Қазақстан мен АҚШ-та жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді реттеу несімен ерекшеленеді?

1755
Adyrna.kz Telegram

Галиакбарова Гузаль Газинуровна

«Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ

Басқарма хатшысы-Ғалым хатшы,

конституциялық және азаматтық  құқық кафедрасы доценті міндетін атқарушы

 

Қазақстанның жоғары білімінің 95 жылдығына арналады.

Өткен жыл отандық жоғары білім үшін мерейтойлық жыл болды десек артық айтпағанымыз.

Біріншіден, 2023 жылы елімізде алғашқы жоғары оқу орнының ашылғанына 95 жыл толғаны туралы біріміз білсек, біріміз білмеспіз. Дегенмен, 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университеті құрылып, кейін Қазақ педагогикалық институты болып өзгерді. Сол кезден бастап қазақстандық жоғары білімнің даму тарихы басталды десек те болады.

Екіншіден, бір жыл бұрын мыңдаған қазақстандықтарға шетелдік білім алуға және елдің өркендеуіне өз үлестерін қосуға мүмкіндік берген бірегей «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының 30 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл бағытта мемлекетіміздің жүргізіп жатқан саясатының маңыздылығына өзімнің тікелей көзім жетті, өйткені осындай мерекелерге толы жылы мен «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, «500 ғалым» бағдарламасы аясында QS рейтингісінде 64 орындағы АҚШ-тың беделді мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі Урбан-Шампейндегі Иллинойс Университетінде (University of Illinois at Urbana-Champaign) ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болдым.

Сонымен, АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университеттерінің бірінің қабырғасында білім ала отырып, американдық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді реттеудің тәжірибесін Қазақстанда енгізу мақсатында олардың ерекшеліктерін зерттеу мен үшін үлкен қызығушылық тудырды.

Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі құқықтық реттеу тұрғысынан қандай ерекшеліктермен айқындалады деген сұраққа жауаптан бастасақ.

Азия-Тынық мұхиты елдерінің қарқынды экономикалық дамуын ескере отырып, жақын арада планета халқының көпшілігі жоғары білімді болады деп болжануда. Бұл жоғары білімге деген сұраныстың артуын білдіреді. Нәтижесінде жоғары оқу орындарында оқитын студенттер саны 2012 жылы әлем халқының 4 %-нан 2040 жылға қарай 10 %-на дейін өседі деп болжамдалуда[1]. Сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы жоғары білім туралы Дүниежүзілік декларацияның (World Declaration on Higher Education for the Twenty-first Century) мәліметтерінде адамзаттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты жоғары білім берудің түбегейлі жаңаруы қажет делінген[2].

Қазақстанда 1991 жылдан бастап білім беру, әсіресе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі институционалдық даму мен құқықтық реттеудің бірнеше кезеңдерінен өтті. Атап айтқанда, 1993 жылдан бастап барлық деңгейдегі білім беру ерекшеліктерін қайта қарастыру басталды. Мәселен, аталған жылдан бастап «Жоғары білім туралы» ҚР Заңы қолданыста болып, 1999 жылы күшін жойды. 1996-1997 жылдар аралығында жоғары білім беруді басқару мен қаржыландыруды орталықсыздандыру басталды, бұл меншік нысаны бойынша оқу орындарын әртараптандыруына әкелді. 1999 жылы «Білім туралы» ҚР Заңы қабылданып, кейін 2007 жылы қазіргі қолданыстағы «Білім туралы» ҚР Заңы өз күшіне енген болатын. Сонымен қатар, 2011 жылғы 18 ақпандағы «Ғылым туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Жоғарыда көрсетілгендей, еліміздегі білім беру жүйесі тәуелсіздік алған кезден бастап құқықтық реттеу тұрғысынан үздіксіз дамып келеді. Сондай-ақ, 2010 жылы Қазақстан Болон декларациясына ресми түрде қосылып, еуропалық жоғары білім беру аймағының 47-ші мүшесі және еуропалық білім беру кеңістігінің толыққанды мүшесі ретінде танылған алғашқы Орталық Азия мемлекеті атанды.

Қазіргі кезге дейін көптеген стратегиялық маңызы бар құжаттар да қолданыста болған. Дегенмен, құқықтық актілер мен стратегиялық құжаттарды қабылдау тарихы мен кезеңділігіне тереңірек үңілмей, қолданыстағы нормативтік заңнамаға назар аударсақ.

ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізделген білім беру жүйесінің жеті деңгейінің бірі болып табылады.

ҚР Конституциясының 30-бабына сәйкес, азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Жеке меншік оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек делінген Ата Заңымызда.

ҚР Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет» делінген.

Осы соңғы жылдарға дейін Қазақстанда жоғары білім берудің ұйымдастырылуы мен қызметі мемлекеттің жоғары оқу орындарының (бұдан әрі – ЖОО) ішкі процессін қадағалаумен ерекшеленгені ешкімге құпия емес. Әрине, бұл білім беру процесін жоспарлау мен басқарудың социалистік формасының жаңғырығы болса керек. Бірақ, қазіргі уақытта жоғары білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформалар елдің жаңа тәсілдерді, оның ішінде озық әлемдік үрдістерге негізделген ерекшеліктерді енгізуге бейілділігін көрсетеді. Мәселен, соңғы жылдары мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында ҚР Үкіметі жоғары оқу орындарының санын қысқартуға және оларды лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптарын күшейтуге, сондай-ақ академиялық еркіндікті арттыруға бағдар алды. Бұл ретте, еліміздің басты міндеті қоғамымызды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету, жаңа ұрпақтың білім деңгейін арттыру, оның әлемнің тез өзгеріп жатқан үрдістеріне бейімделу қабілетін күшейту болып табылады.

Қазіргі уақытта қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде реформалар әлі де іске асырылуда. Мәселен, 2022 жылы еліміздің тарихында алғашқы рет жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Сонымен қатар, жетекші әлемдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады; еңбек нарығындағы өзгерістерді болжау және мамандарды даярлау бағыттарын анықтау үшін жаңа кәсіптер атласы еңгізілді; жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі және т.б. қарқын дамуда. 2017-2022 жылдардағы меншік түрлері бойынша ЖОО құрылымы жоғары білім беру жүйесін трансформациялау нәтижелерін көрсетеді. Осылайша, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, осы саладағы мемлекеттік мекемелердің үлесі 2017 жылдан бастап 38,5 %-дан 25,9 %-ға дейін төмендеді, бұл 47-ден 30 жоғары оқу орнына дейін қысқарды дегеніміз.

Көптеген сарапшылар Қазақстанның жоғары білім саласындағы қазіргі саясатының елеулі бөлігі академиялық еркіндікті қолдау болып табылатынын атап өтуде. Бұл дегеніміз, осы бағытта студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның ЖОО-ның өміріне қатысуын кеңейту бойынша қадамдар жасалғаны: студенттерді академиялық қолдау бөлімшелері мен оқытушылар комитеттері құрылды және олар оқу орны үшін маңызды шешімдер қабылдау процесіне тікелей, мысалы Ғылыми кеңестің мүшесі бола отырып, қатыса алады. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап қазақстандық ЖОО (әскери және арнаулы ЖОО-дарын қоспағанда) мемлекеттік үлгідегі дипломдардың орнына өз дипломдарын бере бастады. ҚР Үкіметінің ойынша, бұл шара ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы үшін жауапкершілік дәрежесін арттырады, оқу орындары арасындағы бәсекелестікті ынталандырады, білім беру процесін жұмыс берушілердің қажеттіліктері мен еңбек нарығының жағдайларына бейімдейді. Тағы бір жаңалық – оқытушылардың есеп беру формаларының азайтылуы.

Осыдан бір жыл бұрын Қазақстанда ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілді. Аталған Тұжырымдамаға сәйкес, бүгінде еліміздің 118 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында 609 мың адам, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 228 мың адам оқиды. Жоғары біліммен жалпы қамту (орта мектепті бітіргеннен кейінгі бес жылдық тобындағы халықтың жалпы санынан жоғары білім алушылардың %-ы) 62 %-ды құрайды, бұл көптеген елдерден едәуір төмен (Ресей – 82 %, Оңтүстік Корея – 94 %, Ирландия – 78 %, Беларусь – 81 %). Жалпы алғанда, мемлекеттің 2022 жылы білім беруге жұмсаған шығыстары 2010 жылғы деңгейге қарағанда екі есеге жуық ұлғайып, 4,5 трлн теңгені құрады.

Тұжырымдамада білім беру жүйесін дамытудың басымдықтарының қатарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігі, жоғары білім берудің инфрақұрылымы мен цифрлық архитектурасын дамыту, және оны интернационалдандыру да бар. Қауіп-қатерлер арасында қазақстандық ғылымның әлемдік рейтингтердегі позицияларының құлдырауы, «ақыл ойдың жылыстауының» арта түсуі және жас оқытушылар мен өзге де салалардағы ғылыми кадрлардың кетуі делінген.

Қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді реформалау әлі жалғасатыны сөзсіз, сондықтан білім беру заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты осы саладағы, оның ішінде құқықтық реттеу мәселесіндегі шет елдердің тәжірибесі мен жетістіктерін түсіну маңызды.

Осыған орай, АҚШ-тағы жоғары білім беру жүйесін ұйымдастыру және реформалау тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады. АҚШ әлемге Нобель сыйлығының ең көп лауреаттарын ұсынған жалғыз ел екені бәрімізге мәлім. АҚШ-тағы академиялық сала іргелі ғылымды дамытуға және жаңа әзірлемелерді жаппай практикалық енгізуге бағытталған. Американдық университетте білім алған түлек әлемнің кез келген елінде тез жұмысқа тұра алады. Бұның сыры неде, АҚШ-тағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім несімен тартымды және оның ерекшеліктері қандай?

Бастапқыда АҚШ-та мемлекеттік-құқықтық реттеу саласына тікелей қатысы жоқ деп қарастырылған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім уақыт өте келе қоғамдық және құқықтық тұрғыдан мемлекеттік деңгейде маңызды бола бастады. АҚШ жоғары мектебі ұлттық білім беру жүйесінің ерекше элементін құрайды. Әрине, АҚШ-тың жоғары мектебінде де күрделі проблемалар мен бірқатар кемшіліктер бар, бірақ дәл осы білім беру жүйесінің сегментін американдықтардың өздері ғана емес, жалпы халықаралық қауымдастық флагман ретінде таниды. Соңғы елу жылдағы американдық жоғары білім АҚШ-тың тек қоғамдық өмірінің ғана емес, сондай-ақ мәдениет, экономика, ақпарат, саяси қатынастар салаларында да ең серпінді және тұрақты дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып табылады.

Қазіргі күнде АҚШ шетелде жоғары білім алғысы келетін студенттер үшін ең жақсы таңдау болып келеді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық білім беру институты мен білім және мәдениет бюросы (Institute of International Education and the U.S. Department of State's Bureau of Educational and Cultural Affairs) жариялаған 2023 жылғы есепке сәйкес, 2022-2023 жылдары жаңа шетелдік студенттерді қабылдау 14 %-ға өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 80 %-ға артқаны[3].

АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесі «атлантикалық» немесе «либералды» модель деп аталады. Атлантикалық модельдің біздің елімізге тән континенттік модельден айырмашылығы жеке жоғары оқу орындарының үлкен рөлі, жоғары білім беру институттарының үлкен дербестігі, жоғары білім беруді мемлекеттік реттеудің жанама (ең алдымен қаржылық) әдістерінің үстемдігімен сипатталады. Алайда, екі модельдің де өзара әсерін атап өткен жөн, өйткені континеттік моделі қазіргі американдық университеттің қалыптасуына айтарлықтай әсер етті, ал американдық жүйе өз кезегінде еуропалық жоғары білім беру жүйесінің дамуына айтарлықтай әсер етуін жалғастыруда.

