасында «Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның ағзаларын (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндерін (тіннің бөліктерін) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен ағзаларды (ағзалардың бөлiктерін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөліктерін) алуға жол берілмейді» делінген.Транспантолог дәрігер Жақсылық Досқалиев өткен жылдың аяғында журналистермен кездескен кезде «Бізде донорлық орган тапшы. Соның ішінде мәйіттік орган тапшы. Неге, мысалы, 100 мәйіттің ішінде 30 пайызының ағзасы трансплантация жасауға жарамды екенін айтқан. Демек 70 пайызы жарамсыз. «Биыл 42 мәйіт зерттелініп алынса, оның тек тоғызының органы алынды. Қалғанынікі алынған жоқ. Себебі, инфекция бар. Гепатит В, С дейміз. Дамыған елдердің тәжірибесінде мұндай органдар алынады. Сондықтан біз осындай органдарды алуға болады, бірақ оны осындай аурумен ауырған адамдарға алмастырамыз жасаймыз деп заңға енгіземіз» деген-ді Ж. Досқалиев.
Демек бұл фактор да мәйіттің ағзаларының бәрі донорлыққа жарамайтынын айғақтап тұр.
Бұл баптың 2009 жылы қабылданған баптан ешқандай өзгешілігі жоқ. Кезінде А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басшылығы мәйіт трансплантациясы санын көбейтуге байланысты арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеу жүргізген. Сонда сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы ағза трансплантациясына ерекше қолдау білдірген.
Whatsapp желісіндегі мына хабармен жұрттың бәрі құлағдар болып қалды: «Енді Қазақстанның қайтыс болған азаматтарының ағзаларын трансплантация кезегін күтіп отырған шетелдіктер үшін алып кету мүмкіндігі туады. Жобаның 222 бабы, 2 тарамағы, 1 бөлімі» деген ақпарат тарады. Ал Кодекс жобасының тура сол тұсында «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына, сондай-ақ шетелде тұратын және транспланттауды күтіп жүрген реципиенттерге медициналық көмек көрсету қажет болған кезде» ағзаны шетелге алып кетуге болатыны көрсетілген.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің бірқатар масс-медиаға берген түсініктемесінде «Қайтыс болған азаматтардың ағзалары мен тіндерін шетелге әкету (222 бап, 2 тармақ, 1 бөлім) мәселесіне келсек, Кодекс жобасында қайтыс болған азаматтардың ағзаларын тек қана қазақстандық азаматқа салу қарастырылған» делінген. Министр де әлеуметтік желілерде тура осылай деп жазды. Және о дүниелік болған азаматтарының ағзасын шетелдіктерге сату әлемдік тәжірибеде де өте сирек кездеседі. Тіпті донор қажеттілігін 100 пайыз шешкен елдер Үндістан мен Пәкістанда да бұл факторға жол бермейтін көрінеді.
Осы материалды жазуға дайындық барысында аталмыш кодексті тағы бір зерделеп оқып шықтық. Мәйіттің азғасы қандай жағдайда алынады деген күмәнді сұрақтарға Кодекс толыққанды жауап берген.
170 бапта биологиялық өлімді анықтау мәселесі туралы : Дәрігерлер адамның миы мүлдем жұмысын тоқтатса және өзге де өлім белгілері байқалса биологиялық өлімді тіркейге құқы бар екені көрсетілген. Бірақ әлемдік тәжірибеде 9-10 жыл комада жатып, қайтып көзін ашқандар жайлы деректер жиі кездеседі. Ал дәрігерлер болса, мұндай жағдайда адамдар көзін ашқанмен, қайта қатарға қосылу мүмкіндігіне күмән келтіреді. Ойымызды Кодекстің баптарында айтылған жайттармен тодықтырсақ: «Ағзалардың функцияларына дем беру бойынша жасанды шаралар алдымен транспланттау мақсатында мәйіттен ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) алу туралы шешім қабылданған жағдайда, содан соң жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің қаржылық, оның ішінде денеге күтім жасау бойынша шығындарды өтеуге келісуі болған кезде ғана жалғастырылуы мүмкін» екені көрсетілген.
Кодекте адамның миы семіп, енді өмір сүруге жарамайтынын айтса да әлгі құрылғылардан ажырату үшін бәрібір туыстарының келісімі керек екені тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бірақ аппарат ағзаның тіршілігін үшін қосылса, оның шығынын мемлекет көтереді. Тіпті бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бұл бап та қоғамның ашуын тудырып отыр. Себебі көңілде күмән көп: «Мысалы, комада жатқан адамның ағзасын алу үшін аппаратты қосып қояды» дейді қарсы топ комада жатқан адамның өмірін аппарат арқылы ұзартуды туыстары шешетінін және бұл үрдіс үшін қосымша қаржы төлеу керектігін ата бермейді. Тіпті біздін елімізде 10 жыл емес, алты ай комада жатып, қайта тіріліп кеткендеп жайлы деректер жоқ. Демек, комада жатқандардын өмірін аппарат арқылы ұзарту медицинада біз игере қоймаған тәжірибе.
Кодекстің 2009 жылғы қабылданған нұсқадан жаңалығы 172 бапта көрсетілген «анатомиялық сый» деген сөз. Осы баптың 3 тармағында «Өсиет етілген ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) және (немесе) тіндерден (тіндердің бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап он күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады» деген тіркестер бар. Ал іс жүзінде осы күнге дейін елімізде ешбір адам өз денесін медицинаның игілігі үшін «анатомиялық сый» ретінде тануды ұсынбаған. Және мұндай ұсынысты 2009 жылы қабылданған заң да қажетсінбеген.
Осыған дейін ел арасында адам ағзасының ашық саудаға салынатыны жиі айтылатын. Тіпті күні кешеге дейін сауданың мұндай түрімен айналысатын сайт та жұмыс істеген. Бүйрек доноры 50 мың, бауыр 20-30 мың АҚШ долларына бағаланып келді дейді ел ешіндегі әңгіме. Медицина тарихында донор дауы деген атпен қалғалы тұрған дәрігерлерге қайдай айыптығ тағылып отырғаны туралы пікірлердің өзі бір-бірін жоққа шығарады. Бірақ екі трансплантологтың күдікке ілінуі донор күтіп, диализге байланып отырған науқастардың үмітін кесіп отыр. Бұл ақпаратты дұрыс таратпаудың кесірі. Басқаша айтқанда ашық ақпараттық майданда құзырлы орындардың ресми пікірі қауесеттен жеңіліп қалды .
Соңғы кездері туыстық донор мәсәлесі көп айтылып жүр. Адамдар арасында «науқас туыстарына бауырларының бірі донор болуы керек» деген көзқарас қалыптасқан. Осыған қатысты транспантолог дәрігер Меруерт Әлпиева: «Адамның ағзасын сау адамнан ажыратып, екінші адамға салудың қауіпті екенін өткен оқиғалардан көріп отырмыз. Егер мәйіт доноры арқылы адамның өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік болса, біз неге екінші тәсілге жүгініп, сау адамның кемтар болуына жол беруіміз керек. Адамның бойында артық ағза жоқ. Туыстардың бір-біріне ағзаларын мәжбүрліктен береді», –дейді дәрігер Меруерт Әлпиева.
Оның пікірінше, бізде халықтың мениталитімен санасу жағы басым. «Осыдан бірер жыл бұрын Ақтөбе қайтыс болған жігіттің туыстары дәрігерді сотқа берді. Бүгінде жұрттың да, соттың да назары адам ағзасын саудалап отырған «kz 24 net » сайтына, тараптар арасындағы келісімді заңдастырған нотариалды кеңсеге емес, дәрігерге қадалып отыр. Дәрігер науқастың өмірін құтқарып қалуға тырысты. Бұл оның міндеті. Құзырлы орган өкілдері дәрігерге шүйліге бергенше, адам ағзасын саудалап отырған сайтты неге жауып тастамайды?» – деді Меруерт Әлпиева.
А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хиургия орталығының бөлім жетекшісі Равиль Ибрагимовтың айтуынша, 2015 жылы миы өлген 22 адам донор болған. Келесі жылы бұл көрсеткіш 16-дан аспаған. 2012-2016 жылдар аралығында мыңнан астам ағза алмастыру операциясы жасалған. Соның он алтысында ғана ағза мәйіттен алынған. «Адам көзі тірісінде ресми түрде донорлықтан бас тартпаса, оның ағзасын пайдалануға болады. Бұл мәйіт донорын заңдастырудағы алғышартың заңнамалық тұғыры», – деді Равиль Ибрагимов.
Қазір ел бойынша 3,6 мың адам бүйрек жеткіліксіздігі бойынша күту қағазында тіркеліп тұр. Бұл ресми дерек. Ал тіркелмей, тағдырдың үкімін күтіп немесе мәселесін ағза сатып алу арқылы шешуге оқталып жүргендердің саны қанша екенін ешкім білмейді Меруерт Әлпиеваның айтуынша, қазір Қазақстанның әрбір ауданында гемодиализ жасайтын медициналық орталық бар. Гемодиализде жүрген әрбір науқасқа ел бюджетінен жыл сайын шамамен 1,5 млн теңге бөлінеді. Әрбір науқасты гемодиализ жасайтын құрал -жабдықпен қамту үшін айына 150 мың теңге жұмсалады. Мұның сыртында адамның өн бойын шлактардан тазарту, бір рет ыстық тамақ беру, науқасты үйіне дейін жедел жәрдем көлігімен жеткізу шығыны бар. Бірінші топтағы әрбір науқасқа күтуші бекітілген. Оның да айлық жалақысы бюджеттен төленеді. «Соңғы бірер жылда гемодиализ жасайтын орталықтар тендер арқылы іріктеледі. Қысқасы, адам ағзасының қара базар немесе жасырын каналдар арқылы саудалануынан пайда көріп отырған топтың бар болуы және олардың мәйіт донорының заңдастырылуына барынша қарсы болуы әбден мүмкін » – дейді дәрігер Меруерт Әлпиева. Транспантолог дәрігер Дагмара Бетирова «адам өлген соң оның ағзасы жер қойнына бүтін бару керек» деген қасаң қағида мәйіт доноры мәселесінің алға жылжуына кедергі келтіріп отырғанын алға тартты. Халқының 100 пайызы ислам дінін ұстанатын Пәкістанда,халқының 40 пайызы мұсылман Үндістанда бұл мәселе заңдастырылған. Бүйрегі зақымданып, күту қағазына тіркелген науқасқа бір аптада трансплантация жасалады. «Бүйрек дертіне шалдыққан қазақстандықтардың басым көпшілігі жасырын жолмен Пәкістанға барып емделеді деген сөз бар. Себебі 1995 жылдардан бастап Пәкістан мен Үндістан шетелдіктерге трансплантациялық ота жасауды заңмен шектеп тастаған. Бұл қадамға Ресей де барып отыр. Мәйіт доноры заңдастырылған елдер тек өз азаматтарына ғана ота жасайды. Ал заңсыз барған реципиент операция үстінде қайтыс болып кеткен жағдайда дәрігерлер жауапты болмайды. Қайтыс болған туысының мәйітін елге жеткізу шығынын туыстары көтереді, ал артында қалған туыстары дәрігерді сотқа бере алмайды. Себебі өздері барлық шартқа алдын ала қол қояды», – дейді Дагмара Бетирова.
Бүгінде елімізде 2800-ден астам адам бүйрек транслантациясын қажет етеді. Олардың саны күннен-күнге көбейе түсуде. Оған жете алмай дүниеден озып жатқандары да бар. Бауыр трансплантациясын күтіп отырған адам саны 500-ге жуықтайды. Жүрекке 110 адам, өкпеге 15 шақты адам тәуелді болып отыр. Бұл науқастардың өзі ғана емес жанындағы отбасы, туған-туыстары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып отырғанын түсінуіміз керек. Үкімет оларға көмек беруге дайын.
Транспантолог дәрігерлер Қазақстанда ағзаны тірі адамнан да, мәйіттен де алуға болатынын айтады.
«Осы жылдың 11 айында 10 мәйіттен ағза алынды. Әр мәйіттен 5 мүшеден алынып, 50 адамның өмірі ұзарды. Мұны ары қарай дамытуымыз керек. Бізде адам өлгеннен кейін оның ағзасы жер қойнына толық жерленуі тиіс деген түсінік бар. Меніңше, бұл қате ұғым. Көп болса жер астында сол мәйіт 5 жылдай ғана болып, одан кейін бұзылады. Тек сүйегі қалады. Соны түсінуіміз қажет», - деді ол.
Жақсылық Досқалиевтің дерегінше, әлемде дамыған елдердің ішінде Испанияда ағза транспланталогиясы біршама жақсы дамыған.
«Бұл елде бір миллион адамға 14, бізде 0,06 адам ғана. Яғни, жоқтың қасы. Ал елімізде 4 мыңнан астам адам ағза трансплантациясына мұқтаж болып отыр», - деді Ж.Досқалиев.
Бұған дейін Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин өзінің «Твиттер» парақшасында заң жобасы туралы түбегейлі қорытынды шығаруға әлі ерте екенін жазған болатын.
«Бүгінде денсаулық сақтау саласына қатысты кодекс жобасы қызу талқылануда. Расымен де, Үкімет ұсынған заң жобасында тұрғындарды алаңдататын нормалар бар. Бірақ, қорытынды шығаруға әлі ерте. Мәжіліс үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және сарапшылардың қатысуымен талқылау өткізеді», – деп жазды Нұрлан Нығматулин.
Ал, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болса халықтың қорқынышы мен алаңдаушылығын жақсы түсінетінін, бірақ, денсаулық саласын әрі қарай дамыту үшін кодекске мұндай өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деген ұстанымда.
Рауан ІЛИЯСОВ,
"Адырна" ұлттық порталы