Алматы облысында 154 адам жемқорлық дерегімен жауапқа тартылған

2436
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері биылғы жылдың сегіз айындағы жұмыс қорытындысын жария етті. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Антикор" орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев ведомствоның қызметі және ағымдағы жылдың 8 айындағы жұмыс қорытындылары туралы айтып берді.

Есепті брифинг "Журналистер үйі" ғимаратында өтті. Оған "Жетісу - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев пен БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

Кездесу облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы бірінші орынбасарының сөзінен басталды, онда ол алдын алу жұмысының негізгі бағыттары туралы айтып, өңірдегі қылмыстық істердің статистикасын келтірді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын жедел сүйемелдеу бойынша шараларды күшейтті. Сондай-ақ, аталған департамент өкілі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары туралы статистиканы жайып салды.

– "Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) 2021 жылдың 8 айында 87 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеді, оның ішінде 78,2 пайыздан астамы немесе 68 қылмыс сыбайлас жемқорлық болып табылады. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 154 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 20 адам әртүрлі дәрежедегі бірінші басшылар (облыстық маңызы бар – 6, қалалық – 5, аудандық – 7, ауылдық - 2). 69 мемлекеттік қызметкер сотталды, оның ішінде 64 адам 116,9 миллион теңге төңірегінде айыппұл төлейді, - деп атап өтті Жандос Жұмабаев.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы жариялылық пен ашықтықты арттыру мақсатында департамент мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізеді. 2021 жылдың 8 айында департамент мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізу кезінде Алматы облысының бюджетін жалпы сомасы 7 млрд.500 млн.теңгеге үнемдеді.

Қорытындылай келе, өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары облыстың барлық азаматтарын облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне белсенді жүгінуге, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға шақырды.

Пікірлер