Биыл ҰБТ қандастар үшін онлайн форматта өтеді

465

Білім және ғылым министрі «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына жауап берді.

Биыл 28 сәуірде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке «Ақ жол» фракциясы атынан депутаттық сауал жолдап, қандас жастардың білім алу мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Онда басты мәселе – Қазақстандағы және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шетелдегі қандас жастарды оқуға онлайн қабылдау керектігі болатын.

Жақында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтен ресми жауап келді. Биыл ҰБТ кандастар үшін 2021 жылғы маусым айында онлайн форматта өтетін болды.

Құрметті депутаттар!

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) депутаттық сауалды қарастырып келесіні хабарлайды.

Министрлік Ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) тапсыруын талапкерлерге ыңғайлы ету мақсатында ҰБТ ағымдағы жылы алғаш рет толығымен электронды форматқа көшірілді.
2020 жылы Қазақстандағы және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Министрлік Ұлттық тестілеу орталығымен (бұдан әрі – ҰТО) бірлесіп қандастар үшін ҰБТ-ны онлайн форматта ұйымдастырды.
Ол сәтті сынақтан өтіп, 2020 жылғы 19 шілдеде 551 адамның қатысуымен өткізілді.
ҰБТ-ны объективті өткізу мақсатында тест тапсыру процесі кезінде прокторинг және бейнемониторинг жүйесі толық қамтамасыз етілді.

Биыл Қазақстандағы және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҰБТ кандастар үшін 2021 жылғы маусым айында 2020 жылғы тәжірибені ескере отырып онлайн форматта өтеді.

ҰБТ тапсырудың бұл форматы Министрлік, ҰТО және «Отандастар» қорымен бірге жан-жақты қаралды.

Министрлік қандастарға қазақстандық жоғары оқу орындарында жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

Еліміздегі және жалпы әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҰБТ-ны ұйымдастыру процесі кезінде біздің студенттер мен жастардың денсаулығы мәселесі Министрлік үшін басым болып табылатындығын айта кеткен жөн.

Министр А. Аймағамбетов

Кеше қандастар ҚР Білім және ғылым министрлігіне және Парламентте шетелдегі қандас жастардың емтиханды онлайн тапсыруы мәселесін көтерген «Ақ жол» фракциясына алғыс айтты.

Бұл туралы Қанат Қақар есімді қандасымыз әлеуметтік желіде жазды.

- ҚР Білім және Ғылым министрлігіне, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ағайға мың алғыс! Ұлты қазақ шетелдік азаматтар емтиханға онлайн қатысу мүмкіндігін алды,- деп жазды ол.

Атап өту керек, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі шетелдік азаматтарды, соның ішінде, бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын қазақтарды оқуға шақырған болатын.

Бөлінген гранттар саны:
- Бакалавриат - 490
- Магистратура - 50
- PhD докторантура - 10

Үміткерлер құжаттарды онлайн режимінде 2021 жылғы 7 маусымнан 20 шілдеге дейін тапсыра алады.

Қосымша ақпарат Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының сайтында орналасқан.

Барлық сұрақтар бойынша хабарласыңыз:
Тел.: +7 (7172) 28 75 26

Қазыбек ИСА

Пікірлер
Редакция таңдауы