«Мен келдім музейіне жолым түсіп,
Егілдім рухыңды сүйіп-құшып.
Өмірдің жолдарында жар бола көр,
Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп».
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұлылығын және жан-жақты, сан-салалы мұрасын керемет данышпандық қасиетін көп зерттеушілердің еңбегінен көреміз. Мәшһүр бабамыздың әулиелігі туралы көп аңыздар айтылған. Бірақ оның ақиқатына ешкім тоқталмаған. Мен бұл туралы бір-екі ауыз сөз қысқаша өзімнің көзіммен көрген жағдайды айтайын. Мәшһүр атамыздың кіші ұлы Пазыл ағадан естіген әңгімемді ұлы тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ерекше қасиетіне тоқталайын деп едім. Әрине, мен осындай ұлы тұлға адамның жан-жақты еңбегін әдейі зерттеген адам емеспін.
Біз жанұямызбен 1943-1948 жылдары Жаңа жол колхозында тұрғанбыз. Осы Жаңа жол колхозында Мәшһүр Жүсіп атамыз өмірінің ақырына дейін халқына адал қызмет істеген қасиетті тұлға. Біздің әкеміз Құсайын Оспанов. Екінші ұлы Шарапиденнің әйелі Зейнеппен аталас туыс болған. Біздің көршіміз, Мәшһүр Жүсіп атамыздың ең кіші баласы Пазыл аға болатын. Менің әкемнің жақсы араласып жүрген жолдасы еді. Екі үй өте сыйлас. Бір-біріне деген қатынасы адал болды. Мені әкем Пазыл ағаның үйіне барарда жанынан тастамай алып баратын. Пазыл аға сол колхозда көп жыл бойы мұғалім болып істеді. Өте парасатты, көп сөйлемейтін, адал еңбегімен халқына сыйлы болған адам. Совет үкіметі кезінде Пазыл аға Ленин орденімен марапатталды. Көп балалы жанұя болды. Жұбайы келген қонақтарды қуанышпен қарсы алатын.
Пазыл аға күліп айтушы еді. Мәшһүр Жүсіп тірі күнінде айтқан екен. Менің үш ұлым бар. Бір ұлым бар, өзімнен асып туған, бір ұлым бар, із-өкшемді басып туған, бір ұлым бар, өзіме ілесе алмай, кейін кетіп туған. Ол – Пазыл аға болатын. Соның өзі ой-өресі ұшан-теңіз, өзіне ілесе алмай кейін кетіп туған, өте еңбекқұмар, адамгершілігі мол, халқына өте сыйлы азамат және әкесінің алтын қазынасын тек сақтап қоймай, оны өңдеп, жазбаша түрде жұртқа таныстырсын деп балаларына, немерелеріне мұра етіп қалдырған ұқыпты, жауапкершілігі мол кісі. Ол әкесінің алтын мұрасын зор бағалап, келешекте қазақ халқына және дүниежүзілік әдебиетіне, оның тарихына маңызы ерекше екенін түсінген зерделі адам. Әкесінің ескі жазбаларын көшіріп, жаңартып отырды.
Пазыл ағаның балалары ер жетті, жоғары білім алып, тіл және әдебиет саласында үлкен табысқа жетіп, Мәшһүр атасының шығармашылық еңбегін биікке көтеріп, жан-жақты зерттеу жүргізді. Үлкен ұлы Қуандықтың басқаруымен оның басқа балалары Нартай, Естай, Лаура филология ғылымының докторы деген атағына ие болды. Мұндай талантты еңбекқұмар балалары халқымыздың мақтанышы. Олар қазақ халқының абыройы үшін Мәшһүр атасының еңбегін жарыққа шығарып, оқырман қауымға тарту етті. Әрине, бұған мұрындық болған – өз халқының отансүйгіш азаматтары. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттің ректоры Е.Арын, проректоры А.Нұқұлы, ақын-жазушы, композитор З.Солтанбаев және Мәшһүр ағаның немерелерінің қатысуымен 13 томнан да көп Мәшһүр Жүсіптің таңдамалы еңбектері баспада басылып шықты. Бірақ ол тек аз данамен шықты, жұртшылықтың кітапқа қолы жетпей қалды. Солтанбаевтың бес томдық өлең түрінде жазған дастаны және «Адам» деген кітабы жарық көрді.
Мәшһүр Жүсіп туралы ел арасында аңыз көп. Ол кісінің болжаушылық көріпкел-әулиелік қасиеті болған. Пазыл ағаның аузынан мынандай сөз есіттік. Мәшһүр Жүсіп өзінің қай жылы, қай күні қайтыс болатынын болжап білген. Сол уақыт жақындағанда барлық туысқандары мен ағайындарын, балаларын, келіндерін жинап алып айтқан. Мен үш күннің ішінде ана дүниеге барамын. Сендер мені қалай жоқтайтындарыңды өз көзіммен көріп, құлағыммен естиін. Ал келіндер, жылап-жоқтаңдар, туыстар, ағайындар мал сойып, ас беріңдер. Өзі бірнеше күн бұрын Ескелді шатқалына барып бейітінің орнын қаздырып, кішкентай кесенесін салдырған. Шынымен айтқан күні Мәшһүр дүние салады.
Мен өзім 1942 жылы әкеммен сол Мәшһүр атаның кесенесіне бардым. Ол екі қабаттан құралған, астыңғы қабатында жер төлесі. Үстіңгі қабатында кітаптары, т.б. өзі қолданған бұйымдары бар. Ал кесенесінің жер төлесінде денесі жатыр екен. Денесінің бос жатқанын өз көзіммен көрдім, тек ақ матамен үстін жауып қойыпты. Біз барғанда сол ақ матаны ауыстырды. Денесі бұзылмаған. Қарны үлкендеу екен. Ұйықтап жатқан кісі сықылды. Соның кесенесінің айналасында жалтыраған көктеу келген тастар көп екен. Жұрттың барлығы тұмар қылып алып жатты. Мен де алдым. Менің әкем сол денесі жатқан жерден бір уыс топырақ алып, шешеме берді. Шешем маған сол топырақты көк матадан істеген шүберекке салып, тұмар тағып берді. Сол тұмарды университет бітіргенге дейін тақтым. Менің төрт рет дүниежүзілік жаңалық ашуыма Мәшһүр Жүсіп атамыздың рухы себепші болды ма? Оған сенетінім, сол ауылдың және басқа жерден келген кісілердің арман-тілектері орындалатын. Мысалы, менің шешеммен Мәшһүр Жүсіптің кіші ұлы Пазылдың әйелі екеуі айтып отыратын, бала таба алмай жүрген әйелдер және ауырып жүргендер ниет қылып Мәшһүр Жүсіптің бейітінің басына келсе, тілектері орындалып, баласы жоқтар перзент сүйеді, денсаулығы жоқтар жазылып кететін. Осының барлығы фактілермен дәлелденген. Мен 1942-1947 жылға дейін оқуға түскенше сол ауылда жұмыс істедім. Жылына екі-үш рет Мәшһүр Жүсіптің кесенесінің астына түсіп, ақыретті ауыстыруға қатысатынмын. Сол көрген дене сол қалпында жататын. Менің есімде, Пазыл аға біздің әкейге келіп, Москвадан келген комиссия жөнінде айтты. Негізгі комиссияның мақсаты – Мәшһүр Жүсіп литаргическиий сонмен жатыр ма, болмаса шынында да өлген адам ба деп, білу үшін келген екен. Приборлары бар деді. Ертең соның кесенесіне сен де менімен бірге жүр деді. Олар комиссиямен бірге барып, комиссияның шешімін біліп қайтқан. Комиссия шын өлген деп шешім шығарған. Кейін оқу бітіргенсін Минералогия кітабын қарасам, ол тамаша кесілетін тальк деген тас екен. Қазір ойласам, сол Ескелді шатқалында кішкентай төбешікті таңдап өзінің кесенесін салдыруы кездейсоқ емес, үлкен мағынасы бар. Мәшһүр атаның геологиядан білімі бар сияқты.
Мәшһүр Жүсіп тірі күнінде балаларына, ағайындарына айтқан екен. Менің денем 41 жыл бойы бұзылмайды. Бірақ біреулер әсер етіп, денеме зақым келтіруі мүмкін. Шынында да 1950 жылдары Қазақстанның Орталық Компартиясының Бірінші секретары Пономаренко Мәшһүр Жүсіптің кесенесін бұзуға бұйрық берген. Оның бұйрығы бойынша екі кісі булдозермен әулиенің кесенесін бұзған. Бұл оқиға жалғыз Баянауылдың азаматтары емес, Қазақстанның көп жеріндегі халық риза болмаған. Көп кешікпей, Пономаренко орнынан түсті, екі жігіттің есі ауысып кемтар болып қалды. Осы қайғылы уақиғадан кейін Мәшһүр Жүсіптің кесенесінің басына халық ағылып “әулие” деп тағзым ететін болды.
Мәшһүр Жүсіптің шығармалары орта мектептердің оқулығынан алынған, шығармаларын зерттеуге тиым салынған. Одан бұрын Мәшһүр Жүсіп шығармалары мектептің оқулығында Абай шығармаларымен қатар жүрген болатын.
Тек қана Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін үкімет басшысы Н.Назарбаевтың қолдауымен Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісовтың басқаруымен Мәшһүр Жүсіптің ерекше әдемі кесенесі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңа жол ауылдық округінің Ескелді шатқалында салынды. Сол кесенесінің жанына тамаша қонақ үйі салынған.
Хабиболла ОСПАНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
«Қазақ әдебиеті»