Украинадағы ушыққан жағдай Бектеновтің жиынына себеп болды

1056
Adyrna.kz Telegram
Фото: Премьер-министрдің баспасөз хатшысы
Фото: Премьер-министрдің баспасөз хатшысы

Премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты президент берген тапсырмаларды орындау бойынша шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Олжас Бектенов қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, қаржы министрліктері басшылығымен Мемлекет басшысының негізгі әскери және азаматтық нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жедел кеңес өткізді.

Жиын барысында премьер-министр қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың стратегиялық және инфрақұрылымдық нысандарды қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәліметтерін тыңдады. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған бірқатар міндеттер қойды. Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау нысандарының қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды.

«Уәкілетті құрылымдардың басшылығына Президенттің қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуын ерекше бақылауда ұстау және жағдайдың өзгеруі туралы шұғыл түрде баяндау тапсырылды», делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ресей Федерациясының Астрахань облысы мен Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан «Капустин Яр» зымыран полигоны сынақтар үшін пайдалануда.

Еске салайық, бұған дейін президент Украинадағы жағдайға қатысты елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырған еді.

Ресей президенті Владимир Путин де бұған дейін Украинамен арада болып жатқан соғысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, қақтығыс ғаламдық сипатқа ие болғанын мәлімдеген болатын.

Пікірлер