Вакцина салдырған 16 қазақстандық короновирус жұқтырды

2455
Adyrna.kz Telegram

16 қазақстандық осы инфекцияға қарсы вакцинациядан кейін коронавирус жұқтырды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ресми сауалға жауап ретінде мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

"Қазіргі уақытта вакцинациядан кейін (бірінші және екінші кезең) коронавирус инфекциясын жұқтырған 16 жағдай тіркелді. Вакцинациядан кейін коронавирус жұқтырудың ең ұзақ мерзімі екінші компонентін салдырғаннан кейінгі төртінші аптада тіркелген", деп хабарлады комитет.

Департамент коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациядан кейінгі иммунитет вакцинаның екінші компонентін алғаннан бастап алты аптадан кейін қалыптасатынын атап өтті.

Бұған дейін Алматыда дәрігер коронавирусты осы инфекцияға қарсы екпеден кейін жұқтырғаны хабарланған болатын. Алайда ол инфекция қаупін білгенін және әлі де вакцина егуді ұсынатынын айтады.
Медицина докторы, биолог және Medsupportkz басшысы Ботагөз Каукенованың айтуынша, адам вакцинациядан кейін, вакцинация жасалған күні де коронавирусты жұқтырып алуы мүмкін.

"Вакцинада антиденелер жоқ. Оларды вакцинаға жауап ретінде сіздің ағзаңыз жасайды. Антиденелер жасау үшін денеге уақыт қажет. Бұл әдетте 2-3 аптаға созылады. "Спутник V" бірінші дозасынан кейін 3 аптадан кейін екінші дозаны салдыру керек. Одан кейін 2-3 аптадан соң денеде антиденелердің жақсы деңгейі пайда болады", - деп түсіндірді ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер