Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Елбасының жастарға көңіл бөліп, биылғы жылды жастар жылы деп жариялауы тегін емес. Өйткені мемлекет тарапынан жастарға зор қолдау қажет.
Жамбыл облысы әкімдігі жастар жылына орай жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына айрықша назар аударып отыр. Оның жарқын бір дәлелінің бірі – Шу ауданының тұрғыны Наурызбек Ахметовтың «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы өз кәсібін бастап отыруы болса керек. Жастар жылына орай ол арнайы жоба ұсынып, 2 млн. 500 мың теңге ұтып алған. Аталған қаржыға ол ауданы 250 шаршы метр болатын жылыжай салып, бір азаматты жұмыспен қамтып отыр.
«Жылыжайда көк пияз, салат жапырақтары мен укроп өнімдерін өсіріп отырмын. Аталған көкөністерді жаңа жылға дейін күтіп баптап, халыққа сатамын. Осы өнімдерді өсіріп болған соң жылыжайымда қияр өсіруді жоспарлап отырмын. Себебі өздеріңізге белгілі қиярға деген сұраныс өте жоғары. Оның үстіне қиярды ерте көктемде шығаратын болсам, оның бағасы да жақсы болады. Осы ісімді бастауға көмектескен жергілікті басшыларға алғысымды жеткізгім келеді. Себебі олар менің көптен бері армандап жүрген ісімді бастауға көмектесті. Ал құрбы-құрдастарыма айтарым, бір істі бастаймын деп талпынсаң, мемлекет тарапынан қолдау алуға болады. Сондықтан да жастар мен сияқты еліміздегі бағдарламаларды зерттеп, көп ойланбай өз ісін бастап кетуі керек», – дейді ол
Қазіргі таңда Наурызбек Ахметов бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Егер ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы алған қаржысын тиімді игерсе, болашақта ондаған адамды жұмыспен қамтитындай үлкен жылыжай салғысы келеді. Сондай-ақ ол белгілір мекемеде болар болмас жалақыға күн көргенше, өз бетіңше әрекет еткен жөн екенін айтады.
Наурызбек Ахметов ойын Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны Диас Қанафинде қолдайды. Биыл жастар жылы жарияланған грантқа қатысып, 1 млн. 200 мың теңге ұтып алған. Аталған қаржыға жылыжай салып, саңырауқұлақ өсіруді көздеп отыр. 120 шаршы метр болатын жылыжайды мамыр айында іске қосатынын айтады.
«АДЫРНА»
ұлттық порталы