АҚШ-тың жоғары мектебі, тіпті ең дамыған елдермен салыстырғанда, ауқымы жағынан да ерекшеленеді. Мәселен, АҚШ жоғары білім беру жүйесінде білім алушыға жыл сайынғы орташа шығындар жағынан көш бастап тұр. Американдық жоғары білім беру жүйесі бір студентке негізгі және қосымша білім беру қызметтеріне шамамен 27 мың доллар жұмсайды. Бұл көрсеткішке оқу ақысы, әкімшілік және жатақхана мен асхана сияқты қолдау қызметтері кіреді. Бір студентке тағы 3 мың доллар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалады. Батыс Еуропадағы кішкентай Люксембург қана АҚШ-қа қарағанда бір студентке көп ақша жұмсайды. Үшінші орында – Ұлыбритания, онда университеттер бір студентке 21 мың доллар жұмсайды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бір оқушыға жұмсалатын жалпы шығыстар жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) жан басына шаққандағы орташа деңгейінің 27 %-н құрайды. Бакалаврларды, магистрлерді және докторларды даярлауға бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары және жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 40 %-ын құрайды. Швецияда, Ұлыбританияда және АҚШ-та бір студентке жұмсалатын шығындар жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 50 %-дан астамын құрайды.

Сонымен, американдық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі қандай ерекшеліктерге ие?

Американдық білім беру жүйесі көп деңгейлі құрылымға ие және басқа елдердің білім беру жүйелерінен айтарлықтай ерекшеленеді. «Орта білімнен кейінгі білім» термині АҚШ-та көбірек қолданылады, өйткені бұл термин университеттер, классикалық төрт жылдық колледждер, екі жылдық (қазақстандық орта кәсіптік білім берудің аналогы) колледждерді де қамтиды. Бұл дегеніміз, АҚШ-тағы жоғары білім беру саласына іс жүзінде жоғары оқу орындары мен орта арнайы оқу орындарының қатысы бар. Сондықтан американдық статистика, еуропалық стандарттарға сәйкес, XX ғасырдың екінші жартысынан бастап арнайы біліммен қамтамасыз ететін екі жылдық оқу орындарын және жоғары білім беретін төрт жылдық оқу орындарын                    ЖОО-дардың жалпы санынан ажырата бастады [28].

Сондай-ақ, біздегідей, АҚШ-та жоғары білім екі негізгі сектордан тұрады: мемлекеттік және жеке. Ұлттық білім статистикасы орталығының (National Center for Education Statistics) соңғы мәліметтеріне сәйкес, АҚШ-та бакалавр және магистр дәрежелерін беретін 5916 университет бар (оның ішінде жеке – 4024, мемлекеттік – 1892). Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға немесе университетте оқуды жалғастыруға мүмкіндік беретін 4931 екі және төрт жылдық колледждер де тағы бар[4]. АҚШ-та бес жыл ішінде (2017-2022 жж.) жекеменшік жоғары оқу орындарының қысқару үрдісі байқалатынын атап өткен жөн.

АҚШ-та мемлекеттік оқу орындары мемлекеттік қаржы негізінде құрылады және оларды қамқоршылар кеңестері (регенттер кеңестері) басқарады, оларды әдетте штат губернаторлары тағайындайды немесе штат халқы сайлайды. Жеке оқу орындары жеке қаржы қаражаты негізінде құрылады және олардың құрылтайшылары тағайындайтын қамқоршылар кеңестері басқарады. Өз кезегінде, жеке университеттер білім беру мақсатында құрылған коммерциялық емес және құрылтайшылар білім беру қызметінен қаржылық пайда алу мақсатында құрған коммерциялық болып бөлінеді. Бұл тенденция Қазақстанға да тән.

1787 жылғы АҚШ Конституциясында, біздің Ата Заңымызға қарағанда, жоғары білімге қатысты арнайы ережелер жоқ. Дегенмен, АҚШ Конституциясының бірқатар ережелері мен оған енгізілген түзетулер федералды заңнама мен американдық Жоғарғы соттың осы саладағы құқық қолдану тәжірибесін одан әрі дамытуға негіз болды.

Солтүстік Америка мемлекеттілігінің дамуының алғашқы кезеңдерінде жоғары білім беру мәселелері штаттардың тікелей құзырында болды және АҚШ азамат соғысынан кейін ғана Моррилл Заңы (Morrill Act) қабылданды. Бұл заң штаттарға тиісті федералды жер гранттарын әзірлеу немесе сату арқылы қаржыландырылатын мемлекеттік колледждер құруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, аталған заң федералды заңнама мен құқық қолдану практикасының жоғары білім саласындағы құқықтық қатынастарды реттеудегі рөлін арттырудың жаңа, тұрақты тенденциясын белгіледі. Бұл тенденция өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарында, бірқатар арнайы заңдар қабылданған кезде шарықтау шегіне жетіп, олардың ішіндегі ең маңыздысы АҚШ-тағы жоғары білім беруді қаржыландыру, реттеу және аккредиттеудің жалпы принциптерін белгілеген 1965 жылғы Жоғары білім туралы заң болды. Бұл заң жоғары білім беру қатынастарын федералды реттеудің, осы салада федералды құқықтық стандарттарды қалыптастырудың және білім департаментінің штаттардың мемлекеттік билігі мен жеке жоғары білім беру институттарына қатысты федералды қадағалау мен бақылау жүйесін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналды.

Жоғары білім беруді реттейтін басқа да маңызды федералды заңдар – нәсіліне, жынысына, дініне, ұлтына немесе мүгедектігіне байланысты кемсітушілікке тыйым салатын 1964 жылғы Азаматтық құқықтар заңы (Civil Rights Act of 1964); мүгедектігі бар адамдарға білім алуға қол жеткізуге кепілдік беретін 1973 жылғы Мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беру туралы заңы (Individuals with Disabilities Education Act of 1973); еңбекақы төлеу саласындағы әйелдерді кемсітуге тыйым салатын 1972 жылғы Тең төлем туралы заңы (Equal Pay Act of 1972).

Федералдық білім туралы заңнама АҚШ кодексінің (United States Code) 20-бөлімінде көрсетілген. Дегенмен, жоғары білім беруді құқықтық реттеудің кейбір мәселелері басқа бөлімдерде де реттеледі, атап айтқанда, адам құқықтарын қорғау, иммигранттардың құқықтық жағдайы, жұмысқа қабылдауды кемсітпеу және жоғары оқу орындарының педагогикалық және әкімшілік қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен міндеттері жоғары оқу орындарының, оқушылар мен олардың отбасыларының салық режиміне, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жоғары білім беру саласындағы қылмысқа қылмыстық-құқықтық қарсы іс-қимыл мәселелері.

Жоғары білім беруді құқықтық реттеу жүйесінде президенттік заң шығару актілері де маңызды болып келеді. Президенттік әкімшіліктің білім беру саясатының жалпы бағыттары Одақтың жағдайы туралы жолдауларда айқындалады, ал тікелей құқықтық реттеу Президенттің атқарушы бұйрықтарында жүзеге асырылады. Жоғары білім берудегі федералды құқықтың реттеуде АҚШ-тың Жоғарғы сотының  прецеденттік шешімдері де маңызды болып келеді.

Федералдық деңгейдегі жоғары білім беруді құқықтық реттеу саласындағы айтарлықтай сандық және сапалық өзгерістерге қарамастан, федералды заңнама мен осы саладағы құқық қолдану тәжірибесі жеткілікті түрде жүйеленбеген және қарама-қайшы болып келеді, бұл заң шығарушы және атқарушы биліктегі саяси күштердің өз пікірінде болуында және АҚШ Жоғарғы соты судьяларының консервативті және либералды көзқарастарының арақатынасына байланысты.

Жоғары білім берудегі федералды мемлекеттік органдардың заң шығару белсенділігінің артуына қарамастан, жоғары мектепті құқықтық реттеу мәселелерінің көпшілігі штаттардың құзыретіне жатады. Көптеген штаттардың құрылтай актілерінде, АҚШ Конституциясына қарағанда, жоғары білім мәселелеріне арналған арнайы ережелер бар, атап айтқанда, білім берудің әлеуметтік және саяси маңыздылығы мен жоғары оқу орындарын басқару жүйесі, университеттер мен колледждерді қаржыландыру шарттары, сондай-ақ дін мен жоғары білім арасындағы қарым-қатынас мәселелері туралы.  Мәселен, Вашингтон штатының Конституциясы штат шекарасында тұратын барлық балаларды нәсіліне, түсіне, кастасына немесе жынысына қарай ерекшеленбестен немесе қалаусыз тәрбиелеу үшін жеткілікті жағдай жасауға кепілдік береді. Батыс Вирджиния штатының Конституциясы зағип, мылқау және психикалық науқастардың білім алу мүмкіндіктеріне ерекше жағдай жасайды, ал Нью-Мексико штатының Конституциясы испан тілінде сөйлейтін халықтың білім беру құқығына кепілдік береді.

АҚШ университеттерінің академиялық еркіндігі туралы тәжірибесі де қызықты, өйткені олардың академиялық еркіндігі жоғары, ал федералды органдардың рөлі білімге қол жетімділікті кеңейтумен, ғылыми зерттеулерді қаржыландырумен және аккредиттеу агенттіктерін тану мәселелерімен шектеледі. Жеке университеттер мемлекеттік университеттерге қарағанда әлдеқайда көп автономияға ие, бірақ олар коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істеуі керек деген қатаң ереже бар. Академиялық еркіндікті насихаттауда Американдық университет профессорларының қауымдастығының да (American Association of University Professors) рөлі маңызды. Бұл АҚШ-тағы профессорлар мен басқа да ғалымдардан тұратын 1915 жылы Артур О. Лавджой мен Джон Дьюи негізін қалаған білім сапасы мен академиялық еркіндікті қамтамасыз ететін стандарттар мен процедураларды әзірлеу арқылы американдық жоғары білімді қалыптастыруға көмектесетін коммерциялық емес ұйым. Ұйымның миссиясы – академиялық еркіндік пен бірлескен басқаруды ілгерілету, жоғары білім берудің негізгі кәсіби құндылықтары мен стандарттарын анықтау, білім беру және жоғары білімнің жалпы игілікке қосқан үлесін қамтамасыз ету болып табылады.

Жоғарыда айтылғандарды қортындылай отырып, Қазақстан мен АҚШ әртүрлі геосаяси кеңістіктерде болғанына қарамастан, екі ел де жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді реттеу мәселесінде белсенді деген ойға келуге болады. Бұл ретте салыстырмалы талдау Қазақстан мен АҚШ-тағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді құқықтық реттеудің ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар екенін көрсетті. Бұл айырмашылықтар екі елдегі тарихи, мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың ерекшеліктеріне байланысты. Дегенмен, ұқсастықтар туралы айтатын болсақ, мынаны атап өтуге болады:

- екі жүйе де әртүрлі қызмет салалары үшін білікті мамандар даярлауға бағытталған;

- екі жүйеде де мемлекеттік және жеке білім беру мекемелері бар;

- екі жүйеде де жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін құқықтық реттеу мәселелерінде әртүрлі заңнамалық актілер бар.

Айырмашылықтарға қатысты мыналарды атап өтуге болады:

- ҚР Конституциясында азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы бекітілген, ал АҚШ-тың негізгі заңында штат конституцияларына сілтеме жасай отырып, жоғары білім туралы арнайы ережелер жоқ.

- АҚШ-та жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі нақты практикалық іске асыру деңгейінде қатты дамыған, корпоративтік басқарудағы қамқоршылар кеңесінің рөлі жоғары атап өтіледі.

- Американдық университет профессорларының қауымдастығы университеттердің ортақ күш-жігерімен академиялық еркіндікті ілгерілету мүмкіндігінің жарқын мысалы болып табылады. Қазақстанда осындай ұйым құру білім сапасы мен академиялық еркіндікті қамтамасыз ететін жоғары білімнің іргелі кәсіби құндылықтары мен стандарттарын анықтауға көмектесер еді.

Американдық оқу орындарында материалды механикалық жаттау құпталмайды. Оқытушылар оқу пәндеріне қызығушылықты ынталандыруға және студенттердің аналитикалық ойлауын дамытуға тырысады. АҚШ-тағы білім беру процесі үлкен икемділікпен, «нақты» академиялық еркіндікпен сипатталады. Оқушыларға жеке оқу бағдарламасын қалыптастыруда белгілі бір еркіндік беріледі.

Қазіргі кезеңде білім әлеуметтік қажеттіліктерге сәйкес өзгеріп жатқан прогрестің маңызды элементі ретінде қарастырылуда. Осыған орай, бұл процесте өзіміздің рөлімізді айқындау үшін елімізде білім берудің ерекше моделін құра отырып, оны сақтап қалуға тырысайық.

Пікірлер