Біртановтың қорғаушысы қылмыс "жасағаны" рас па?

2434
Adyrna.kz Telegram

Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қорғаушысы Дмитрий Куряченконің үстінен қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Адвокаттың айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігі оның үстінен қылмыстық істі заңсыз қозғаған. Адвокат Куряченко Республикалық адвокаттар алқасына жүгініп, көмек сұрады.

Қылмыстық іс ертеректе қозғалыпты. Қаржылық мониторинг агенттігі "тергеу құпиясын жария етті, Біртановтың ісін тергеуге кедергі келтірді" деген күдікпен биылғы жылдың 1 сәуірінде іс қозғаған.

Адвокаттың айтуынша, тергеушілер оның үйін тінтуге рұқсат сұраған. Алайда сот бұған рұқсат етпеген. Сондай-ақ, адвокаттың ісі бойынша тергеушілер журналистерді де тергеуге шақырып, адвокаттың лицензиясын қайтарып алу туралы Әділет департаментіне хат жолдаған. Тергеушілердің бұл жолы да маңдайы тасқа тірелгендей болыпты.

Бір қызығы, Біртановтың адвокатының сөздерінен заңға қайшы ештеңе таппағандықтан қылмыстық іс қысқарған. Ал адвокаттың өзі бұл іс туралы тамызда ғана білген. Бұл жөнінде Бас прокуратураға шағым жолданып, тергеушілерді жауапқа тартуды талап етіпті.

Республикалық адвокаттар алқасы да аң-таң. "Бұл – адвокат Д.Куряченконың құқығын өрескел бұзу", – деп мәлімдеді адвокаттар алқасы.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер