Әйелдер боксындағы жеңіске жетудің жолы қандай? Чемпионаттың күміс жүлдегері өз сұхбатында осы саладағы жағдайды сипаттайды.
Қазақстандық спортшы Виктория Графеева 8-17 наурызында Нишеде өткен әйелдер боксынан өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ол өзінің сұхбатында әйелдер үшін тосындау осы спорт түріне қалай келгені және спортта бастан кешкендері жайлы ойларымен бөліскен.
- Жеңіл атлетикадан боксқа келуіңе не себеп болды?
- Жеңіл атлетикадан келуіме жарақат алуым себеп болды. Боксқа 17 жасымда анамның қалауымен келдім. Оған дейін ешқашан спорттың жекпе-жек түріне келем деп ойламаппын. Аяқ баспаймын деп ойлап едім. Тұрақты түрде бір спорт түрімен шұғылданбауым анамның мені оқушылар сарайына жетелеп апаруына түрткі болды.
- Әлем чемпионатының шаршы алаңына шығу сізге қандай әсер қалдырды?
- Әлем чемпионатынан алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Әрбір спортшы үшін әлемдік аренаға шығу – биік дәреже. Бұл турнир үшін мен көп қиын дайындықтардан өттім. Сол сәтте үлкен рингте үлкен аудитория мен жанкүйердің үміт-сенімін сезіндім және бұл маған шабыт берді. Осы тәжірбиеден кейін мен өзімді сенімді сезіндім. Менің ойымша, әрбір спортшы осындай жарыстардан өтуі тиіс. Сонда ғана ол біртуар тұлғаға және мықты спортшыға айнала алады.
- Алғашқы бапкеріңіз, спортқа келуіңіз жайлы айтып берсеңіз?
- Менің алғашқы және осы күнге дейінгі жалғыз бапкерім – Нұрлан Мұхамбетқалиев. 2017 жылы ата-анам Оқушылар сарайына алып келгенде өзге бапкерлер сіңілім екеумізді «тым кеш келдіңдер» деп қабылдамаған еді . Бірақ Нұрлан ағай бізді өзіне алып, сенім артты. Біздің бойымыздан өзіміз байқамаған қасиетті көрді. Ағайымның шеберлігі,табандылығы маған деген сенімі бізді әлемдік аренаға жеткізді.
- Спорттағы коррупция кесірінен әділетсіздікке ұшырадыңыз , осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз?
- Әділетсіздік біздің еліміздегі спорт аренасында кездесіп тұрады. Кез келген спорт түрінде әр спортшы өз мансабында осындай жағдайлармен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұл дүниеге дайын болу керек. Өйткені спорт қазір табыс көзіне айналып кетті. Коррупция арқылы көптеген турнирге жолдама алатындар болады. Мұны жасыра алмайсың, көзіңмен көргенде жаныңды қынжылтады. Осыған ұқсас жәйт өзімнің де басымнан өткен. Болып жатқан оқиғаларға мойымастан спортта адалдық пен әділет орнайды деп сенемін. Коррупция көптеген талантты тұншықтырды, бұл мені өте қынжылтады. Ең бастысы – аренада жеңіс туын көтермесең де еш мойымау, тек алға жүру.
- Спорт мансабындағы ең қиын кезең, уақыт қайсы?
- Мен үшін мансабымдағы ең қиын кезең соңғы 3 жыл деп ойлаймын. Дәл осы уақытта мен әйелдер ұлттық құрамасына ендім. Осы кезден бастап түрлі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына жиі баратын болдым. Спортшы жолы оңай емес. Бұл жолда қаншама көз жасы мен тер төгіледі. Сіздер көріп жүрген біздің әрбір күлкіміз, жеңісіміз бен медальіміз «айсбергтің беті» ғана. Біз алға қойған мақсаттарымыз үшін әлі талай қиындықтарды еңсеруіміз керек . Мен әлі де еліме жеңіс әкелуім тиіс деп білемін. Мен үшін бұл – үлкен жауапкершілік.
- Жас спортшыларға берер ақыл-кеңесіңіз қандай?
- Жас спортшыларға беретін бір ғана кеңесім бар. Бәрін сабырлыққа жеңдірту керек, мақсатқа жету мен тәртіпке көндігу һте маңызды. Осы 3 қасиеттің арқасында мен Азия чемпионы, Әлем чемпионатының финалисі атандым. Ерте ме, кеш пе, еңбек ақталады. Тек төзіммен қарай білу қажет. Мұны талай рет әлемдік деңгейдегі тұлғалар дәлелдеді. «Сабақты ине сәтімен», мақсатқа жету үшін талмай еңбек ет!
- Спорттан бөлек немен айналысасыз? Болашаққа қойған жоспарыңыз қандай?
- Қазіргі сәтте мен әлем чемпионатынан кейін демалып жатырмын. Демалысымда денсаулығыма көп көңіл бөлемін және жан-жақты дамуға тырысамын. Нақтырақ айтсам, қазір бимен, ән шырқаумен, тауға шығумен демалысөткізіп жатырмын. Физикалық және рухани демалыстан кейін мақсатымызға ораламыз. Алда 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада күтіп тұр. Олимпиадада мақсатқа жету үшін ұзақ жолды, асқан қиындықты еңсеру керек. Бірақ бізді енді тоқтауға болмайды. Бағындырар биік шыңымыз әлі алда!
- Сұхбатыңызға рахмет!
Камила Алтаева