Кейінгі жылдар ұлттық ат спорты жан-жақты дамып келе жатқанын көріп жүрміз. Түрлі қашықтықтағы бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу секілді халыққа бұрыннан таныс ат ойыны түрлерінен басқа, асау үйрету де ат спортының бір түрі ретінде қолға алынып жатыр екен. Әрине, бұның бәрі ұлтымызға етене жақын, сонау түркі заманынан бүгінге жалғасып келе жатқан дәстүрлеріміз. Қолдап, қуанғаннан басқа айтарымыз жоқ.
Сіздерге әңгіме етпекші тақырыбымыз: бүгінде жазықсыз ұмыт болған, қазақтың тағы бір атүсті өнері – құрықшылық. Яғни, жылқыны құрықпен ұстау өнері.
Көпке белгілі, бос жүрген жылқыны ұстаудың бірнеше түрі бар. Олардың бірі – шалма тастау. Біздің жақта бұны бұғалық деп те айта береді. Шалма тастауды көбінесе қытай, моңғол жерінен қоныс аударып келген қандастарымыз қолданады.
Ал, Арқа өңірінде сонау замандардан бері жылқышылар тек құрық ұстайтын. Қандай асау жылқы болса да, кәнігі құрықшылар құрық салып тоқтата береді. Әрине, бұл жақта да бұғалық қолданылады, бірақ оны шалмалап алыстан лақтырмайды. Бұғалық арқан құрықтың басына ілініп, сосын ұсталмақшы жылқының мойнына тасталады. Және бұндай бұғалық салу әдісі ертеде кезде көп қолданыла бермейтін. Кейде ондаған, жүздеген бас жылқылар ұсталып, ет комбинатына, басқадай жаққа көлікке артылар кезде кезде ғана бұғалық қолданылатын. Қазір, байқап жүрміз, бабалардан қалған құрықшылық өнер ұмытылып барады, барлығы біржола бұғалыққа көшіп алған.
Ерте кезден (тоқсаныншы жылдарға дейін) бұл жақта жылқы бағатын адамның негізгі құралы – құрық болатын. Себебі, бар өмірлерін жылқы ішінде өткізген қариялардан қалған: «Бұғалықты қатын ғана ұстайды» деген қағида бар. «Егер жігіт болсаң, асауды құрықпен ұста» деп үйрететін. Сондықтан ат мініп, жылқы баққан адам міндетті түрде далада өз атын өзі құрықпен ұстап алуға дағдыланады. Бірақ екінің бірі нағыз құрықшы бола бермейді. Оны да да жігіттің жігіті ғана игереді.
Енді осы құрық деген не, ол қандай болуы керек десеңіз, ол ұзындығы 3-3,5 метр болатын қайың немесе өзеннің майысқақ қара талынан жасалады. (Терек, басқадай ағаш құрыққа жарамайды, морт сынып кетеді). Құрықтың түп жағы жуан, шамамен жас баланың білегіндей болады және бір метрдей жерінің қабығы алынып тасталады. Ұш жағы сүйірленіп барып бітеді. Және ең жіңішке ұшы екі айыр болу керек. Ол жерге құрықтың бас бауы байланады, сол шығып кетпес үшін керек.
Енді құрықтың бауы жайлы бірер сөз. Ерте уақытта әрине, құрықтың бауы қылдан есілетін. Біздің елде ертеде Теміржан деген құрықшы қария болған. (Ақын, драматург Аллажар Теміржановтың әкесі). Бертін, алпысыншы жылдардың аяғында қайтыс болды. Осы кісінің қолы қанды болып, құрық салғанда, жылқының мойнын үзіп жібереді екен. Сол Темең жарықтық, біздің бала күнімізде: «Құрықты Ерейменнің қызыл қайыңынан ұстаймыз, шынжырдай қылып қылдан бау есеміз» – деп отыратын. Бүгінде бұндай қылдан бұйым есетін адамдар таусылып біткен. Сондықтан қазір құрықтың бауы көбінесе синтетикалық жіптерден есіліп, өріліп жасалады. Ұзындығы шамамен төрт жарым метрдей болып қалар. Осы құрық бауының басына одан да жіңішке бас бау деген жалғанады. Ол құрықтың басына қазықбаушылап байланады. Бұл – құрықтың бас жағы. Енді баудың екінші жағы құрықтың түбіне 1-1,5 метр жетпей байланады. Ол байлаудың да екі түрлі әдісі бар. (Бірақ байлап көрсетпесе, сөзбен түсіндіру қиын). Осы бауды байлағанда, ең бастысы құрықбаудың толғауы дұрыс болу керек. Яғни, баудың артық орамы адамның алақаны мен шынтағының арасындай болғаны дұрыс. Егер толғау бұдан кең болып кетсе, онда асауды ұстағанда, шекелеп бұрау қиын болады, себебі бау жылжып, жылқының желкесіне қарай кетіп қала береді. Егер толғау тар болса, онды тағы қиын, асаудың мойнына түскен соң, шекелеп бұрауға тар болады. Сондықтан құрық бауының толғауы дұрыс болуы ең басты нәрсе.
Қазақта: «Баласы жүйрік айғыр – ат ұстайды» деген мәтел бар. Бұның мағынасына көп адамдар түсіне бермеуі де мүмкін. «Ат ұстайды» деген – қашаған ұстайды деген сөз. Біздің жақта оны жалпақ тілмен «ат ұстайды» «ат ұстайтын ат» деп айта береді.
Ат ұстампаз аттың қасиетін жылқы бағып, соның ішінде өскен адам ғана біледі. Кейде күні бойы ат үстінде жылқы жинап шаршап, өзіңнен де, астыңдағы атыңнан да әл кетіп келе жататын сәттер болады. Осылай өзің қажып келе жатқанда, астыңдағы атыңнан болдырғаны қандай жаман! Оны жіберіп, басқа ат ұстап мінейін десең, болдырған ат оған жарамайды. Бұл жерде сені құтқаратын жаңағы «ат ұстайтын» аттар. Бір табын жылқының ішінде осындай ат ұстампаз бірнеше аттар, биелер болды. Және осылардың кейбіреулері құрық көтерсең, тұра қалатын көндімбай малдар. Егер сәтін салып, бұлардың біреуі қолыңа түсіп, іліп қалсаң, онда шаруаңның шешілгені. Сосын ат ұстайтын атқа тақымың тигесін, қалың жылқының ішіндегі кез келгенін ұстап міне бересің.
Енді осы ат ұстампаз, қашаған ұстайтын аттар жайлы айтсақ. Кез келген жылқы малы жылқы ат ұстампаз бола бермейді. Бұндай өнер тегінде бар, жақсы айғырдың балаларында ғана болады. Жоғарыда айттық қой, «баласы жүйрік айғыр – ат ұстайды» деп.
Осы қашаған ұстайтын аттар да екі түрлі болады. Бірі – иірмеде ұстауға машықтанғандар. Көбінесе жылқы иіріліп немесе ыстықта үйездеп тұрған кезде. Бұндай аттар әбден әдістеніп алған, аса әбжіл келеді. Нағыз «орнында тұрып айналатын» жылқылар. Бұндай аттар жылқының ішінде жалтара қашқан қашағанның соңынан бірге жалтарғанда, үйренбеген адамдар үстінен түсіп қалып жатады. Біздің жас күнімізде осындай Мысықкөз, Пистолет деген биелер, небір құрықшыл аттар болып еді.
Қашаған ұстайтын аттардың екінші бір түрі – бұлар жылқыдан шығып кетіп, далаға қашатын нағыз қашағандарды ұстайтындар. Күнделікті мініп жүрген мініс аттарының ішінде де қашағандары көп болады. Құрық көтерсең болды, табыннан шыға қашады. Міне, осындайда «қашағанның шөбін жұтқызбайды» деген нағыз айтулы аттар болады, қашқан жылқыны еркіне қоймай, қуып жетіп ұстайды.
Енді құрықшылық өнер туралы. Жоғарыда айттық, кез келген жылқышы құрықшы бола бермейді. Бұлардың ішінде де әбден әдіс-айласын меңгерген шеберлер бар. Әрине, құрықшыға ең бірінші жылдамдық керек.
Құрық салудың екі түрі бар. Яғни құрықты сол жақ қолыңмен сілтер болсаң, оны көміп салу дейді. Бұндай кезде сақ болу керек. Құрық бауы асаудың омырауына түсіп кетіп, құрықты алып кетуі мүмкін.
Екінші әдісі – құрықты оң жақ қолыңмен салу. Бұны – іліп салу дейді. Бұның бір оңды жері – құрық асаудың мойнына түсісімен, бірден көтеріп, шекелеп алуға болады. Бір жаман жері – құрықты тастау үшін, асауға тым жақын болуың керек.
Енді асауды қалай тоқтау керек. Құрық асаудың мойнына түсісімен, дереу көтеріп, шекелеп алуға тырысу керек. «Шекелеу» дегеніміз, құрықтың бауын көз бен құлақтың арасынан түсіріп, сосын бұрайсыз (суретті қараңыз). Егер құрық жуан мойынға түссе, онда асауды тоқтату қиын болады.
Кейде мойнына құрық түскен асау басын олай-бұлай сліккенде, құрықтың бауы жылжып, тұмсығына қарай түсіп кетеді. Кәнігі жылқышылар осы тұмсықтан түскен соң да, бұрай береді. Біраздан соң, тұншыққан жылқы етпетінен құлайды.
Құрықшылықтың тағы бір түрі – жерден қағу. Яғни, жаяу тұрған адам алдынан шауып өтіп бара жатқан жылқыға құрық сілтейді. Бірақ құрық бауды жылқының мойнына түсірмейді, тұмсығынан іліп қана қағады. Сонда шауып бара жатқан жылқыны тұмсығынан іліп алып, тартып қалғанда, ол мойны қайырылып, омақаса құлайды. Бұндайда кейде жылқының мойын омыртқасы үзіліп кететін де жағдайлар болады.
Біздің осы құрықшылық өнер жайлы сөз қозғап отырғанымыздың себебі, бұл да ат спортының бір түрі. Жігіт адамның ат үстіндегі нағыз шапшаңдығын, әбжілдігін, әдіскерлігін айқындайтын өнер. Сондықтан, алдағы күндерде құрқышылық өнерді де ұлттық ат спортының қатарына енгізіп, насихаттаса дұрыс болар еді.
Сайлау Байбосын
"Адырна" ұлттық порталы