Онлайн-хабарландыру платформаларының бірінде үздік үлгеріммен бітірген түлек "Алтын белгі" медалін 2 000 000 теңгеге сатуға қойған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Хабарландыру сайтта жарияланып, Қостанай қаласы белгіленген.
- Жап-жаңа, 2 миллион теңгеге сатамын. Білесіз бе, медаль эксклюзивті, бұлардың саны көп емес! Егер сатып аламын десеңіз 1,5 миллион теңгеге бере аламын, – деп жауап берді телефонда жарнаманың авторы.
Оның айтуынша, ол мектепті биыл бітірген. Медаль иесі өзін таныстырудан бас тартты. Естелік затты не себепті сатқалы жатқанын да түсіндірмеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша 9 738 түлек "Алтын белгі" иегері атанды. Бұл өткен жылдардың көрсеткіштерімен салыстырғанда рекорд болып танылған. Биылдан бастап "Алтын белгі" меделіне үміткерлердің емтихан жұмыстарын мектептер емес, білім басқармалары жанындағы комиссиялар тексеретін болады. Оқу озаттарының тізімі осы комиссия шығарған шешімнен кейін ғана бекітілмек.
"Адырна" ұлттық порталы