Абай ескерткішінің алдында хакім Абай данамыздың туғанына 171 жыл толуына арналған «Абай оқулары» өтті. «Адамзаттың Абайы» атанған кемеңгердің рухын ардақтауға арналған дәстүрлі шарада ақынның жүрек тербеткен әндері шырқалып, көңіл сергіткен жырлары оқылды. Көркем сөзбен көмкерілген шараның шымылдығын Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахет құттықтау сөз сөйлеп ашты.
– Ұлы Абайдың дүниеге келген күні – халықтық мереке. Қазақ халқының өмірінде Абайдың орны, әрине, айрықша. Мектеп қабырғасында Абайдың табиғат лирикасымен және жыл мезгілдері жайлы жырларымен танысамыз. Ғашықтық сезімі оянған бозбала шағымызда тағы да дүниеге Абайдың көзімен қарап, Тоғжанға ғашық болған Абай сынды махаббат лирикасы жүрегімізді тербейді. Кемеңгер жасына келіп, өткен өмірімізді ойға алған кезімізде тағы да Абайдың шығармашылығынан нәр алып, данышпан Абайдай ойланып, толғанамыз. Жыл сайын алып Абайдың ескерткішінің жанына жиналып, таудай тұлғаға жыр арнауымыздың өзіндік мәні бар. Абай ескерткішінің авторы Хакімжан Наурызбаев кезінде осы ескерткішті бедерлеу барысында оның әртүрлі эскиздерін жасаған екен. Алайда, олар қаламы қуатты жазушы Мұхтар Әуезовтің көңілінен шықпаған көрінеді. Сол кездері Хакімжан Наурызбаев бұл істен, тіпті, бас тартқысы келген деседі. Бір күні Хакімжан ағамызға таң ата берген сәтте терезенің шілтерінің ар жағында Абайдың бейнесі осы бейнемен көрінген екен. Содан дереу осы ойын гипске түсіріп, үлкен ақсақалдармен бірге Мұхаңа көрсеткен кезде ол: «Менің көкейімдегі Абай, міне, осы» деген екен. Абай әрбір қазақтың жүрегінде, әрбір қазақтың өмірінде мәңгілікке тұрақтаған. Ұлы Абайдың есімі қазақ елімен мәңгі жасай береді, – деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай өз сөзінде Алатаудай Абайдың жыл сайын биіктей беретінін атап өтті.
– Абай атамыз – қазақ рухының темірқазығы, қазақ әдебиетінің, қазақ көркем ойының таудай тұлғасы, ұлттығымыздың шолпан жұлдызы. Әрбір қазақтың жүрегінде, кіршіксіз көңілінде өзінің Абайы бар. Абайсыз ел талайсыз ел болар еді. Абайтанудың басында Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді тұлғалар тұрғаны тарихтан аян. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде: «Абай – қазақтың бас ақыны» деген үлкен мақала жазған. 1909 жылы Петербор қаласында 140 өлеңі мен 2 поэмасы кірген Абайдың алғашқы кітабы шықты. Міне, содан бергі уақытта Абай қазақ ұлтымен бірге жасап келе жатыр. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан ұрпақтары да, алдағы жарқын ғасырларда келер жастар да Абаймен бірге жасай береді. Әрбір қазақ баласы туған күні аясында ғана ақынға бас иіп қоймай, Абаймен күнде, сағат сайын сырласып тұрса, бұл үлкен жақсылықтың белгісі болар еді, – деді ол.
Алматының аспанын әсем әнге бөлеген шара барысында ақын ескерткішіне гүл қойылды. Сөз маржандарынан өлең моншақтарын тізген белгілі ақындар мен мектеп оқушылары Абайға жазған арнауларын оқыды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділманов өнерсүйер қауымға «Абай монологын» оқып, жиналған жұртшылықты жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлатты.
Дәстүрге айналған ізгі шараға Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі Қасира Исрайылқызы қатысып, қазақтың бас ақынының ұрпағы болғанына бақытты екендігін атап өтті.
– «Абай – қазақтың бойтұмары» деген Елбасының сөзі Абай атамыздың қазақ тарихының төрінде тұрғанын, қазақтың қасиетті тұлғасы екенін білдіреді. Менің балалық шағым мен жастық шағым Жидебайда өткен. Кезінде әкем Исрайыл Жидебайда Абай атамның мұражайының шамшырағын жаққан болатын. Абай атамыздың рухы қазақ халқын әрқашан желеп-жебеп жүрсін! – деді кемеңгердің ұрпағы Қасира Исрайылқызы.
Халықаралық «Абай» қорының директоры Жұмабек Ашуұлы жас ұрпаққа тағылымы мол ақын мұраларын мемлекеттік идеологияға айналдыру қажеттігін тілге тиек етті.
– Абай – ұлтымыздың рухани ұстазы. Данышпан мұраларының мағынасын терең түсініп оқысақ, адамгершіліктің биігіне көтерілетін едік. Абайды оқу – өзіңді-өзің адамгершілік жолына бағыттау, өзіңді-өзің тәрбиелеу. Қазіргі заманда көп дүрмектің артында кетіп бара жатқан талай жастарымыздың неше түрлі жат ағымдардың жетегінде жүргені ащы ақиқат. Бұл – Абайды насихаттамауымыздың және ұрпағымызды Абай шығармаларымен тәрбиелей алмауымыздың көрінісі. Жат ағымның жетегінде адасып жүргендер – ақылға салмайтындар, Абайды танымайтындар. Сондықтан, Абай мұраларын оқып, Абай арқылы өзімізді тәрбиелеуіміз тиіс. Абай мұраларын мемлекеттік идеологияға айналдыру қажет. Абайдың қазақ халқына қалдырған нақыл сөздерінен артық мемлекеттік идеология жоқ. Абайды терең түсіне білсек, ұлттығымыз бен бірлігіміз нығая түседі, – деді Жұмабек Ашуұлы.
Ал Жазушылар одағының мүшесі, драматург Ахметжан Аширов өз сөзінде Абай күллі түркі халықтарының ойшыл кемеңгері екендігін алға тартты.
– Мен Абайды оқып, жазушы болдым. Қазір немерелерім мен шөберелерім Абайды оқып, жүректерін нұрландырып, бақытты болып жүр. Абай тек қазақ халқының хакімі емес, ол күллі түркі халықтарының хакімі. Абайдың шығармалары әрбір ұлттың, әрбір халықтың иман нұры. Абай шөліркеген халқы үшін поэзиядан зәмзәм суын қазып берген мәшһүр шайыр. Әрқашан нәр алып жүру үшін ақын шығармаларын қолымнан тастамаймын. Алла Тағала данышпан Абайдың жатқан жерін әрқашан нұрландырғай! – деді ол.
Балнұр АХМЕТ,
"Алматы Ақшамы"