Биыл Елорда күні тойлана ма?

2780
Adyrna.kz Telegram

Елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі қала әкімдігінің ресми интернет-ресурсына сілтеме жасап.

«Эпидемиологиялық жағдайдың салдарынан елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтетін болды, ал қалған бөлігі өткізілмейді. Ашық ауадағы аттракционның барлық түрінің жұмысына тыйым салынады. Толымдылығы 20%-дан аспайтын театрлардың, сондай-ақ ПТР-тесттері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етілмек»,– делінген хабарламада.

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес, жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынған. Сол себепті 6 шілде күні «МузАрт» онлайн-концерті жоспарланған. Онлайн-трансляция бойынша барлық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі @ns.madeniet парақшасында жарияланады.

Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, Өндіріс және Көктал аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.

Сонымен қатар, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер