Жетісуда сыбайлас жемқорлық азайған

1453
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлық едәуір төмендеген. Өткен жылы 33 қылмыс тіркелсе, биыл – 21 сыбайлас жемқорлық сипаты бар іс тіркелген. Нәтижесінде атаулы қылмыс түрі 36,4 пайызға кеміген. Осы сынды оң көрсеткіш Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында сөз болды.

Комиссия мүшелері, аудан, қала әкімдері, құқық қорғау органдарының, департамент, басқарма басшылары қатысқан селекторлық режимдегі жиында маңызды мәселелер қаралды. Отырыста Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру жайы, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарған жұмысы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлу жөніндегі тұрғын үй комиссияларының қызметінде ашықтық қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар жан-жақты талқыланды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Ернар Мақажанов өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталып, заңнамалық нормаларға енгізілген өзгерістерді түсіндірді.

– Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Заңға сыбайлас жемқорлық сипатындағы белгілері бар 15 әкімшілік бап берілген. Мысалы, сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге. Ал егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан шығатын болса, онда мұндай әрекет 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн. теңгеден жоғары, - деді департамент басшысы.

Келесі кезекте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жанындағы арнайы мониторинг тобының жетекшісі Виктор Тен халықтың құқықтық сауатының төмендігін сөз етті. Әсіресе ауылды жерде тұратын азаматтарға арналған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жандандыруды ұсынды. Ал «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысымен таныстырған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою саясатын қалыптастырып, халыққа қолайлы жағдай жасау мен мемлекеттік мекемелердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында атқарылған шаралар жайын таразылады.

– Жыл басынан бері жобалық кеңсе тарапынан 116 мониторинг жүргізілді. Дәріханаларға, дәріхана қоймаларына дәрі-дәрмектердің шекті бағалары бойынша 38 тексеріс жүргізілді. Сонымен қатар, әртүрлі сала мамандарымен 30-дан астам кездесу өтті. «Мобильді ауыл»,  «Адал көмек» және «Antikor.live» жобалары жүйелі түрде іске асып келеді. Облыс көлемінде әлеуметтік желілер арқылы  100-ден астам тікелей эфир өтіп, онда жергілікті атқарушы органдардың, басқарма, департамент басшылары, мектеп директорлары сөз сөйлеп, халықты қызықтырған сұрақтарға жауап берді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында атқарылған жұмыспен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов таныстырды. Оның сөзінше, облыс бойынша 14,2 млрд. теңге бөлініп, қаржы 100 пайызға игерілген. Нәтижесінде 29 нысанның құрылысы жоспарланып, былтыр 11 нысан пайдалануға берілген. Қалған 18-і 2021 жылға ауысқан. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 468 адам жұмысқа орналастырылды. Ағымдағы жылы 6 мектептің және бір қала сыртындағы лагерьдің құрылысы үшін 30,8 млрд.теңге бөлу жоспарланған. Жыл соңына дейін барлық нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тұрғын үй комиссияларының қызметі жайлы Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев баяндама жасады. Жыл сайын облыс орталығы мен Іле ауданында тұрғындардың саны артып, тұрғын үй кезегіне тұрушылар көбейген. Айталық Талдықорған қаласында халық саны 176,2 мың адамды құрайды. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны – 14 567 адам. Іле ауданында бүгінде 4 253 адам кезекте тұр. Аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы «Нұрлы жер», «7-20-25» сынды мемлекеттік бағдарламалар мен «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы халықты баспанамен қамту, жаңадан үйлер салу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, бөлінген қаржыны тиімді игеру, сервистік әкімдіктерді көбейту, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру туралы ойын айтып, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді нық назарда ұстауды тапсырды.

Пікірлер