Илья Ильин атындағы мектеп ашылмақ

321

Илья Ильин атындағы ауыр атлетика мектебін ашу жоспарланып отыр. Мектеп Шығыс Қазақстан облысында бой көтермек. Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

«Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы және өзге де жарыстарда үздіктер қатарынан көрінген зілтемірші Илья Ильинмен кездестім. Үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы атанған Илья серпе көтеруде әлемдік рекордты да жаңартқан. Ол жай спортшы ғана емес, адами болмысы мен тұлғалық қасиеті өзара үндескен адам», - деді ол.

Қазіргі таңда Илья Ильин Қызылорда қаласындағы «Мұз» сарайын басқарады. Оның ауыр атлетика мектептерін ашу жайлы үлкен жоспарлары бар.

«Кездесуде Шығыс Қазақстанда Илья Ильин атындағы мектепті ашу мүмкіндігін талқыладық. Біздің спортшылар әртүрлі әлемдік жарыстарда өздерін осы спорт түрінде өте жақсы көрсетеді. Өйткені ауыр атлетика - тек қана алып дене мен күшті ғана емес, рухани мықтылықты да талап етеді.

Сондай-ақ ауыр атлетіміз Денис Улановты қалпына келтіру, оңалту және үлкен спортқа қайтару туралы тақырыпта сөз қозғадық. Илья жуықта Азия чемпионы атанған облысымыздың «Алтай» клубының волейболшыларына риза екендігін де жеткізді», - деді облыс әкімі.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы