NIS роботтары әлемге танылды

4797
Adyrna.kz Telegram

Алматы қалалық білім басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы жеке меншік мектебі ұйымдастырған «KAZAKHSTAN International Robotics Competition» халықаралық робототехника байқауында Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Гран-приді жеңіп алды. Робототехника байқауы онлайн форматта өтті, оған Ресей, Жапония, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан командалары қатысты.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің робототехника командасы әділқазылар алқасына екі роботты ұсынды: «Кіші санат» бөлімінде «Қоқысты сұрыптау роботын» 8- сынып оқушылары Аружан Мамырова мен Амина Қайратқызы таныстырды.

Жоба авторларының зерттеуі бойынша адамзат жыл сайын 2 миллиард тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарады екен. «Неге барлық қоқыстар қайта өңделмейді?» деген сұраққа зияткер оқушылар жауап тапты. Қалдықтарды аз мөлшерде қайта өңдеудің басты себебі - қалдықтарды сұрыптаудың бастапқы процесінің күрделілігі.

Бұл мәселені шешу үшін әзірлеушілер қоқыстың физикалық қасиеттеріне негізделген, бірнеше роботтандырылған жүйелерден тұратын қоқысты сұрыптауға арналған конвейерлі желі жобасын ұсынып отыр, олардың әрқайсысы тек өзінің қоқыс түрін таңдап, арнайы қораптарға жинайды.

Дильназ Жемісбек, Виктор Кохно және Зияткерлік мектептің түлегі Даниил Филимонов аумақты қоқыстардан тазарту мәселесін шешуге сәл басқаша көзқараспен келді. Алты аяқты робот инженерлік робот жүйелері санатында ұсынылды. Бұл жобаның ерекшелігі - ол жолдың бойымен өздігінен қозғалуға және қоқыс жинауға қабілетті. Сондай-ақ қоқысты құрамы бойынша ажыратып және алғашқы сұрыптауды жасай алады. Роботтың бағдарлануы нейрондық желілерге негізделген. Роботтын әр бөлшегін оқушылар 3D принтер арқылы басып шығарды.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының құрама командасының қоқыс жинаушы роботтары Халықаралық «KAZAKHSTAN International Robotics Competition» байқауында жоғары бағаға ие болып, Гран-приді жеңіп алды!

Пікірлер