Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсі» (Видео)

3533
Adyrna.kz Telegram

 Бүгінгі тақырып - Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы. Бұл 2003 жылы «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» әдеби конкурсында топ жарған көркем шығарма. Жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Сары қазақ» хикаяты турасында: «Сары қазақ» сын жоқ кезде дүниеге келіп, оқырманына жетпей қалды» - дейтіні бар ғой, дәл солай «Талтүсті» де көп қауым біле бермеуі мүмкін.

Насихаты аз болды ма, әлде әдебиет алаңындағы түсініксіз текетірес кезеңінде жарыққа шыққаны әсер етті ме? Кім білсін? «Әдебиет бәйгесінде алдына қара салмаған романның авторы кім?» - деген сұрақтың туындауы заңдылық. Жауап беріп көрейік. Мұхтар Мағауин 1976 жылы жазған «Күй бабасы Байжігіт» деген зерттеуінде:

«Бөлме ішін өзім бағзы бір заманда, ауыл сыртыңдағы ақ тақырда асық ойнап жүрген шақта естіген, қазір мүлде ұмытылған, жалғыз мен ғана емес, бүкіл ел болып ұмытқан алапат әуен кернеп бара жатты… Күйдің аты «Көкбалақ» еді. Күйді қайта тірілткен баланың аты Талас екен. Талас сол бір отырыстың өзінде маған Байжігіттің отыз жеті күйін шертіп берген еді»,- деп жазатын кейіпкері, Алматыға өнер арқалап келген студент Таласбек Әсемқұлов болатын.

Таласбек Әсемқұлов жазушы, кинодраматург, күйші, яғни бесаспап тұлға ретінде танылды. Кинода Біржан сал, Құнанбай секілді тұлғалардың болмысын ашты. Музыкада Байжігіт – Қуандық – Тәттімбет, Кенжебай – Бодау, Қызай – Жүнісбай сияқты өнерпаздар мұрасын жеткізді. Әдебиетте талай танымдық дүние жазды.

Оның «Талтүс» романына келер болсақ, саз өнері мен сөз өнерін қатар алып жүрген күйші шәкірттің автобиографиясы, күйшілік өнердегі сабақтастық мектебі суреттеледі. Шығармада күйші Жүнісбай қарттың прототипі - Сабыт ақсақал, ал автордың өз прототипі - Әжігерей. Кітапта мынадай қызық эпизод бар. Ел жиылып Сабыт ақсақалдың үйінде өткен-кеткенді айтысып, домбыра тартылады. Бала Әжігерей ұйып тыңдап отырады. Тәттімбеттің «Қырмызы Қосбасары» тартылғанда аздап масайып, шалықтай бастайды. Күй шертіліп болғаннан кейін естіген әңгімелері көз алдында басқаша елестерге айналады. Әжігерей өзін-өзі қанша күштесе де үйіріп бара жатқан ұйқының құшағынан шыға алмайды. Кенет үй ішіндегі адамдар мысық кейпіне енеді. Мысықтың ән айтқаны қандай керемет! Әжігерей шыдай алмай күліп жібереді. Сонда Күлбағила апасы: «Мынау апиын ішіп алған ба?» -  дейді. Артынша орнынан тәлтіректей тұрды деп суреттейді.

Ертеректе шығыс елдерінде музыканың құдіретімен адамның өткенін еске түсіреді екен. Адам санасынан өшіп қалған бала күндерді, тіпті тәй-тәй басқан тәтті кездерді, ең алғаш бауырыңды көтеріп еңбектеген сәттерді, сәбилік кезеңді музыка мен апиын арқылы кинодағыдай көз алдыңа келтіретін эксперименттер болған. Музыканың ритмін күшейткен сайын мүлдем есте жоқ алты айлық, төрт айлық, екі айлық кез адам санасында қайта жаңғырады. Тек қырқынан шыққаннан кейінгі өмірі еске түседі, әрі қарайғы кезең қара түнекке айналады. Автордың өзі: «Әжігерейдің күйге мас болып қалатын тұсын білімді сыншы байқаса басқаша интерпретация жасар еді» - деп бекер айтпаса керек.

«Талтүстегі» оқиғалар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауылда өтіп жатады. Сондықтан ел ішіндегі әңгіменің дені майдангерлер куә болған оқиғалар турасында өрбиді. Советтік  идеологиядағы кітаптардағы сияқты соғыстағы көзсіз ерлік, жалған патриотизм, социалистік реализм жоқ. Керісінше, автор соғыстан жирентуді көздеген секілді. Мәселен, «- Танкінің ішін ашқанда, ішіндегі болған жайды көрген адам соғысқысы келмей қалады», -деді Баймұқан.

- Адамның еті тура еттартқыштан өткізілгендей жентек-жентек болып шашылып қалады екен, - деді Жеңіс.

- Ойбай, көтек. Қойыңдар енді, - деді төрдегі әжей, - Балаларды шошытатын болдыңдар». Көрдіңіз бе, мұнда баяғы таптаурын тәсіл, яғни соғысты әспеттеу жоқ. Тіпті, Баймұқан есімді кейіпкер 44-ші жылы немістер шегініп бара жатқан кезде сұмдық жайтқа тап болады. Түн ортасында қалың орман ішінде кері қайтып бара жатқан бір полк совет әскерімен кездесіп қалады. Солдаттардан айқайлап жөн сұрайды. Мылқау адамдай ешқайсысы жауап бермейді. Не керек сол құпия әскерді көргені үшін НКВД тергеуіне түседі. Жұртты дүрліктіріп неше түрлі қаңқу сөз таратпауға уәдесін алады. Кейін басқа командирден істің мән-жайын сұрап білсе, былайша түсіндіреді: «Сендердің ол көргендерің жер бетінде жоқ адамдар. Немістер соғыс бастағанда, қаншама дивизиялар, полктар жоғары жаққа қарап, жарлық күтіп отырып қырылып қалған ғой. Ал сендердің көргендерің сол қырылып кеткен көп полктың бірі, елес дейді. Жалғыз сендер ғана емес, тағы қаншама адам көрген, көргендерін айтқан, сол себепті құпия трибуналдың жарлығымен өлтірілген» - деп ендігәрі аузын бағып жүруді ескертеді. Сол әңгімені естіген Сабыт ақсақал: «Құдайдың заңы оның орыс-қазағына қарай ма? Жаназа шығарылмаған кімнің аруағы болса да қаңғырмай ма?» - дейді. Дәл осыған ұқсас елеске кезіккен барымташы жайлы оқиғаны Сәруар ақсақал кітаптың аяқ жағында баяндап береді. Жалпы, «Талтүс» романында күйшілік өнердің атадан балаға мұра ретінде берілуі негізгі сюжеттік желі болғанымен, осындай қызықты-қызықты қосымша эпизодтар сол замананы боямасыз жеткізуге септеседі.

    Нағашы атасындағы күйшілік аманатты сіңіріп жүрген Әжігерей қысқа мойын домбыраның сырын сұрайды. Сонда атасы: «Мойын қысқарғанда пернелер бір-біріне жақындағанын көрдің ғой. Пернелер бір-бірімен мидай араласып, құрдай қатынасады. Мың сөздің ішінде бір сөз - жөн сөз болатыны сияқты, домбырада да мың қисынның ішіндегі біреуі - шын қисын болады. Соны есіңе сақтайсың. Тағы бір қиыста қолыңа тағы бір қисын ілінеді. Оны да моншақ құсатып жіпке тізіп қоясың. Міне, осылай жинай бересің. Осылайша тар жерде табылған қисын жинақталып келіп күй болып шығады», - дейді.

Бала Әжігерейдің бағына қарай бірде қарт күйші Сәруар құдайы қонақ боп түседі. Екі қарияның әңгімесі жарасады. Ескілікті әңгіме айтылып, күй тартысқа ұласады. Ауыл адамдары күйші қарттың өнеріне тағы бір күн тәнті болады, кетер кезінде Сабыт ақсақалға өкінішін жеткізеді: «Баяғыда домбырашыны ат арытып іздеп келіп күй үйренуші еді. Енді Қазығұрттың басында қалған кемедейміз. Айтқан әңгімеңнің барлығы өтірік. Сондай да сондай салтанат болған десең, осындай да осындай ел болған, осы қара жерді қайыстырып басып өткен десең кім сенер. Нансаң, мені осы жасыма дейін бір адам іздеп келген жоқ. Шәкіртсіз өтіп бара жатырмын», - дейді. Сонда атасы «Менің балам… екеумізге ортақ шәкірт болсын» - деп көңілін жұбатады.

Кітапта нақты өмірде болған тұлғалар жайында бұрын-соңды кезікпейтін қызықты деректер айтылады. Тәттімбеттің Зере анамызға арнаған «Молғара» күйінің шығу тарихы, сал-серілердің өнері, темір илеген ұсталардың шеберлігі баяндалады. Абайдың әкесі Құнанбай жайында: «Сыншының бірі Құнанбай еді ғой. Құнанбай ешқашан малды да, жанды да мақтамайды екен. Мақтаған адамы немесе көзінің сұғын қадаған малы өліп қалады екен» - деп алапатын асырып, басқа қырынан танытады. Келесі бір кейіпкердің барымтада екі аяғын үсік шалып, жасамаған емі қалмайды. Құртқа да салған, жынға да салған. Ақыры амалы таусылғанда, жұртты үйден қуып шығады. Сонда жұрт есікті бұзып кіргенде қызыала қан болып жатыр екен дейді. Екі аяқтың басын ұстарамен кесіп лақтырып жіберіпті. Осындай жан түршігерлік сюрреалистік сюжеттерді селт етпей оқу мүмкін емес.

    Таласбек Әсемқұлов өзі күйші болған соң көне заман шеберлерінің мәнерін, әдіс машығын жете меңгерген. Қаламгердің «Талтүсі» де арқаның шертпе күйі секілді. Бірде баяу, бірде ырғаққа түсіп, Қосбасар секілді жүректі шымырлатып тұрады. Ал ІІІ-тараудағы бозбала Әжігерей мен Гүлшаттың махаббаты туралы әңгімені оқырманның еншісіне қалдырдық. Біздің мұрат - қазақ әдебиетіне 2000-шы жылдары  інжу-маржандар  қосылғанын  жұртшылыққа жеткізу!

Идея авторы - Шыңғыс Мұқан;

Продюсері - Абылайхан Жәнібекұлы;

Жүргізушісі - Дәурен Дариябек.

 

Сілтеме "Абай.tv" телеарнасынан алынды.

Пікірлер