Айтжан Тоқтаған, күйші: Күй өнері аман болса, қазақ та қазақ болып қала береді

5967
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде өнерімен төрткүл дүниеге танылып отырған қуатты мемлекеттердің бәрі бірдей бағзы замандардағы болмысын, салтын паш ететін құндылықтарын толық сақтап, мына заманға сол бастапқы күйінде жеткіздік дей алмас. Ал қазақтың қара ағаштан ойылған домбырасы мен оның көмейінен төгілетін, саналы тіршілік иесі адам тұрмақ, ботасы өлген інгеннің де  тас емшегін жібітерлік әуез болып құйылатын күй өнері бүгінгі ұрпаққа еш өзгеріссіз, мінсіз қалпында  жетті. Ұлтын, ұлтының өнерін сүйген азаматтардың мұрындық болуымен жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты антология осынау бірегей өнерімізді халық жадында мәңгілік сақтауға бағытталған ұлағатты іс болды.

- Бұл Елбасының тапсырмасымен, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей басқаруымен «Ел» продюссерлік орталығы арқылы шыққан сүбелі еңбек. 1000 күйдің ішіне ең бастысы қазақтың дәстүрлі күйлері сол дәстүрлі күйшілердің орындау нұсқасында топтастырылған. Дина әжемізден бастап, Оқап Қабиғожин, Лұқпан Мұхитов, Қали Тантілеуов, бертін келе Рысбай Ғабдиев, Әбікен Қасенов, Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов, кешегі өткен Ғабдылқақ Барлықов сияқты талай күйшінің көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізген күйлерінің барлығы дерлік енді деуге болады. Ешбір қазақтың өңірі, жалпы орындау ерекшелігі бар күйлер назардан тыс қалып қойған жоқ. Еліміздің оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерімен қатар, сонау Қытай Халық Республикасындағы қандастарымыздың күйлері, Мәскеу мұрағаттарында жатқан күйлердің жазбалары арнайы мамандар жіберіліп,  жинақталды. Солар екшеленіп, сұрыпталып осы мың күй шықты. Әрине бұлардың барлығы да ескі күйлер. Ал қазіргі уақытта ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызды одан әрі дамытып, шыңдап жүрген Қазақстан композиторлары А.Жұбановтан бастап, бертін келе Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбеков сияқты күйшілеріміздің де туындылары тыс қалмады. Жалпы бізде күй өнеріне қатысты «төкпе» және «шертпе» деген екі сала бар.

Негізі күйдің барлығы да бір, тек  ойнау мәнеріне орай ғана аталған екі салаға бөлінеді. Ал негізінен күйдің барлығы да күй қылқобызда да, сыбызғыда да  күй болып есептелінеді. Осыны кейбіреулер қате түсінеді. Күй «көңіл күйі» деген мағынаны білдіреді. Күй қазаққа ғана тән, біздің төл музыкамыз. Дегенмен, басқа халықтарда түрікмендерде, татарларда, өзбектерде де шамалы бар. Бірақ ол синкретизмнен арылмаған. Біреуінде күй мен би араласып келсе, екіншісінде күйі, биі әні араласып жүреді. Ал күйі күй болып, әні ән болып, жыры жыр болып, биі би болып, өз алдына  отау алып шыққан өнер — ең дамыған өнер болып есептелінеді. Біздегі осы төрт өнердің бір-бірінен жеке-жеке болуы күйіміздің ең дамыған өнер екендігін дәлелдей түседі.

Кезінде ғұлама-ғалым Құдайберген Жұбанов «біздің өнер өте дамыған өнер» деген болатын. Сондықтан күйдің адам өмірінде, қазақ өмірінде мәні өте зор. Абай атамыз «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», дейді. Адам баласы туғаннан о дүниеге кеткенге дейінгі өмірі осы әнмен, күймен, қазақтың дәстүрлі  өнерімен тікелей байланысты. Әннің сөзі бар, түсінуге болады. Ал күй — тылсым дүние. Қазақта «өнер алды қызы тіл» деген сөз бар. Тілмен біреудің көңілін жаралап өлтіруге де, өлейін деп жатқан адамды тірілтіп алуға да болады. Ал күй өнеріне келсеңіз, баяғыда Жошы хан «балам жайында жаманат әкелген адамның көмейіне балқытылған қорғасын құямын» дегесін, небір шешен, ділмарлардың тілі байланып, қаралы хабар жеткізуге дәттері жетпегенде,  бір домбырашы келіп, қайғылы күй ойнап, баласының өлімін ханның өз ауызынан айтқызған. Мінекей, күйдің құдіреті! Демек, тіл тоқтаған жерде күй жүреді деген сөз. Күй кей жағдайларда алдыңғы орынға да шығып кетеді. Күйдің осындай мән-мағынасы бар, сондықтан да қадірлі, қастерлі. Күй тұрғанда қазақ қазақ болады, қазақ болып қала береді. «Құрманғазы» поэмасын жазған марқұм Хамит Ерғалиев ағамызды көзіміз көрді. Сол кісі «қазақ пен домбыраның арасына әлі темір тор түскен жоқ» деп айтып отыратын. Бұл темір тор ешқашан түспеуі де керек. Қиын жағдай болар, дағдарыс болар, анау-мынау дейміз, пенде болған соң айтармыз. Бірақ қандай жағдай болса да күйді жоғалтпағанымыз дұрыс. Мынадай бір аңызды айта кетейін: Боғда күйші бір таудың басына келіп, атын етекке байлап тастап, кеудесін ескен самал желге төсеп, домбыра тартып отыр екен. Сонда төменде өтіп бара жатқан бір жолаушы күй сазына елітіп, жан-дүниені ұмытып, беріле күй тартып отырған оған: «Бәтшағар-ау  атыңды қасқыр талап жатыр ғой, домбыра ойнап отыра бересің бе?», депті. Сонда күйші ойнап отырған күйін тоқтатпастан, «ат кетсе бір тай ғой, ел ішінен табылар, күйдің мына буыны кетсе, қайтып келмейді ғой», деп отыра беріпті. Ғажап емес пе?! Міне, ата-бабаларымыз күйді қалай сыйлағандығының нағыз дәлелі. Сол ата-бабаларымыз сыйлап, көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген күй өнеріміз жоғалған жоқ. Жоғалудың аз алдында тұрғанда жинақталып, 1000 күй болып топтасуы халыққа, музыкалық оқу орындарына, күйшілерге, тіпті музыкант болмаса да күй сүйер қауымға жетуі өте оңды болды. Мен бұл еңбекті көп жылдарда істелген мәдени іс-шаралардың ішіндегі ең бір сұрыптысы, ең бір құндысы деп бағалаймын. Осыдан кейін дәстүрлі 1000 ән шығайын деп отыр. Бұл министрліктің атқарған ерен еңбегі.

- Қателеспесем, сіз антологияның тұсаукесер рәсімінде Дәулеткерейдің «Жігер» күйін орындадыңыз…

- Иә. Мына қызықты қараңыз, 71-72 жылдарда мен, Қаршыға және Шәміл үшеуіміз Алматыдағы консерваторияда білім алдық. Аталған білім ордасының ректоры Ғазиза Жұбанова болатын. Сол кісі бізге  «Әй жігіттер, осы үшеуің Қалижан Жантілеуовті осында алып келіп, нотаға әлі түспеген күйлерді үйренсеңдерші» дейтін. Біз үшеуіміз кезек-кезек,  бір жетіде біреуіміз, келесі жетіде екіншіміз, ол кісіні консерваторияның аудиториясына таксимен алып  келіп, жеке-жеке күй үйрендік. Сол кісіден жеке үйренген күйдің бірі сол кеште орындалған Дәулеткерейдің «Жігер» күйі. Қалижан Жантілеуов ол кезде 94 жаста.

«Жігер» қазақ күйлерінің ішінде ұзақтығы 5-6 минутқа жететін жалғыз күй. Одан ұзақ ойналатын қазір қазақта күй жоқ. Егер ректор Ғ.Жұбанова сол уақытта ақсақалды алып келіп, күй үйренуімізге мұрындық болмағанда, сол күйді тұсаукесерде тартар ма едім, тартпас па едім. Міне көрдіңіз бе, ғажап дүние ғой. Ғ.Жұбанова осылай да  қазақ күйіне өз еңбегін сіңіріп кетті. Жалпы қазақ өнеріне өзіндік үлес қосқан азаматтар өте көп. Мәселен, Хамит Ерғалиев. Ол күйге сөз жазған. «Айжан қыз» деген күй бар, соны ағамыз «дақ күні тудым, балапанды қудым. Ұштым, кеттім, көкке жеттім», деп дүрілдеп айтып отыратын.

- Сол кеште Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед:  «Әрине, қазақтың күйлері туралы зерттеушілер түрлі пайымдар айтады. Біреулер екі мың, біреулер үш мың, ал енді тағы біреулері бес мыңға дейін күй бар дейді. Мұнымен толық келісуге болады. Өйткені, осы заманғы компо­зиторлардың күйлерін топтастыратын болсақ, бүгінде күйлеріміз бес мыңның үстіне шығып кетуі де әбден мүмкін», деген болатын. Ал белгілі ғалым марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз өзінің «Күй шежіре» атты кітабында тіпті 6 мыңға жуықтатады…

-Халқымыздың сан ғасырлық мәдени күй мұрасының түрлі нұсқаларын алға тартып, көбейте беруге де болатын шығар. Іздесек тағы да 1-2 мың күй табылар. Жалпы осы жарыққа шығарып отырған күйлеріміз солардың сөлі. Әрине, бұл антологияға біраз күйлер сыймай қалды. Мәселен, түптеп келетін болсақ, Атыраудың 62 ақжелеңі бар, Арқада адамның 62 қан тамырын иіткенше тартылатын 62 қосбасары бар. Мүмкін болашақта жинаққа енбей қалған күйлерді топтастырып, тағы да шығарармыз. Ол — болашақтың ісі. Бірақ қазір мен бізде  мынанша күйіміз бар деп нақты айта алмаймын. Бұрын болған болуы керек, қазір енді кетіңкіреп қалды. Көне күйлеріміз жадында сақталған қарттарымыз о дүниелік болып кетті. Сол кісілерден кезінде жазып алынбады, жинақталмады, таспаға түсірілмеді. Көптеген күйлеріміз 1934 жылы Ахмет Жұбановтың арқасында оркестрге жиналған болатын. Оған дейін біраз төл өнеріміз жоғалып кетті. Қазақтың мына самарқаулығын қараңыз, 1961 жылы қайтыс болған Сүгірдің қазіргі уақытта өзі орындаған бірде-бір жазбасы жоқ. Не деуге болады, ол кезде таспаға түсіруге мүмкіндік мол болды ғой. Ал дәулескер күйші бізге мұра ғылып қандай күйлер тастап кетті десеңізші! Бірінен-бірі өтетін 30-ға жуық күй.  Міне біздің самарқаулығымыз, енжарлығымыз, жалқаулығымыз, жүрдім-бардым қарайтындығымыз. 80-ші жылдары мен Моңғолияға гастролдік сапармен 20 студент апардым. Сонда моңғолдың бір ғұламасы біздің оркестрді, ойнап жатқан күйлерді тыңдап, таң қалып «жақсылықтың барлығына жетерміз, әсем қалаларымыз да болар, экономикамыз да қарыштап дами түсер, жақсы материалдық жағдайға да жетерміз, бірақ қазір күйіміз жоғалып кетсе, сол жақсы болған кезімізде осы күйдің біреуін де таба алмаймыз ғой» деген болатын. Ғажап сөз емес пе?! Қазір анау-мынау деп, дағдарыс деп өнерге жеңіл қарасақ, көптеген мәдени мұрамыздан айырылып қаламыз. Ертең араптарша шалқып, өмір сүрген кезімізде төл өнерімізді қайдан табамыз? Сондықтан қазірден бастап көздің қарашығындай қарауымыз керек.  Сонда ғана дәстүріміз, ұлтымыз, қазақты қазақ қылатын ұлттық өнеріміз жоғалмайды.

Дүниежүзінде жүздеген, мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Солардың қатарына қазақ деген халық барып тұрғанда несімен ерекшеленеді? Әрине күйімен, әнімен, жырымен, дәстүрімен, салтымен ерекшеленеді. Мынау жапон елінде 6 сыныптан бастап ұлттық музыкаға үйретеді екен. Бүкіл мектептің баласына, 6 сыныптан кейін музыкаға бейімі барлары қалып, қалғаны қалаған мамандықтары бойынша білім алады. Бірақ 6 сыныпқа дейін көкейіне түйілген ұлттық музыка мәңгілік жадында қалады. Ертең ол орындаушы болмауы мүмкін, бірақ жақсы тыңдаушы, өнерге жанашыр болады ғой. Міне көрдіңіз бе, ұлттық тәрбиеге жапондықтар қалай үйретеді. Неге біз содан үлгі алмаймыз? Қайдағы бір құлақтың мембранасын үзіп жіберетін әуенге құмармыз.

- Өзіңіз айтпақшы, құлақтың жарғағын үзіп жіберетін әуеннің, яғни домбыраға эстраданы қосып, «дэкко» жанрында күйлердің орындалуына  қалай қарайсыз?

- Бірден айтайын, құптамаймын. Әрине, мүлдем үзілді-кесілді мынау қойсын деп те айта алмаймын. Бір жағынан алып қарасаң, бұл да өнерімізді насихаттаудың бір түрі. Бірақ нашарлау түрі.   Шындығына келгенде осы жанрда күй орындап жүрген Асылбек Еңсепов те, «Ұлытау» тобындағы Ержан Әлібеков те өзіміздің шәкіртіміз. Ақын-жазушылар тарапынан А.Еңсеповке «айналайын ойна, бірақ Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттің классикалық күйлеріне тиме. Бұзсаң қазіргі заманғы, өзіңнің жазғандарыңды өңін айналдырып, құбылтып ойнай бер», деген ескерту болды. Содан кейін ол көп ойнамайды. Ал «Ұлытау» тобы, оларды да жамандай алмаймын, жігіттер жақсы, олар да қолдарынан келгенін жасап жүр. Сол топтың домбырашысы Ержан Әлібеков деген жігіт өзімнің шәкіртім. Маған ұялып келеді. «Аға мен өмір сүруім керек қой. Маған үй беріп жатыр, қазір жағдайым жақсы», дейді. Ой, айналайын қазақта бір мақал бар «есектің артын жусаң да мал тап» деген. Енді өмір сүруіңе керек болса, мен сенің қалай жолыңды кесейін, дедім.

Тағы да айтамын қостамаймын, бірақ қажеті жоқ деп үзілді-кесілді айту қиындау болар. Халық өзіне керегін сүзіп алар. Бәрібір дәстүрлі өнер, табиғи өнер бірінші орында тұрады. Қазір шет елдің өзі даңғаза музыкаға құштар емес. Біз еліктегіш халықпыз. Дегенмен соның өзін даңғаза етпей, әдемілеп те жеткізуге болады. Айғайлатып, дабырлатып, құлақтың қабын тескенше ойнаудың керегі жоқ. Шуға қарсымын, музыканы әрқашан қос қолымды көтере қолдаймын.

- Антологияға жиналған күйлердің арасында өзіңіз бұрын естімеген, таңғалдырған күйлер болды ма?

- Күй жан-жақты жиналды. Әңгіме басында атап өткен Боғда күйшінің «Өтті-кетті» деген күйін кезінде А.Затаевич жазып кеткен екен. Осы күй шықпай жүр еді. Соны бір таспадан тауып алып, жамап-жасқап антологияға кіргізіп жібердік. Өте керемет, қолға түспейтін күй. Жинақпен бірге халықтың назарына жол тартты. Ал Дина әжеміздің өзі жазған күй табақтары көп қой.  Қаршыға Ахмедияровтың жазуымен күйлері жеке кітап болып та жарық көрді. Бірақ 1000 күй жинау барысында әжеміздің «Тарту сәлемдеме» деген бір күйін мұрағаттан тауып алдық. Ойпырым-ай, керемет күй және Дина әжеміздің өз  орындауында,  сапасы да жоғары. Сол күйді көріп бәріміз де таң қалдық. 1950 жылдары жазылған күй 2010 жылы табылып, 60 жылдан кейін халқына табыс етіліп отыр. Бұл ғаламат емес пе! Жалпы «Алтын қордағы» күйлерді министрдің бұйрығынсыз ешкімге бермейді. Министрдің «бәрін шығарыңыз, бірі де  қалмасын» деген бұйрығынан кейін ғана табыып отыр. Міне осындай мәдени құндылықтарымыздың халқымен табысуы қажет дүние.

Жалпы бұл жоба ғасырдан-ғасырға ұласатын жоба. Мәдениет саласында атқарған еңбектеріміз ұшан-теңіз, көптеген кітаптар жарық көріп, ғылыми жұмыстар да атқарылып жатыр. Дегенмен, осы күй антологиясынан асатын бірі де жоқ. Бұл халық мұрасы, енді өлмейді.  Мынаны қараңыз, Мұқан Төлебаев «Соқыр ишан» деген бір күйден бір опера жазды. Ал ол «Алтын қорға» енген алтын опера болып есептелінеді. 1000 күй дегеніміз, 1000 опера емес пе? Ғажап қой. Опера дегеніміз музыканың ең дамыған, ең күрделі түрі емес пе? Ал біздің қазақтың 1000 күйінен 100 опера шыққаның өзінде ғажайып дүние. Демек, қазақтың домбырасы жер бетіндегі теңдессіз аспап. Бір мысал келтіре кетейін, белгілі ғалым А.Затаевич  1930 жылдардың өзінде-ақ балалайка мен домбыраны салыстырып, домбыра тарихилыққа бағытталған, артында бірнеше мың күйі тұрғаны, тылы бар екендігін айта келіп, «қазақтар домбыраларыңызды, күйлеріңізді сақтаңыздар. Бұл теңдессіз дүние», деп жазып кеткен.

- Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыз өзінің «Күй шежіре» атты кітабында «қазақта неше мың күй болса, оның қосарлана  айтылатын соншама аңыз-әңгімесі бар» дейді. Ал мына жарық көріп отырған антологиядан күй аңыздары тыс қалып қойыпты.

- Иә, осы жинақты жасар кезде оны да ойластырып,  күй аңызымен қатар, нотасы да қоса берілу керек деген жоспар болған. Бірақ уақыттың тығыздығынан күй аңыздарын кіргізіп үлгере алмадық. Ал енді нотасын қоссақ, бірнеше том кітап шығады ғой. Жалпы аңызымен нотасын қосып шығарғанда нұр үстіне нұр болар еді.

- Әрине қағазға түсірсеңіз бірнеше кітапқа арқау боларлық күй аңыздары бар екендігі белгілі. Дегенмен оларды дискіге түсіруге болар еді ғой.

- Дұрыс айтасың, бұл менің ойымда жүрген нәрсе. Мәдениет және ақпарат министрінің ойында да болуы керек. Осы мәселемен сол кісіге кіргім келіп жүр. Қолдау болса, оны да жасайтын боламыз.

- Осы антологияның тұсаукесерінде сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «келесі жылы осы күйлердің ішіндегі оркестрге арналғандарын іріктеп алып, оркестрдің орындауында 5 дискімен 100 күйді шығармақ ойымда бар» деген болатын. Аталған жинақтың шығуына басшылық жасаңыз деген ұсыныс түспеді ме? Жалпы ол жинаққа қандай күйлер енуі мүмкін?

- Министрлік тарапынан әлі ондай ұсыныс түсе қойған жоқ. Менің ойымша, бұл жинақ та жан-жақты, яғни 7 күйшілік мектептің барлығын да қамтуы қажет. Оған Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет сияқты күйшілердің халықтың ұғымына сіңісті болған сүбелі-сүбелі күйлері енгені дұрыс. Мәселен, Шығыс  Қазақстаннан «Сал күрең», Арқадан «Көкейкесті», «Саржайлау», батыстан «Сарыарқа», «Адай», Жетісудан «Аққу», «Ата толғау», Маңғыстаудан «Ақсақ құлан — Жошы хан», Қаратаудан «Майда қоңыр», сыр өңірінен «Нар идірген» сияқты күйлер енсе, жақсы болар еді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Пікірлер