Алматы облысындағы жиһаз цехы ай сайын 3 мың орындық шығарады

675

Алматы облысында кәсіпкер орындықтар өндірісін жолға қойды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылған жиһаз цехы ай сайын үш мыңға дейін орындық шығарады.

Іле ауданының тұрғыны Тілек Әділхат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасының арқасында кәсіпкер атанды. Ол ұзақ уақыттан бері жиһаз жасап, оны базарда сатып жүрді.

2018 жылы ол Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жазылды. Курс аяқталған соң «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 505 мың теңге көлемінде грантқа алды. Ал өткен жылы жиһаз өндіретін цехты дамыту үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізді.

Бизнесті бастаған кезде үш апта бойы қызметкерлерді оқытып, тегін шеберлік сабақтарын өткіздім. Қазір өз командамды жасақтадым. Біз күн сайын үйге арналған 100 орындық жасаймыз. Отандық өнімнің басты артықшылығы сапасы мен бағасында. Шетелдің орындықтарына қарағанда құны төмен. Осының арқасында көтерме тапсырыс берушілеріміз бар, - дейді кәсіпкер.

Жиһаз цехы Іле ауданының Жетіген ауылында орналасқан. Өнімдер аудан ішінде және Алматы қаласының базарларында сатылады. Бүгінде кәсіпкер жиһаз түрін ұлғайтып, жаңа станоктар сатып алу арқылы цехты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметовтың айтуынша, жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасының 600-ге жуық түлегі өз жобаларын қаржыландыра алды.​
Жалпы, өткен жылы Алматы облысында «Бастау Бизнес» аясында 3022 қатысушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 2 мыңнан астам жоба жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.

Пікірлер
Редакция таңдауы