Шеше деген баланы өмірге әкеліп қана қоймайды, оны асырап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жетілдіреді. Жаратушыға тән бойында өмірге әкелуші, тудырушы, туындатушы аналардың қамқорлығынсыз, шексіз мейірімге толы аналардың махаббатынсыз бұл әлемнің кескін-келбетін елестетудің өзі де қорқынышты.
Біз осы жолы қазақтың, тіпті арғы түрік дәуіріндегі қыз-келіншектердің тарихтағы өзіндік ерекшелігі, жалпы жауапкершілік деңгейі, қоғамдағы әлеуметтік орны қандай еді дегенге тарихи деректер негізінде қысқаша жауап беруді мақсат тұтып отырмыз.
Парсылардың патшасы Кирдың қан толы ыдысқа басын салған сонау Тұмар, Зариналардан бастап, Бопай ханымға дейін, тіпті одан да бері Әлия мен Мәншүк, Хиуаз Оспановадай аналарымыздың жауынгерлік ерліктері жас толқынға аңыздай көрінеді.
Жақында, 2017 жылы Серегин Н.Н., Тишин В.В. есімді қос ғалымның «Орталық Азиядағы түріктердің әлеуметтік тарихы» атты тамаша ғылыми еңбегі жарық көрді. Сонда байырғы түріктердің әйелдерінің әлеуметтік статусы туралы арнайы бөлім бар. Кітапта шешелеріміздің әскери өнерге өте жетік болғандығы көптеген нақты деректермен сипатталады. Бір жерінде ғалымдар былай дейді:
«В «Китаб-и Дэдэм Коркут» есть эпизод, когда подошедший к свадебному возрасту сын на вопрос отца, какую жену он хочет, ответил: «Отец, пока я еще не встал со своего места, пусть она встанет; пока я еще не сел на своего богатырского коня, пусть она садится; пока я еще не отправился к народу кровожадных гяуров, пусть она отправляется, пусть приносит мне голову». Ряд свидетельств позволяет судить о том, что женщины у кочевников в верховой езде и стрельбе из лука не уступали мужчинам и в определенных случаях принимали участие в боевых действиях».
Әйгілі «Баба Қорқыт туралы кітапта» да әйел адамның шапшаңдығы, шабандоздығы, батырлығы, жауынгерлігі үлгі тұтылатындығы аңғарылады.
Қытай деректерінде ежелгі түріктердің дәстүрінде тұрмыстағы әйелмен қарым-қатынасқа түскен адам өлім жазасына кесілетіні, ал басы бос бойжеткенмен байланысқан ер адам айыппұл төлеп, соған үйленуге мәжбүрленетіні жазылған (Лю Маоцай, 2002, с. 19, 20; Taşağıl A., 2003a, s. 112). Бұл да әйел затының абройын қорғауға, ар-ұяттан аттамауға негізделген заң болса керек. Біз мұны көшпелі бабаларымыздың ар-ұятты бәрінен биік қоятын асыл тектілігін аңғартатын дерек деп білеміз.
Археологтардың зерттеуінше, ерлер мен әйелдердің жерлеу орындарында айтарлықтай еш айырмашылық бола бермейді (Евтюхова Л.А., Киселев С.В., 1941, с. 100; Гаврилова А.А., 1965, с. 28; Кубарев Г.В), тек онда қойылатын заттарда ғана ерге және әйелге тән өзгешеліктер кездеседі. Бұл да әйелдердің ер кісілермен тең дәрежедегі әлеуметтік жағдайын айшықтайды.
Меркі жеріндегі көне түріктерге тән тас мүсіндердің басым бөлігі әйелдерге қойылғанын археолог Айман Досымбаева өз еңбектерінде дәйектеп жазды. Ал бәдіз тастар мен балбал тастар өз отбасына ғана емес, қоғамға ықпал еткен ірі тұлғаларға белгі ретінде қойылғанын ескерсек, оңтүстік өңірде әйелдерден билік өкілдері жиі шыққанын аңғаруға болады. Егер әйел кісілердің орны төмен болса, Айша бибіге, тіпті оның күтушісі, кейін шырақшысы болған Бабаджа хатунға кесене тұрғызылар ма еді?
Марко Полоның жазбаларында Қайду ханның Айжарық деген батыр қызы болғаны туралы арнайы жазылады. Айжарықтың батырлығы сонша, онымен жекпе-жекте ешкім шақ келмейді екен. Небір батырлардың тауаны шағылып, рухы түсіп қайтады деседі. Ал өзі болса, «Әке, мені жекпе-жекте жеңген жігітке ғана тұрмысқа шығамын» деп шарт қойыпты. Әкесі соған келісіпті. Бірақ ешкім де алысқанды алып жығар, құралайды көзге атқан мерген қыздан асып түсе алмаған. «Бірде бір ханның өте көрікті ұлы, абройы асқақ ханзада да келіпті. Қайду ханға да ол ұнаса керек. Әкесі «өтірік жеңіліп қала сал» дегенді ишаралап жеткізіпті. Айжарық оны да жеңіп шығып, жігіт меселі қайтып еліне оралыпты. Ақыры қызының жасы ұлғайып, оң жақта ұзақ отырып қалған соң өзінің бас қолбасшысына қосқан екен» дейді Марко Поло. Ертегілерде батырлар сынға түсіп, сүйгеніне қол жеткізу жолында небір қиындықтарда өтеді емес пе? Бұл да сол ертегілерді еріксіз еске түсіреді. Қарап тұрсаңыз, қай ата-ана өз баласының жаман болғанын қалайды. Қайду ханның қызына таңдау жасауға ерік бергенін, сонымен бірге болашағына алаңдаған қамқорлықты көреміз, жалпы қыз балаға ерекше құрметті аңғарамыз.
Кейінгі қазақтарда жаумен кескілескен шайқас аяқталған соң аналарымызды атқа мінгізіп, ер кісіше киіндіріп, көкпар тартқызған екен деген әңгіме бар. Бұл жаудың психологиясына әсер етіп, «мыналар демалудың орнына шаршамай көкпар тартып жатыр» деген ой тудырып, үрейін ұшырған. Келесі шайқаста жау жағы міндетті түрде жеңіліске ұшырайды. Өйткені, бойларын билеген үрейден айыға алмай рухы түседі. Мұның бәрі де шешелеріміздің ел мен жерді қорғаудағы жауапкершілікті ерлермен тең дәрежеде арқалай алғанын көрсетеді.
Кеңес Одағы кезіндегі екінші дүниежүілік соғыста бауырлас халықтардың ішінде, жалпы Орта Азияда Әлия мен Мәншүктей батыр қыздар қазақтан ғана шыққан екен. Неге? Себебі, ел мен жерді қорғау қанында бар қасиет еді.
Байырғы түріктерде де, кейінгі қазақтарда да көп әйел алу дәстүрі болды. Бұл әйел затын кемсіту, төмендету емес, олардың әлеуметтік жауапкершілікті түсініп, демографиялық мәселелерді бірлесіп шешіп, болашақ әскер дайындау ісіне ат салысуы іспетті. Мысалы, қаптаған қытайға қарсы селдіреген аз санмен соғысу – қиынның қиыны. Біздің осы күнге дейін құрып кетпей сақталып қалуымыз да сол әмеңгерлік тәрізді жесірін жылатып, жетімін қаңғыртпайтын әлеуметтік дәстүрлердің арқасы болар.
Жоғарыда айтқанымыздай, батыр аналар ғана емес, Жиреншенің өзіне қысылғанда жол тауып беретін Қарашаштай ақылды шешелер, әйгілі Біржан салмен тізгін қағыстырып айтысатын Сарадай ақындар туған қазақ еліне небір талантты қыздар өмірге келеріне бек сенімдімін. Тек батыс жақтан келіп жатқан шектен тыс бейәдептік пен шығыстан келіп жатқан шектен тыс тұмшалау, шектеулерден сақ болсақ дейміз. 19 ғасырда сырттан келген татар молдалары қазақ қыздарының құқығын шектеп, байларға қыздарды ақшаға сату жоралғысын дінмен рәсімдеген сұмпайы көрініс белең алады. Сөйтіп, қазақтың мың жылдық дәстүріне де дақ түсті, кірледі.
Қайран, шешелерім-ай, аңқылдаған аналарым-ай. Сәл жақсы жаңалыққа жүрегі жарылардай шексіз қуанатын, сәл ауыртпалыққа жүрегіне салмақ сала уайымдайтын басқа тағы кім бар екен? Мәшһүр Жүсіп «Расында да, Адам мен Хауа-Ананы Құдай жаратты. Бірақ одан туған баланы Құдай жаратқан жоқ» дейді. Бізді жаратқан шешелерімізге мың да бір тағзым!
Арман СЕРІКҰЛЫ,
«Адырна» ұлттық-этнографиялық
бірлестігінің директоры