Шыңғырлау ауданындағы жетпіс түтінді Шоқтыбай ауылынан екі-үш шақырым қашықтықта бес адамның құшағы зорға жететін алып терек өсіп тұр. Жергілікті жұрт оны Шоқайтерек дейді екен. Бірақ, неге бұлай аталғандығы жөнінде ешкім нақты мағлұмат айта алмады. Біреулер Шыңғырлау өңірінде бұрындары Шоқай деген батыр болған екен десе, енді бірі алыстан шоқайып көрінетіндіктен «Шоқайтерек» атанып кеткен десті. Алайда, табан тірер тиянақты дерек жоқ.
Елбасымен кезінде металлургия саласындағы еңбек жолын бірге бастаған, Нұрсұлтан Әбішұлымен жалын жастық жылдарында Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищеде металлург мамандығының қыр-сырына бірге қаныққан, бүгіндері Астанада тұратын еңбек ардагері, техника ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабидолла Сәрекеновтің кіндік қаны Шоқайтеректің төңірегінде тамған екен. Бүгіндері 75-ке таянған Қабидолла ақсақал ара-тұра туған жеріне келгенде әлгі маңда әлі күнге дейін салт атпен серуендегенді жақсы көреді деседі. Сондай сәттерде айкөл азамат айналаға сарқылмас перзенттік сағынышпен қарап, «Бала кезімізде талай асыр салған жеріміз ғой. Мына Шоқайтерек біздің ойын баласы кезімізде алып ағаш еді. Әлі жайқалып тұр екен, жарықтық!» деп сүйсінетін көрінеді. Бұл жайды бізге Шыңғырлау орман шаруашылығының орманшысы Аталық Қаймолдинов ағамыз айтып берді. Осы азамат «Шоқайтерекке шамамен 150 жыл» деген уәж келтірді. 150 жыл – бір жарым ғасыр, оңай ма, сірә?! Былтыр Шоқайтерекке найзағай түсіп, діңінің түбін зақымдап жіберген. Зады, содан болса керек, ұшар басына таяу бірді-екілі бұтағы биыл жапырақ жаймапты…
Шыңғырлау аудандық «Серпін» газетінің редактор-директоры Адақ Шотпановқа «Бәлкім, Шоқайтеректің атауының Мұстафа Шоқайға бір қатысы бар шығар?» деген төл болжамымызды айтып көріп едік, өзі сол ауданда өмір есігін ашқан, бүгіндері жасы алпысты алқымдап қалған әріптесіміз әлгіндей жорамалға негіз болар ел ішінде еш дерек жоқтығын алға тартты. Сонымен, Шоқайтеректің атауына қатысты біздің әзірге бар айтарымыз осы, қадірлі оқырман. Ал енді Елек өзенінің жағасына жақын өскен Шоқайтеректің айналасында ағаштың неше түрі бар. Тораңғы, шегіршін, емен, үйеңкі, тал, ақтерек, көктерек дейсіз бе, тіпті, ішінара қайың мен қарағай да көзге шалынды. Бірақ, бір ғажабы олардың бірде-біреуі Шоқайтеректей ерекше емес. Көрер көзге кәдімгі бірі-бірінен еш айырмашылығы жоқтай көрінетін орман «тұрғындары». Ал Шоқайтерекке Алланың рахымы неге айрықша түсіп, неліктен оны елден ерек, жұрттан бөлек қылып жаратты екен? Бұл, сірә, адамның ой-санасы жетпес табиғаттың бір тылсымы болса керек…
Айтпақшы, Шоқайтеректен қарға адым аттасаң болды, орман-орыстың елі, Ресей жері, нақтырақ айтқанда, қазіргі Қазақстанның алғашқы астанасы болған Орынбор облысының аумағы басталады. Шоқайтерек құдды, ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Қазақстан Республикасының шекарасын кірпік қақпай қырағы күзетіп, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қазақтың нағыз алып батыры тәрізді.
Сен аман бол, Шоқайтерек!
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы
"Егемен Қазақстан" газеті.