Алматы облысында екі ағайынды жігітті құлдықта ұстаған

2819
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында "құлдықтамыз" деген ағайынды екі азамат құтқаруды өтініп, видеоүндеу таратқан деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "31 арнаға" сілтеме жасап.

Шағымданушылардың сөзінше, оларға Кербұлақ ауданында Ғабит Бөрібаев есімді азамат екі айдан бері күштеп мал бақтырған.  Кәсіпкер малшыларға не ақы төлемей, не жейтін астарын бермеген.

"Құлдықтан құтқарыңыздар" деп көмек сұраған бес баланың әкесі Бибол Ясымбек бейнежазба жазып жіберген. Оқиға орнына полицейлер барғанда, олардың алдынан қария шыққан.

87 жастағы ақсақал екі баласын малдың иесі жібермей жатқандықтан, оларды босатуын сұрап, үлкен басымен келгенін айтады.

– Өлсеңдер осы жерде өліп қалыңдар дейді. Біз адам емес, ит құрлы болмадық қой бұған. Неге қорлайды бұл бізді? Ей айналайын бұлар өліп қалса, мен қайтып жан бағамын дедім? — дейді Нұрбол мен Биболдың әкесі.

Сонымен "құлдықта ұстап отыр" деген екі ағайындының сөзінше, қазір олар 46 бас сиыр, 150 бас жылқы, 400 бас қой бағып отыр. Олар осыншама малды қарауға бар болғаны 250 мың теңге алады.  "Қазір денсаулығымыз жарамайды, малды қарамаймыз" деген олардың қарсылығына қарамастан малдың иесі бұл екеуін күштеп ұстап отыр екен.

— Біз малды өз бетімізше тастап кетуге қорқамыз. Мынау енді қинау болмағанда енді не? "Кетпейсіздер. Мына малды қарайсыңдар", — дейді. Бізді қорқытты. Ана үйіне кіргізіп алып, қорқытты. Қамшымен. Қамшысын бүктеп алып, қайда барсаң онда бар деп бізді бопсалады. Екі ай болды, он тиын ақы алған жоқпыз. Осы жерде ішіп, жейтін тамағымыз да қалмады. Осы 400 бас қойды қырқытып та алды, оның да ақшасын берген жоқ, — дейді ағайынды малшылар.

Ал отар-отар малдың иесі Ғабит Бөрібаев ешкімді күштеп ұстап отырмағандығын айтады. Керісінше, олардың "бес жылға дейін мал бағамыз" деген уәдесіне сеніп, несиесін өтеп, балаларына жағдай жасаған.

– Ешқандай зорлық-зомбылық болған жоқ. Келісім шарттарымыз Ясимбек Биболмен 3 жылға, Ясимбек Нұрболмен 5 жылға болған. Бірақ келісім шартқа қарамай, ол азаматтар келісім шарттарын бұзды. Құдай бұйыртса 10-15 күнде ме екен, бір жетінің ішінде ме екен, малшы табылса жұмыстан босатуға уәде беремін, — дейді Ғабит Бөрібаев.

Ал "мал қарауға денсаулығымыз сыр бергендіктен, келісімшартты бұздық" деген екі ағайынды малшылар қожайын өзге бақташыны әдейі іздемей жүргендігін айтып, күдіктенеді. Қазір бұл істі Кербұлақ ауданы полициясының бастығы өз бақылауына алған.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер