Жәңгір хан туралы «Сарай сыры» телехикаясы көрерменге жол тартпақ

4799
Adyrna.kz Telegram

27 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен 9 тарихи телехикаяның таныстырылымы өтті. Оның ішінде 1823-1845 жылдар аралығында Бөкей Ордасында билік құрған Жәңгір ханға қатысты тарихи оқиғаларға негізделген «Сарай сыры» атты телехикая қалың көпшілікке жақын арада жол тартпақ.

Сериалда Жәңгір ханның саяси аренадағы рөлімен бірге, сарайдағы ішкі өмір, ханшалар арасындағы қарым-қатынастар, төрелер төңірегіндегі астыртын ойындар тарихи фактілерге сүйене отырып, көркемдік тәсілмен әрленіп беріледі.

Орынбор және Уфа қалалары мүфтиінің қызы Фатима ханшаның Хан Ордасына келіп түсуімен, хикаядағы шытырман окиғалар жаңа өpic алады.

Оқиғаның көп бөлігі хан сарайында өтеді. Жәңгір хан алып келген жаңалықтар өз ордасының маңайында бой көтереді. Қыздар училищесі, емхана, дәріхана, ауа райын бақылайтын станция, баспахана және алғашқы мұражай, банк, жәрмеңке және орман шаруашылығы сияқты көптеген жаңалықтарды енгізгені негізгі идея ретінде көтеріледі.

Сарайдағы оқиғалар, ханның сұлтандарды қабылдауы және Фатиманың оқиғалары қатар өрбіп отырады. Хандықтың соңғы жылдарында орын алған, Исатай мен Махамбеттің тұлғасына қатысты шиеленіске толы тарихи оқиғалар да қамтылады.

Бұл оқиғалардың көпшілігі тарихи шындық болғанымен, көркем шығармаға тән стильмен әрбір оқиға тарихи шындықпен астаса беріледі.

Сериалда Жәңгір хан рөлін актер Медғат Өмірәлиев сомдаса, Фатима рөлінде - актриса Әмина Мектепбаева. Махамбетті актер Дархан Сүлейменов, Исатай рөлін Нұрлан Сағынаев сомдайды.

Телехикаяның ерекшілігі, актерлердің имиджі мен костюмдеріне баса көңіл бөлінген. Бұл туралы «Адырна» тілшісіне «Сарай сыры» телехикаясының продюсері Арман Сқабылұлы:

«Бөкей Ордасындағы қазіргі мұражайда Жәңгірдің сарайында қолданылған ыдыс-аяқтан бастап Жәңгірдің, Фатиманың кимідеріне дейін ілулі тұр. Сериалды түсіру барысында дәл сол киімдер үлгі ретінде алынып, арнайы киімдер тіктірілген болатын. Шындығында да, Жәңгір - көшпелі қазақ даласына өркениеттің тамырын алғаш тартқан тұлға ғой. Өзі 5 тіл, жары Фатима 7 тіл білген екен. Бүгінде елордамыздың сәніне айналған Ботаникалық саябақ сол заманның өзінде Бөкей ордасында да болған. Мұражайдағы Фатиманың киген киімдері әлі де сақтаулы. Киімді жоғары талғаммен, арнайы тіктіріп кигені сезіледі. Бізде бір қатып қалған қағида секілді бірдеңе бар. Тарихи кино түсірсек, қазақтарды жыртық шапанмен, көшіп-қонып, ат соңында ілбіп жүрген халық секілді ғана қылып көрсету керек сияқты. Түрік сериалдарын қараңызшы. Сол замандағы Сүлеймен патшалары тап осы сериалдағыдай боп киініп жүрді ме екен? Жоқ, әрине. Бірақ, түріктер өздерін әлемге қалай көрсету керектігін біледі. Жәңгір ханның сарайында жаңа айтқан құнды дүниелердің бәрі болған. Дәлеліміз жетеді. Әлгі аузымыздың  суы құрып көрген "Сүлеймен Сұлтандағы"  әйелдердің ғажайып киімдері Осман империясы тұсында болмаған да екен. Сериалдың костюмерлері ХVII ғасырдағы еуропалық әйелдердің киімдерінің прототипін ала салған. Не үшін?  Ұлы түрік халқын жақсы жағынан әлемге паш ету үшін! Сонымен күтіңіздер!  Жақында Ұлттық Арнада —"САРАЙ СЫРЫ"!» деп пікірін білдірді.

 

Сонымен қатар телехикаядағы Жәңгір образына және Махамбет арасындағы қайшылығына қатысты пікірін:

«Исатай мен Махамбет өз биігінде және сол биікке Жәңгірді де көтеруге тырыстық» деп жалғады Арман Сқабылұлы. Осы сұраққа қатысты телехикая сценаристтері Асқар Дүйсенбі мен Жәмит Көшербаев та пікірін білдіре кетті:

«Телехикаяның сценарийін құру барысында руаралық қатынастарға түсіністікпен қарап, екіжақты бейбіт ойды сақтауға тырыстық. Өйткені, тарихи көзқараспен қарасақ, кезінде екі ру да бір-біріне тілекші болған. Сол тұрғыдан алғанда бұл жерде ешқандай руаралық немесе тарихи теріс пікір туындататын сәттер жоқ. Телехикая арқылы керісінше, Жәңгір ханның жұртшылық үшін жасаған жақсылықтары, сауат ашу мәселесіне аса көңіл бөліп, отырықшылыққа дәріптеген үлкен реформаторлық қырын көреміз» деп жауап берді Асқар Дүйсенбі.

Бүгінде «Сарай сырының» тизерін көрген жұрт, «сарттанған өзбек ұлтына ұқсас»,  «Сұлтан Сүлейманның арзан көшірмесі» деген сынды пікір айтуда. Алайда сценаристтер мұнымен келіспейді:

«Түріктің «Сұлтан Сүлейменімен» салыстыратынын біз білдік. Себебі, оқиға ұқсас. Жәңгір – қазақ хандарының ішіндегі орда тұрғызып, сарайда өмір сүрген бірден-бір хан. Алайда телехикаяда, Жәңгір ханның сарайдағы оқиғалары, отырықшылыққа аса мән бергендігі, тарихта бар деректерге сүйеніп оның төрт әйелі болғандығы бейнеленеді. Оның ішінде шалғайдан ұзатылып келген Фатима есімді әйелінің болуы, Сүлеймен сұлтанның Хюрреміне де ұқсас болуы да мүмкін. Алайда, бұның барлығы тарихта болған оқиға. Киім жағының ұқсас болуы, Бөкей Ордасының географиялық орналасуының Еуропаға, сауда даңғылына жақын болуы да себепкер. Киім де, тұтынатын бұйым да, ыдыс-аяқтары да ар жағы Ресеймен, бер жағы Бұхараның мәдениетімен бітісіп қайнап жатыр. Сондықтан киіз үй көрінісіне үйреніп қалған біздің көрерменге, бір көргеннен өзгеше көрінуі мүмкін. Жалпы сценарий негізделіп құрылған тарихи деректер, Жәңгір ханның сарайына қатысты құжаттар, Орынбор, Астрахань губерниясында құжат түрінде барлығы сақтаулы тұр. Сценарийді тарихи құжаттарды зерттеп, деректерге сүйеніп отырып құрдық» деп жауап берді Жәмит Көшербаев.

Исатай рөлін сомдаған Нұрлан Сағынаев өзінің образына қатысты пікірін:

«Әлі премьера болған жоқ. Сондықтан баға беріп, кесіп айту қиындау, Алайда Исатай образын толықтай күшімді салып, жақсы ойнап шығуға тырыстым. Қалың көпшілік өзі де көріп, оң бағасын береді деген ниеттемін» деді.

Қазақ даласына батыс өркениетін алып келіп, көптеген мәдени жаңалықтардың халқымызға келуінe себепкер болған Жәңгір хан туралы «Сарай сыры» туындысы жақын арада Ұлттық арнада көрерменге жол тартады.

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер