Ерлан Төлеутай. Бақыты зор ер Ескендір...

3245
Adyrna.kz Telegram
Ескендір ағамен тұтас бір дәуір көшіп барады. Шынында да Ескендір Хасанғалиев XX ғасырдың екінші жартысында қазақ музыка өнеріндегі зор құбылысқа айналған ұлы композитор еді.
Әсілі, бұл дәуір Әбілахат Еспаевпен басталады, сосын Шәмші Қалдаяқов, Сыдық Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Жақсыкелді Сейілов, Ілия Жақановпен жалғасып, Ескендір Хасанғалиевпен түйінделмек еді... Ескендір аға жасы жағынан осы алыптар тобының соңы еді. Қазір осы алыптар шоғырынан жалғыз Ілия аға ғана қалды. Қандай ауыр...
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы. Ол тұс – әр ауылда сенбі сайын той болып жататын, уайым қайғы жоқ, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман еді. Біздей қарасирақтарға бұл бір қызықты ермек – бала біткен таң атқанша той көруге барамыз. Мұндайда палатканың түбінде отырып ән тыңдау – дүниенің рахаты еді мен үшін. Әуелі кезек домбыраға келеді. Ол уақыттың әншілері қандай шіркін! Биік шырқаған асқақ үндері түнгі ауылдың жұлдызды аспанын жарып жібере жаздайтын. Мүндай әндерді тыңдағанда бар дүниені ұмытып, бір әлемет күй кешесің. Ел ішінің осындай тума талант өнерпаздары осылайша ән-күйге құштар етті, өнерді сүюге баулыды...
Үш-төрт сағаттан кейін "бірінші стол" бітіп, тойшыл қауым үзіліске шығады. Бірден би басталады. Ол кезде әр ауылда ВИА деген болады. Үзіліс басталғанда кезек ВИА-ға тиеді. Осы сәтті бағанадан бері тағатсыз күтіп тұрған ВИА-ның өнерпаздары сол заманның небір хит әндерін бірінен соң бірін құйқылжыта шырқап, бидің көрігін бірден қыздыра жөнеледі. Біз сияқты жүгірмектер ВИА-ның алдына тіз қатар отыра қалып әнші ағалардың өнерін тамашалаймыз. Әлі есімде Мейірман Зетов ұмытпасам соло гитарада, Амангелді (фамилиясын ұмыттым) бас гитарада, Қонысбай Күлмағанбетов "ударникте" ойнайды, Кейде бұл топқа, кейінірек 1990 жылы "Азия даусының" бас бәйгесін жеңіп алған "Роксанаки" тобының солисі Серік Көшкінбаев ағам қосылады. Ол заманның эстрадасына дейін есті еді ғой, шіркін! Сонда Амангелді әнші айтатын бір ән көз алдым мен құлағымнан осы күнге шейін кетпейді. Амангелді – еңгезердей, бойшаң, бұйрабас қара жігіт болатын, соған сай үні де көріктей кеудесінен күндей күркіреп шығып, күмбірлеп естілетін. Сол алапат күшті даусымен:
Өмірде тағдыр айдап,
Кездестім өзіңмен.
Кезім бұл бал-бұл жайнап,
Қайғы мұң сезілмеген.
Тұңғиық кезіндегі,
Бөлендім шапағатқа.
Бұл нәзік сезім бе еді,
Бұл әлде махабат па?!
Келеді құшақтағым,
Келеді еркелегім.
Ешкімге ұқсатпадым,
Не деген көркем едің.
деп күркірете салғанда дүниені көшіріп жіберуші еді. Сонда маған әлемде Амангелдіден асқан гитарист әнші жоқтай еді, тіпті сол заманның атақты әншісі Дин Ридтің өзі Амангелдіге астар болуға жарамайтындай көрінетін... Әйтеуір менің бала көңілім әлгі әннен қатты әсерленетін. Қазір ойлаймын, қанша жерден күркірете салса да, Амангелді әншінің даусында мұң аралас бір бозаң сарын, бұл дүниелік емес бір ерекше аяулы үн болатын. Соған көрінді ме, өмірден ерте кетті. Атылып қалды, қапылыста...
Кейін есейе келе бұл әннің Ескендір Хасанғалиевтің әні екенін, сөзін жазған Бәкір Тәжібаев екенін білдік. Осы күнге шейін сөзі мен әні қатар жарасым тапқан осынау тебіреністі әннің қалай туғанына әлі де қайран қаламын. Апыр-ай, тіпті бір қолдан шыққандай ғой! Сөйткен Бәкір ақынды һәм композиторды өмірде болмаған Сегіз серінің "Ақбұлақ" деген әнін ұрлап алды деген қып-қызыл жала жауып, құса қылып өлтірдік. Таланттарын осылайша тағдырдың тәлкегіне шімірікпей тастай салатын, құрбандыққа қиналмай шалып жіберетін сұмдық қатыгез жұртпыз ғой, негізі. Кейін куә болдық– сол аяулы "Гүлсезімді" Ескендір ағамыздың өзі де ғажап салады екен, бірақ менің ауылымдағы Амангелді әнші автордан да әлдеқайда артық шырқады-ау деймін, әйтеуір осы әнді айтқанда жаны жылап тұрушы еді, бақсыз әншінің...
Арада бір мүшелдей уақыт өтті, көп ұзамай Тәуелсіздік алдық, қазақтың асты-,үсті байлығын сүліктей сорған жемқорлардың татымсыз талғамына сай – тартымсыз фанерщиктер заманы жетті жылмиып. Жай келмеді жолындағы өнердің небір сайыпқаран шеберлері сан ғасыр соққан ән-күйдің алтын сарайларын аяусыз қирата, күйрете келді. Жемқорлардың тойында ауыз жыбырлатып күн көретін сондай жойымпаздар Хасанғалиев әндеріне де ауыз салды. Соның дәлеліндей "Гүлсезімге" де даусын компьютермен жасап алған, әрлеп алған әркімдер қожа болды, ару әнді, мейлінше сұлу әнді әлгілер жүнін жалған тауықтай қылды. Қор болды есіл ән. "Гүлсезімді" автордың өзіндей немесе менің ауылымның Амангелдісіндей аңқытып салуға бұл заман әншілерінің дәрмені – ішкі қуаты жетпегені, қораш космосы – тар ғарышы аласалық еткені рас. Сонда мен ойлаушы едім, автор әлгі әншісымақтарға неге тыйым салмайды деп. Бірақ өйткен жоқ, соған қарағанда Ескендір аға өмірде момын кісі болды-ау деп ойлаймын.
Содан кейінгі бір ғажап әні "Сағындым сені" еді. Оны өмірден ерте озған Құрманай Омарова қандай асқақ, көркем шырқаушы еді шіркін! Бұл әнді де күні бүгінге шейін Құрманай әншіден ешкім оздыра алған жоқ.
Ал "Атамекен" ше?! Кеңес заманындағы қазақтың халықтық гимне айналған бұл ән сол дәуірде ұлтымыздың өршіл рухын ел ішінде асқақтатып тұрған санаулы әндердің бірі болды. Естуімше, Ескендір аға бұл әнді өзінің туған жері – Оралға арнап шығарып, сөзін Қадыр Мырзалиевке жаздырыпты. Сөзін қолына алған композитор: "Қадыр аға-ау, мынаның ішінде Орал деген бір ауыз сөз жоқ қой, – деп дағдарғанда: – Орал десең әрі кетсе Батыс өңірі ғана айтар еді, мен саған күллі қазақ шырқайтын әннің сөзін жазып бердім", – деген екен. Сөйткен 'Атамекеннің" сол сөзі қандай шіркін:
Қайда жүрсем атамекен,
Көкейіңде жатады екен!
Туған жердің бар қадір-қасиетін екі-ақ жолға сыйдырған Қадырдың ұлылығында шек жоқ-ау, сірә?! Ұлылық – осындай қарапайымдылықпен, бірақ адал соққан жүректің шексіз махаббатымен өлшенсе керек!
"Әдемі-ау"-ы қандай-ды!. Бұл – біздің Дарико апамызға арналған ән көрінеді. Композитормен жастық шағында дос-жар болған бір ағамыз айтып еді: "Дариконы осы "Әдемі-ау"-мен қыр соңынан қалмай жүріп алды", – деп. Осы әннен кейін іле дүниеге келген "Елігім еркем" ше?! Ынтызар жүректің іңкәр лүпілі дірілдей соққан мөп-мөлдір махаббат баяны емес пе бұл ән!
Тағы бір қарағандылық кісі айтып еді: "Бірде екі дос Ескендірді үйге шақырып қонақ қылдық. Ертеңіне әкем бізге "Сен екеуіңнен түк шықпайды, анау Ескендір адам болады екен", – деді. Біз "Неге?" – дегенде – Сендер түнімен арақ іштіңдер, Ескендір ішкен жоқ", – депті. Расында әкем айтқандай болды", – деп күліп еді әлгі кісі.
Ақсақалдың аузы дуалы екен, жылдар жылжып өте келе Ескендір Хасанғалиев халқымыздың сүйікті өнерпазына айналды. Толағай талантының тау қопарар қуаты өз алдына, ол бұл биігіне қажырлы еңбегінің қайрат күшімен жетті. Томас Эдисонның бір сөзі бар еді ғой: "Талант 1%, қалған 99% ащы тер" деген. Ескендір аға өмір мен өнердегі бар биігін Құдай берген талантын тынымсыз ұштаумен болған қажырлы еңбегінің күшімен бағындырды.
Еңбек демекші, ұмытпасам 2012 әлде 13-інші жылы "Қазақстан" Ұлттық арнасының "Көңілашар" бағдарламасына сценарий жазуға шақырылдым. Жеделдетіп Шәмші, Мұқағали бастаған ұлыларымызға арналған бірнеше сценарий жазылып, түсірілім жұмыстары да дереу басталып кетті. Сценарийдің авторы ретінде түсірілімнің ішінде жүремін. Бір күні кезек Ескендір ағаға келіп, студияға композитордың өзі шақырылып, бастан аяқ өнер көрсетті. Әдетте, бір сағаттық мұндай үлкен шоу бағдармаларды түсіргенге толық бір күн уақыт жұмсалады... Түсірілімнің бар жүгін бір өзі көтерген Ескендір аға, байқаймын, кешке қарай шаршай бастады. Шаршағаны сондай түсірілім жұмыстары бір толас тапқан сәтте кәдімгідей фортепианоның алдында басын төмен салып, толықша жүзі қан-сөлсіз қабарып отырып қалады. Жетпістен мол асқан жас оңай ма – аяқтары сыздап, белі сырқырап ауыратын сияқты ағаның, қан қысымы да көтерілетін тәрізді. Алайда бұл көңілсіз сәт көпке созылмайды, бағдарлама режиссері Ғалия Байбосынованың "бастаймыз!" деген жарқын даусы естілгенде Ескендір аға биікке самғар сәтінде қос қанатын серпи қомдаған ақиық қырандай дүр сілкінеді, жүзін торыған жаңағы шаршаудың ізі де қалмайды, тас түйін бекініп, алдындағы фортепианоға қызылға түскен бүркіттей қайыра қонжияды, содан келесі үзіліске дейін еш сыр алдырмай, шалдықпай шабатын белі берік кәрі боздай ұзаққа сілтейді. Абзалы, кәрі боз емес, тарланбоз деген дұрыс шығар мұндай ағаны...
Сол жолы қиналса да үнсіз төзіп алған бетінен қайтпайтын көнтерлілігін көрген мен не деген табанды адам деп таңырқаған едім. Шынында да, сол жолы байқағанымдай, бұл кісінің бойындағы басты қасиеті табандылық екен. Әсілі өз тағдырының бақыты үшін табандылықпен күресе білу – әсте зор қасиет. Әсіресе талантты жан үшін бұл таптырмайтын мінез. Бірде Пушкиннің дуэлде өлгенін естіген Иран шахы Грибоедовке: "Орыста талант көп қой, құнсыз болған соң өлтіреді де" деген екен. Сол айтқандай қазақта да қадірін білген-білмеген, бағасын берген-бермеген талант мол ғой, бірақ көп жағдайда сол таланттарымызға табандылық жетіспей жатады.
"Бір ісім бар басталған,
Бастала салып тасталған",
дейді ұлы Мұқағали. Мінеки, қазақы таланттардың бір міні, бәлкім басты кемшіні – осы "бастала салып тасталғандық" па деймін. Кейде бұл қазақтың ұлттық мінезінің бірі ме деп те қаламын. Өйткені бастай салып орта жолда тастап кеткен, аяқсыз қалған талай істеріміздің куәсі болып келе жатқан жоқпыз ба – осы отыз жылда....
Иә, Ескендір Хасанғалиев өз бақыты үшін, дәлірек айтқанда өз өнерінің бағы үшін жоғарыда айтқанымыздай табандылықпен күресті. Сол бақытының бірі – аяулы жары Дарико апамыз десек, артық айтпағанымыз. Көп таланттар өз үйінен бақ таба алмай, өз шаңырағына өзі өгей күй кешетіні – дара дарының басында жиі кездесетін көп келеңсіздіктің бірі, бәлкім, ең ауыры. Өнері тәрізді отбасы бақыты жөнінен де Құдай Ескендір ағамыздың бағын зор қылды. Ол – Дарико сұлу арқылы әйелдің аялы алақанын сезініп, аяулы махаббатына бөленді. Дарико ару – оның мәңгілік Музасына, шығармашылығының таусылмас қайнарына, бұлақ бастауына айналды. Соған қарағанда Қарағандының ару қызы – Дарико сұлу композиторға сарқылмас шабыт сыйлай білген секілді. Ұлы өнер қашанда ғашық жүректен, сарғайған сағыныштан туады. Ғашық бола алмайтын сезімсіз, қарадүрсін адамнан ешқашан өнер тумақ емес. Өкініштісі, қазір біздің композитор деп жүрген сазгерсымақтарымыз өмірінде бір аруды ыстық жүректен аялай сүйіп көрмеген аудансыз, тар көңіл өңшең тоғышар жандар екендігі сезіледі. Егер оларда сүйе білетін, күйе білетін ыстық жүрек болса, ең бастысы талант болса – айналамызды қазіргідей жын-ойнақ жайламас еді, мынандай дүниежүзілік шоубизнестен ұрланған есірік әнсымақтар басып кетпес еді үстімізді.
Ал Ескендір ағамыз өзінің сыршыл жүрегімен Дарикодай сүлуды аялай сүйді, Оның кейбір әндерінен ("Сағындым сені") басқа да бір аруға іңкәр болғандығы аңғарылады. Дегенмен композитор бір сұхбатында ағынан жарылғандай, барлық әндерін сүйікті жары Дарикоға арнады. Бір ғажабы – Дарико арқылы ол Қарағандыдай қабырғалы жұрттың қадірлісі бола білді. Ер бақытының бір белгісі – үш жұртының толық болмағы, түгел келуі. Соның бірі қайын жұрттың тегеуірін күші...
Баяғының көреген хандары да билікке жету үшін әуелі қайын жұртын қамдаған. Ескендір ағаның қайын жұрты Арқадағы дүмді тұқым – атақты Әшляевтар әулеті-тұғын. Айбатты ағаларының бар тілеуі – жалғыз қарындастары Дариконың үстінде болғаны анық.
Ескендір ағаның өз жұрты жайлы ештеңе біле қоймаймын, бірақ туған топырағы ұлы композитор Мұхит әнші жаралған батыс Алашорда бесігі Оралдың Жымпитысы – Қаратөбе екенін білемін. Ұмытпасам, солай. Топырағының текті екені – Ескендір ағаның ешкімге ұқсамайтын өршіл әрі сыршыл, рухты әндерінен көрінеді. Композитордың тағы бір бақыты – Тәңірі оған өзі шығарған әндерін өзі келістіре, шебер шырқайтын асқақ әрі қуатты жойқын дауыс берді. Бұл жөнінен ол өзі композитор, өзі әнші Мұхит бабасына ұқсайды. Кезінде Қадыр мен Бәкірдей жерлес ағалары жас композиторды тамаша әндеріне сөзі сай әсерлі өлеңдерден кемдік көргізбеді. Бұл да оның тағы бір кезекті бақыты. Бәрінен де оның ең ұлы бақыты – туған халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленгені.
"Уақытсыз туған ер ғаріп" – дейді Мәшһүр Жүсіп. Расында да көп жақсылар уақытынан бұрын туады, немесе кейін туып өз заманынан аяусыз соққы жеп, өмірдің базарынан жылап қайтып, өксумен қор боп өтіп, кейіп өліп жатады. Ал өз уақытында туған бақытты ер Ескендір өз дәуіріне разы ғұмыр кешті. Соның айғағындай ол өз заманын, өз елін, өз сүйгенін асқақ жырлады. Өз дәуірінің төл перзенті, туған елінің сүйікті ұлы бола білген, Тәңірі бар тілеуін аямай берген Ескендір ағада арман жоқ сірә? Лайым солай болғай!
Алдынан жарылқасын бақытты Ерді! Мекені пейіш, арты кеніш болғай! Қош Ескендір аға, бақұл бол ұлы композитор!
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
әнші-композитор, өнертанушы,
жазушы-сценарист
Пікірлер