Қалаға Әлихан Бөкейхан есімі берілсін

2195
Adyrna.kz Telegram

Курчатов қаласына Әлихан Бөкейхановтың атын беру керек. Биыл Әлихан Бөкейхановтың туғанына - 150 жыл, 2017 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл  толады.

Біз әлі күнге дейін Петропавл мен Павлодар қалаларының атын өзгерте алмай жалтақтап жүрміз. Осы қалалардың тарихи атын беру жөнінде нақты бір шешім жоқ. Ал кезінде әскери сынақ алаңындағы жабық та, жасырын қала болған Курчатовтың алғашқы атауы «Москва 400», «Жағалау» «Семей 21»-  деп те аталды. Ал қалаға КССРО-ны ядролық қаруға ие қылған, елімізде ең алғаш атом бомбасы мен сутегі атом бомбасын сынаған ғалым И.В. Курчатовтың атын алды.

Курчатов қаласы Шығыс Қазақстан облысына қарасты қала.Семейдің солтүстік-батысында, 130 км қашықтықта орналасқан. Ол жер бұрын картада «Конечная» станциясы немесі «Молдары» селосы деп көрсетілген. Ядролық зерттеу полигонын құру туралы шешім КСРО Министрлер Кеңесінің және КОКП Орталық Комитетімен 1947 жылы 21 тамызда қабылданды. Полигон сынақтарына дайындық жұмыстары 1949 жылғы шілде айында аяқталды. Сол жылдың 29 тамыз айында КСРО-да алғаш ядролық құрылғының сынағы өткізілді. Сынаққа тікелей ғылыми жетекшілікті И.В. Курчатов атқарды. 1953 жылғы 12 тамызда полигонда алғаш термоядролық құрылғы , 1955 жылы 22 қарашада – сутегі бомбасы сыналды.

Қазірде Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы орналасқан қалада жаңа технологиялар паркі болады деген де жоба бар. Курчатов қаласының құрамына Курчатов қаласының өзі, Дегелең бекеті  және Молдары селосы  кіреді. Қазіргі таңда қаланың негізгі жүйе құраушы кәсіпорыны ҚР Ұлттық ядролық орталығы. Қаладағы ғылыми-техникалық потенциялды сақтап, жаңа технологияларды пайдалану мақсатында ҚР-АҚШ біріккен «СЕМТЕХ» кәсіпорыны құрылды. «КК Интерконнект» атты  электронды құрылғылар мен печатті платаларды өндіру болып табылатын кәсіпорны жұмыс жасайды. Геологиялық барлау жұмыстарымен қазақстан-американдық «ФМЛ Казахстан» кәсіпорны айналысады.  Бұрынғы сынақ аумағында болашағы зор қазба байлықтарының мол қоры бар. Алтын мен мыс, сонымен қатар руда емес шикізаттары да байқалған. Қала аумағында «габбро» табиғи тасын қазу және өңдеу жұмыстарымен «Дегелең» кәсіпорны айналысады.

ШҚО бұрынғы әкімі Б.Сапарбаев кезінде Курчатов қаласының аумағында Абыралы ауданын құру туралы бастама көтерілген болаты. Үкіметке осындай ұсыныстармен шыққан облыс басшысы Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың негізінде ғалымдар қалашығының бой көтеретіндігін, қаланың осы потенциялын пайдаланып аудан құрудың тиімділігін дәлелдеп бақты. Бұрынғы Абыралы ауданының елді мекендерінің малдан басқа табыс көзі жоқ. Қаладан арнайы экономикалық аймақ құрып, кәсіпорындар ашылатын болса ауылдағы елге жұмыс табылар еді. Курчатов қаласының қазіргі қуаты да жаман емес. Қаланың экономикалық әлеуетін толық іске асырса бұл өлке әлі ақ гүлденіп кететін болады.

Семей ядролық полигон территориясының 95 пайызын ауыл шаруашылығына пайдалануға беруге болатынын Ұлттық ядролық орталық мамандары көптеген жылдар бойғы зерттеу нәтижелеріне орай көз жеткізді. Ал қалған 5 пайыз жер ол тікелей ядролық сынақ жасалған жерлер. Ондай  аумақтар пайдалануға мүлде болмайды деп саналады. Қазіргі уақытта бұрынғы сынақ алаңында болған жерлердің зерттеліп, тексеруден өткен бөліктері халықтың өтініші бойынша ауыл шаруашылық мақсаттарда пайдалануға  беріліп жатыр. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы мен Семей қаласының және Павлодар облысы Май ауданының шаруа қожалықтары.

Сонымен қоса, АЭС құрылысы бойынша қала тұрғындарының азаматтық мәселесі де ойландырады.  Мысалы, Байқоңырда орын алған жағдайлардан баршамыз хабардармыз. Ғарыш айлағындағы тұрғындардың конституциялық құқығы қаншама рет бұзылды. Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алды.  Курчатовта стратегиялық нысан салып, оны бірлесіп игерметін болса Байқоңырдың кебін киуіміз әбден мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Басқа-басқа адамзат баласына орасан зор қауіп төндірген, қазақтың жері мен еліне өлшеусіз қасірет әкелген ғалымның атын алған қаланың атауын өзгертеуді кешіктіруге болмайды. Әрине ол Кеңестер Одағы кезінде ғылымға өлшеусіз үлес қосты деп есептелді. Бірақ ол ашқан жаңалық адамзатты қырып-жоюға арналған еді. Сол үшін барлық мемлекеттік силықтар мен атақтарды алып, барлық жағдайлары жасалды. Кеңес Одағының саяси басшылары елді өркендетудің орнына жаппай қырып жоятын қаруды иеленудің жолында барын салды. Осы жолда халықтың байлығы мен өмірін де аяған жоқ. Ақыры өздерінің түбіне жетіп тынды.

Семей полигоны арқылы қазақ халқын сынақтың нысанына айналдырды. 40 жыл бойғы сынақтар кезінде жүздеген мың адамдар радияция салдарынан ауруға ұшырап көз жұмды. Жас сәбилер өмір есігін аша салып шетінеп жатты. Экологияға келген зиянда өлшеу жоқ. Дегелең сынды сарыарқаның  шоқтықты да қастерлі бір тауын күлге айналдырды.

Қазақ еліне өлшеусіз қасірет әкелген залым ғалымның атын жерімізден, халықтың санасынан мүлде өшіру керек. Ол тіпті А.Сахаров сынды осы сынақтары үшін халықтан кешірім сұрап, опынып өкінген де жоқ. Ал біз болсақ Курчатов сынды адамның атын алған қала атауын өзгерткіміз келмейді. Оны Петропавл мен Павлодар сынды мәселе қылып көтергенде емеспіз. Тек осы сынақ өлкесінің тумасы, осы өлкенің білгірі, тарих ғылымдарының докторы Б.Нәсенов ағамыз ғана қаланың атына қазақтың біртуар перзенті Тәттімбет Қазанқапұлының атын беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бірақ ол кезінде қолдау таппады. Болатбек аға қазіргі Курчатов қаласының маңында Тәттімбеттің қыстау болғанын дәлелдеп, осыған сүйенген еді. Және де нақты тарихи деректерді келтіреді.

Қарқаралы уезіне қарасты Шанышар-Айбике болысын 1878 жылы  «Арқалық», «Едірей» атты екі болысқа бөлді. Ал Шанышар-Нұрбике болысын «Ақбота» болысы деп өзгертті. 1928 жылы осы аталған болыстар Абыралы ауданы құрылған кезде жер мен халықтың орналасу жағдайына орай осы ауданға берілді. 1930 жылы Қу деген аудан құрылып, «Ақбота» болысы «Қызыл-Таң» деген атпен аудан орталығына айналған. 1932 жылы қайта Абыралы ауданына қосқан. 1954 жылы атом сынағына байланысты Абыралы ауданы таратылды. «Ақбота» болысының жері келешек Курчатов қаласының, атом сынағының орталығына айналды. Мұрағат құжаттары осылай сөйлейді.

Орайы келіп тұрғанда «Ғылым қаласы» мәртебесі бар осы қалаға Әлихан Бөкейхан есімін берсек әбден лайықты деп ойлаймыз. Оған қоса өзінің туған жері Ақтоғай да алыс емес.  Қаланың бір ауданын сынақ алаңының эпицентрі болып, күлге айналған Дегелең тауының құрметіне «Дегелең» деп атаса дұрыс болар еді.

Айтқандай  тарихшы-ғалымдар қозғап жүрген бір мәселе, 2017 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу құрметіне осы үкіметтің 1917 жылдан 1920 жылға дейін ресми астанасы болған Семей қаласының Жаңа Семей бөлігін «Алаш» қаласы деп ресми атауды да ұмытпаған жөн. Әлихан мен Алаш есімін бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Осы істің шешімі өзіміздің ерік жігерімізге байланысты болмақ.


Ардақ БЕРКІМБАЙ

 

Пікірлер