Ауыл – туған жер кіндігі! (ауыл баласының әңгімесі)

4367
Adyrna.kz Telegram

Автор: Үкілімай Үсенқызы Исабек

Байланыс телефондары: 87753388654, 87014498396

      Жаздың шіліңгір шілдесі. Әжем есік алдындағы қоса жабысқан екі ошақтың біріне кесіліп дайын болған бауырсағын шыжып тұрған майға бір уысқа лайықталған мөлшерде салып кеп жіберді. Зәйтүннің қызуына балқыған ақ қамыр амалсыздан реңі құбылып, пісуге таяу. Ошақ алдында жүзімнен шабылып алынған шыбықтарды шытырлата тіземмен сындырып отты барынша қыздырудамын. Уақыт болса асырдан өтіп, ақшамға жақындап қалған сәт. Өрістен сиыр қайтады, адырдан қой қайтады. Әрқайсысын орындарына жайластыру  менің күндегі дағдыма айналып кеткелі қашан?! Осындай қым-қуыт тіршіліктің арқасында еңбекке ерте сіңісіп, барлық нәрсенің михнатпен келетініне көз жеткіздік. «Бір таршылықтың да, бір молшылығы болады», - деп отырады көпті көрген әжем. Сірә, ошақ алдында терең ойға батып кетсем керек, кенет бауырсақтың пісіп болғанын да аңдамай қалыппын. Сары шараның ішіндегі таңдай қақтырарлық дәмі барын сезгеннен кейін бе, әлгі тоқашқа бас салып кірісе кеткім келді. Қолымның ұшымен енді біреуін ала бергенде Әжем:

  • Әй, жүгермек! Мақсат қойларды айдап келе жатыр. Сенің ерсіл-дертіңнің бәрі нан соғу, - деп бай-байға салып үйден қуа жөнелді.

Көшеге атып шыға салысымен өрісті бетке алып бар пәрменіммен жүгіре жөнелдім. Біздің ауылда қой кезекпен бағылады. Бүгін Сақиланың ұлы Мақсаттың кезегі еді. Көше у-да шу. Шаңның көтерілгені соншалық топырақ иісі мұрыныңды жарып, қолқаңды қабады. Ә, шіркін! - дедім ішімнен. Осы топыраққа сәл ғана жаңбыр себелесе ғой, табиғаттың бар болмысы сонда ашылар еді. Мақсат ауылдың қора-қора қойын алдына салып айдап келе жатты. Балалармен қоршалап жүріп әзер дегенде он жеті бас қойымды бөле сала құйрықтарын былқылдатып, үйге қарай тырқырата қуа жөнелдім. Мен де ес жоқ. Өзімше мәзбін. Сылқылдап күліп келген күйі қойларды ауладағы қотанға қамап, өрістен қайтып келе жатқан Сиырды айдап әкелуге қайта шықтым. Көшеде таяғын тақылдатып, Кеңес ақсақал анадай жерде маң-маң басып келе жатқан. Бала көрсе әтпіш бер, түшкірейін деп қиқаңдайтын. Ақсақал өріске барғанда жас балаларға бүйідей тигісі келіп, өзі де балаша ойнай жөнелетін. Оның күндегі әдетін жақсы білетін Мұқаш манағы атаның төбесін көргеннен ізім қайым тұрған жерінен жоқ болатын. Мөңіреп келе жатқан сиыр ішінен ала құнажын мен қара сиырымды және енді ғана кібіртіктеп шығып келе жатқан кішкене мүйізді бұқамды іздедім. Қарасам мені көргеннен үшеуі де маған қарай дауыс шығарып, үйге апарар соқпақпен аяңдап бара жатты. Бұқамның құйрығын тас қылып ұстаған күйі үшеуін де алдыма салып қораға айдап кіре сала орындарына апарып байлап, қара сиырымның бұзауын сәл ғана емізіп, анама саудырып алдым. Сауғаннан кейін бұзауын қоя беріп жібергенім сол еді, байғұс анасын сылқылдата емуге кірісті. Қасына бұзауын байлап, малымның кешкі жем-шөбін алдарына салып, көшеге шығып Бадам өзеніне қарай аяңдадым. Өзен жағасында өрістен мал келгеннен кейін, міндетті түрде ауыл ақсақалдары жиналып, кешкі салқында әңгіме дүкен құрады. Омаш пен Елеу аталардың өнеге-өсиеттерін тыңдап, сол кісілердің батасын алуға тырысамын. Өз басым таңертең бақташының алдына ақсақалдардың малдарын өзімдікімен қоса салып берем. Қариялар бізді разы қылсаң, Құдай саған разы болсын, Зеңгі баба қолдасын, - деп қос қолдарын жайып, ырзашылықтарын білдіргенде, өзімде балалық бақыттың не екенін ұғынғандай болам! Эх, ауылым! Бұрқыраған шаң, пейілі кең адамдар, бұлбұлдың әсем үні, табиғаттағы түнгі тыныштық айта берсем таусылмайды, бәрі-бәрі сенде ғой ғажабым. Туған жерім!

Пікірлер