Қазыбек ИСА: Тіл үшін алаңға шығуға дайын Әбе тоқсан жетіге толды

2389

Ел үшің ең басты мәселе болып тұрған ол ниетінен Әбең бүгін де қайтқан жоқ…

Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Халық жазушысы атағы бар екі жазушының бірі (екіншісі әйгілі ақиық ақынымыз, тіл қорғаны Мұқтар Шаханов), жазушылардан жалғыз көзі тірі КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (барлығы үшеу-ақ болған, екеуі - М.Әуезов, Ж.Молдағалиев), қайсар қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов бүгін 22 қазанда 97 жасқа толды! Алла жар болсын Алаш абызына!

Әйгілі “Қан мен тердің”, “Сең” және “Соңғы парыз” романдарының авторы әлі тың, құдайға шүкір.

Екі жыл бұрын торқалы тоқсан бес жасын тойладық. Тоқсанын тойлатпаған еді, тоқсан бесін қаламгер-қайраткерлер бар, билігі бар, жабылып жүріп сұрағасын, зорға келісім берген еді…
“Ақ жол” партиясының атынан құттықтап бардық, жыр арнадық:

АБЫЗ. Әбді-Жәміл Нұрпейіске

"Қан мен терді" әлем бүгін ән ғылып,
Жан мен шерді жырлап жатса-заңдылық!
Кейіпкерлер атып шығып кітаптан,
Кетті өмірге араласып мәңгілік!

Тербелесің терең теңіз зарымен,
Әділдікті талап еттің бәрінен.
Өмір үшін күресудің не екенін,
Мұзға жазды ел тырнағының қанымен...

Теңіз беті қызыл қанға боялып,
Дауылдардан кетті қазақ оянып...
Еламандай Ерге еліктеп өстік біз,
Ақбаладай аруларды аядық...

Қабағына қарататын қоғамды,
Сүйеу болар Сүйеу қарттар жоқ әлгі..
Тәңірберген күшін әлі көрсетіп,
Біздің билік Судыр Ахмет боп алды...

Өмірге бұл өте қатал сұрағы,
Қалендейін қаранарлар шыдады...
Тіліміз бен ділімізге обыр боп,
Шодыр* біткен шодырайып жүр әлі...

Мұз үстінде ажал болып әр адым,
Балықшылар аулағанда тамағын,
Толқындармен алысса да таппаған,
Алтын балық сыйлады Алтын қаламың.

Ұлықтардың ұлтсыздығын ұқпадың,
Тіреу болды Тілді қорғап шыққаның.
Кері итеріп кеше Кеңес көсемін,
Желтоқсанның ызғарынан ықпадың.

Арыныңнан Арал толқып ырғала,
Тілеуіңді тілеп бүкіл тұр Дала.
"Жүзге жет!"-деп, желпінсем мен, жекисің,
"Бес-ақ жылды берді ғой" деп "бұл бала...."

Дүниені дүбірлетіп әр ізің,
Орындадың ұлттың " Соңғы парызын".
Ел алдында енді жоқ қой қарызың.
"Еламан" деп Ердің атын қойғандай,
Ел аманда -Сен амансың, Абызым!

Әбең жылы жымиып, қолымды қысып, ризашылығын білдірді.

Әбеңнің тоқсаннан асса да қайраты әлі қайтпағанына 2017 жылы өзім куә болдым. Сол кезде біз, ұлт зиялылары Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау үшін Қазақстан Президентіне Ашық хат жариялаған едік.

Сол Ашық хаттың мәтінін көрсетуге көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай екеуміз Әбеңе келгенбіз.
Әбең жасы тоқсанның бесеуіне келсе де біз апарған хатты асүйінде шәй ішіп отырып, көзілдіріксіз оқыды… Біраз жерін, түзеді.
Ертеңіне тағы бардық Смағұл көкем екеуміз. Тағы түзеді. Ашық хаттағы қаламгерлердің ретін түзеді. Өзі қатты құрметтейтін Дулат Исабековты өзінен кейін екінші етіп қойды. “Асанәлі неге жоқ?”-деді маған қадала қарап. Ол тізімде Асанәлі Әшімов ағамыздың болмағанына тап бір мен кінәлі секілдімін. “Асанәлі ағамыз қол қоя ма екен?”-дедім мен дүдәмал күйде. “Қояды, “мен айтты” дегін. Академик Камал Ормантаевқа да қойдырыңдар” деді дауысын нықтап. Сонымен, сол күні түнде Камал ағамыздың үйін іздеп жүріп тауып алып, қолын қойдырдым. Сөзге келмей бірден қолын қойып берді ол кісі. Академик Төрегелді Шарманов ағам қатты қолдап, қуаттап тұрып қол қойды. Асаналы Әшімов ағамның да қолын қойдырдық, Әбеңнің сәлемін салмақтап айтып, біраз еңбек сіңіріп жүріп…

Үшінші күні Смағұл
“енді өзің бара бер” деді. Бардым. Тағы түзеді. Есіме ол кісінің шығармаларын түзей беретіні туралы әңгімелер түсті. Қара шал қатайып алған. “Мына жерін неге былқылдатып, жұмсартып жібергесіңдер? Сенің ондайың жоқ еді ғой? Оны кім жазды? Смағұл ма?”- дейді маған шаншыла қарап. Ойпырмай, менің жазғандарымды оқып жүреді екен ғой деп қоямын ішімнен марқайып.
“Әбең түзей береді, “жөндедім” деп, өзің дұрыс деп тапқаныңды жариялай бер”-деді Смағұл көкем күшті кеңес беріп.

Әбеңе барып жүрген сол кезде тарлан жазушымыз өткенде Смағұл ағамыз айтқан әйгілі сөзін айтқан еді. Иә, ол сөз 2021 жылы 17 шілдеде Алматыда депутаттық жұмыс жоспарыма сай Қазақстан Жазушылар одағында көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков бастаған бір топ зиялы қауыммен, шығармашылық одақ өкілдерімен кездесуде айтылған болатын. Енді сол кезде “Қазақ үні” газетінде жарияланған Смағұл Елубай ағамның өзінің сөзін келтірейін:

“Бұдан үш жылдай бұрын Қазыбек Тіл мәселесін қолдауға байланысты дүбірлі бір қозғалысты бастады. Ол, шынтуайтында, Тіл майданы еді. Бәріміз сол күреске дайынбыз деп жаппай қол қойдық. Ту ұстаушымыз Қазыбек Исаның маңайына шоғырландық. Қажет болған жағдайда, Мемлекеттік тіл үшін алаңға, көшеге шығамыз деп шештік. Тоқсан бес жастағы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі «Тіл үшін алаңға шыққан елдің ең алдында мен жүретін боламын” деп ширықты. Сөйтіп, әлгі хатқа бүгінде 126 мың белсенді адам қол қойды. Ал оның сыртында белсенді емес миллиондаған қазақ тұр ғой!”-деп толғап, толғанып сөйлеген еді Смағұл ағамыз.

Иә, Мемлекеттік тілді талап етіп, Президентке жазылған Ашық хатқа
еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастаған ұлт зиялылары қол қойды. Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатқа «Қазақ үні» ұлттық порталында бүгінде 126 мыңнан астам адам қол қойып, қолдап, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл біржарым айда ғана 125 мыңнан асқан Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті.

Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең басты өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында бұл Ашық хатты 1 миллионға жуық адам оқып, 2000-нан аса пікір жазылып, қолдау білдірді.. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес.

126 мың адамның қолы қойылған Ашық хат Президент әкімшілігіне, Ақордадағы санаулы ұлт қайраткерінің біріне ұлттың Аманаты ретінде тапсырылған болатын. Ол ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қолына тиді ме, тимеді ме белгісіз.
Егер қолына тисе, сол Ашық хатқа өзі бірінші болып қол қойып, жасы жүзге таяған шағында қазақ тілі үшін алаңға шығуға дайын отырған Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге қан майданды кешіп келген, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған қаламгер, кемел жазушы Кемел Тоқаевтың президент ұлы артында миллиондар тұрған халықтың Ашық хатына назар аудармауы және нәтиже шығармауы мүмкін емес деп ойлаймын.

Бүгін 22 қазан -толағай 97 жасқа толған Алаш абызы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған күні!
Кешегі Қазақ Халық Ассамблеясы жиынынан қазақ қайраңдап қалғанда, дәл бүгін туғаныңызға дән ризамыз Әбе! Өйткені, құттықтаймыз деп, жырымызды, мұңымызды айтып қалдық. “Қан мен тердің” авторына Жан мен Шерді ағыттық.

Құдай қаласа, енді екі-үш жылда Жамбылдың жасы, Жүз жастың жүзі көрініп қалар деп тілеп отыр еліңіз.

Ұлттың мүддесі жолында тоқсан бесінде де топ жарған толағайымыз, Алаш аузына қараған абызымыз Әбе, құдай сізге қуат беріп, Алла жар болсын!

Біздің биліктің пиғылына қарағанда қайратыңыз қайтпай, Қазақ тілінің Тәуелсіздігі үшін қай кезде де алаңға бастап шығуға дайын болыңыз!

Біз бәріне де дайынбыз!

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар