Бүгін қазақ тіл білімі, қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. Халқымыздың асыл ұлдарының бірегейі, көрнекті ғалымдарының бірі – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың кенже баласы ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов өмірден өтті.
Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов 13 қарашада 1937 жылы Алматы қаласында қызметкер отбасында дүниеге келді.
1944 жылы Ақтөбе облысының Жұрын ауданындағы Жаңатұрмыс аулындағы бастауыш мектебіне оқуға барып, ол мектепте 4-сыныпқа дейін оқыды.
1948-1949 оқу жылдары Алматы қаласындағы №18 қазақ орта мектеп-интернатында қайтадан 4-сыныпқа түсіп, екі жыл оқыды.
1950 жылы Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл (Қызылжар) қаласындағы №5 қазақ орта мектеп-интернатының 6-сыныбынан оқуын жалғастырып, 1955 жылы 10-сыныпты тамамдады.
1955-1960 жылдары Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтында оқып, оның физика-математика факультетін үздік бітірді.
1960-1961 жылдары Қазақтың Мемлекеттік ауылшаруашылық институтына жұмысқа орналасып, жоғары математика кафедрасының ассистен-мұғалімі қызметін атқарды.
1961-1963 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын атқарды.
1963-1967 жылдары Қазақтың Мемлекеттік ауылшаруашылық институтындағы жұмысын жалғастырып, жоғары математика кафедрасының ассистен-мұғалімі қызметін атқарды.
1967-1970 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының күндізгі бөлімінің аспиранты. Аспиранттық кезеңін Минск қаласындағы Шет тілдер институты жанында өткізді.
1970 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында жаңадан ашылған «Статистика-лингвистикалық зерттеу және автоматтандыру» тобының кіші ғылыми қызметкері болып жұмысқа орналасты.
1973 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Қ.Б. Бектаевтың ғылыми жетекшілігімен, академик І.Кеңесбаевтың ғылыми кеңесшілігімен орындалған «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистикалық зерттеу» атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны жоғары деңгейде қорғады.
1976 жылы Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтындағы «Статистика-лингвистикалық зерттеу және автоматтандыру» тобының аға ғылыми қызметкер дәрежесіне конкурс бойынша өтіп, ғылыми жұмысын жалғастырды.
1976-1986 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтының қоғамдық өміріне қызу қатынасып, Жергілікті комитеттің, Партия бюросының мүшелігіне қабылданып, оның хатшысының орынбасары және институттың Халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1981-1985 жылдары «М.О. Әуезовтің толық шығармалар жинағы мәтінін ЭЕМ-ге енгізуге дайындау және сөзнұсқағыш-сөздіктерді құрастыру» атты Тіл білімі институтының жоспарлы ғылыми тақырыбына ғылыми жетекшілік етті.
1986-1990 жылдары «М. Әуезовтің 20 томдық шығармалары бойынша автоматтанған картотекалық қор жасау» атты ғылыми тақырыпқа жетекші етті.
1986 жылы СССР Ғылым академиясы Президиумының қаулысы бойынша оған «түркі тілдері» мамандығы бойынша «Аға ғылыми қызметкер» деген ғылыми атақ берілді.
1986 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалды.
1991 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Қолданбалы лингвистика» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
1991-1993 жылдары «М. Әуезовтің шығармалары бойынша сөзформалар мен сөздердің жиілік сөздіктерін ЭЕМ арқылы құрастыру» атты тақырыпқа ғылыми жетекшілік етті.
2001-2006 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеттерінің магистранттары (Phd) мен студенттеріне математикалық және компьютерлік лингвистика пәндері бойынша дәріс берді.
2002 жылы «Қазақ мәтіні мазмұнын формалдаудың негізгі ұстанымдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
2004 жылы Жоғары аттестациялық комитеттің шешімі бойынша Тіл білімі мамандығы бойынша «профессор» ғылыми атағын алды.
2002 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы «Компьютерлік лингвистика» ғылыми тобының бас ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалды.
2004-2009 жылдары Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Қолданбалы лингвистика» бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарып, өмірінің соңына дейін осы бөлімде бас ғылыми қызметкер болып қызмет етті.
А.Жұбанов 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры», 2012-2015 жж. «Қазақ тілінің аннотацияланған ұлттық корпусы», 2015-2017 жж. «Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы метамәтіндік белгіленімдер ұстанымдары мен әзірлемесі» тақырыптарында ғылыми жетекшілік етті.
Асқар Құдайбергенұлы – 7 монографияның, 4 оқу құралының, 6 жиілік сөздік құрастырушыларының бірі, сондай-ақ 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. 2016 жылы жарық көрген «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігінің» ғылыми кеңесшісі.
А.Қ.Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен 5 кандидаттық және 3 магистрлық диссертациялар қорғалды. (Қалыбеков Болат Ермекұлы «50 жылдардағы бастауыш сынып оқулықтарының лексикалық жүйесі мен морфологиялық құрылымының статистикасы (соңғы жылдардағы оқулықтармен салыстыра зерттеу»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2003.; Нұрлыбаев Нұржан Мәдірайұлы «Балаларға арналған мәтіндердегі жай сөйлемдер құрылымының лингвостатистикалық сипаты»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2010.; Абикеева Бақытжан Кеншінқызы «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлемдердің құрылымдық статистикалық модельдері»: филол. ғ. к. дисс. – Алматы, 2009.).
Марапаттары:
- «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2013) медалі.
- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен (№3 хаттама) «Жұбанов» медалімен марапатталды.
- Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 2017 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлық бойынша Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталды.
- «Еңбек ардагері» медалі (2018).
Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың қазасына орай марқұмның отбасына, және барлық туған-туыс, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.
Асқар ағамыздың ғылымдағы, өнер мен өмірдегі жарқын бейнесі халқымыздың есінде мәңгі сақталып, ұлт руханиятымен бірге жасайтын болады.
Бақыл бол, асқар таудай Асқар аға... Алла тағала алдыңыздан жарылқап, жаныңыз жаннаттың төрінде дамылдасын...
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұжымы
"Адырна" ұлттық порталы