Дінтанушы Кеңшілік Тышқан дін мен салт-дәстүрді бөліп қарау дұрыс емес екенін айтады. Себебі ол екі құндылықты бір-біріне қарсы қоюудың арты жақсылыққа апармайтынын ескертті.
«Бізді дінсіз дәстүр қаншалықты ұшпаққа шығарады?
Дінтанушы Кеңшілік Тышқан дін мен салт-дәстүрді бөліп қарау дұрыс емес екенін айтады. Себебі ол екі құндылықты бір-біріне қарсы қоюудың арты жақсылыққа апармайтынын ескертті.
«Бізді дінсіз дәстүр қаншалықты ұшпаққа шығарады?
«Кейбір адамдар «Дін мен салт-дәстүрді байланыстыру мүмкін ба?» деп сұрап жатады. Негізі сұрақтың былай қойылуын орынды деп ойламаймын. Себебі салт-дәстүр мен дін әу бастан біте қайнасқан дүние. Салт-дәстүріміз ежелгі тарихтан ұстанып келе жатқан құндылық болған соң дінмен ұштасып кеткен. Сондықтан бұл екеуін бөліп қарау немесе бір-біріне қарсы қоюудың өзі орынсыз деп есептеймін. Себебі екеуін бөліп қарай бастағалы бері көп проблема туындап жатыр. Мәселен «Мынандай дәстүр дінде жоқ» деген секілді әр түрлі алып-қашпа әңгіме шығып жатыр.
Ал шын мәнісінде екеуі ғасырлардан бері байланысып келген дүние емес пе еді? Мәселен салт-дәстүріміз дінге қайшы болса, ол баяғыда дәстүр болудан қалатын еді. Егер діннің ішіндегі мәселе салт-дәстүрге қайшы болатын болса, ол қабылданады немесе жоққа шығарылады. Әрине салт-дәстүріміздегі дүниелердің көпшілігі дінмен қабысып кеткен. Өкінішке қарай соңғы кездері тырнақшаның ішіндегі «Таза дінді» ұстанушылар дәстүрді жоққа шығарып, ұлттық құндылығымызға шабуыл жасағысы келеді. Бұл жердегі мақсат түсінікті. Егер халықтың салт-дәстүрін жоятын болса, оның ұлттық ерекшеліктері де жойылады. Ал ұлттық ерекшелігі жойылған адамды кез келген мақсатқа пайдалануға болады.
Жалпы әр мұсылман халқында өзіне тән салт-дәстүрі қалыптасқан. Мысалы бір мұсылман халқы болса да, Малайзия мен Пәкістан халқының дәстүрі әр түрлі болып келеді. Оларда да бір-біріне сәкес келмейтін салт-дәстүрлер бар. Сол үшін олар исламнан шығып кетіп жатқан жоқ қой.
Біз ұлт ретінде идентификациямызды сақтау үшін қазақтың салт-дәстүрін құндылық пен дін деңгейінде жаңғыртуымыз керек. Әйтсе де кейбір адамдар дәстүрді бірінші орынға қойып, дінді жоққа шығарып жіберетіні бар. Менің ойымша, бұлда ақылға қонбайтын шаруа. Неге десеңіз біз дінді ғасырлардан бері салт-дәстүрімізбен бірге ұстанып келдік қой. Ал енді аяқ астынан салт-дәстүрімізді неге жоққа шығарамыз? Бізді дінсіз салт-дәстүр қаншалықты ұшпаққа шығарады? Сондықтан да екі құндылықты бір-біріне қарсы қойып, халықты екіге бөлудің арты жақсылыққа әкелмейді. Сол себепті дәстүрлі дін, дінге дәсүрлі көзқарас деп емес, жалпы дінге дәстүрлік көзқарас деген позицияны ұстанамын», – дейді дінтанушы.
«Салт-дәстүр мен дін өзара байланысып кеткен»
Кеңшілік Тышқан қазақ халқы дінді салт-дәстүрімізге сай ұстанып, сол деңгейде қабылдағанын айтады. Дінтанушы бұл ретте Әбу Ханифа мәзһабының орны ерекше екенін ескертті.
«Негізі діннің ішінде де әртүрлі қағидаттар бар. Оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабы қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін жоққа шығармайды. Сол себепті біз әдет-ғұрып пен салт дәстүрді ұлттың құндылығы деп қабылдаймыз. Яғни, дін мен салт-дәстүрді бөліп, таразыға қоймаймыз. Соңғы кездері дін мен салт-дәстүрді бір-біріне қарсы қоятын жағымсыз дүние пайда болды. Мен бұл нәрсені жақсы дүние деп есептемеймін. «Дәстүрдің бәрі дінде жоқ. Демек оның бәрі құдайға қарсы келу» деген сөзді әу баста уахабилік, салафиттік ұстанымдағы азаматтар шығарды. Міне осыған қарсы кейбір азаматтар «Ислам діні арабтардың діні» деп исламофобияға да барып жатыр. Бұл жағдай халықтың ауыз біршілігін бұзып, жағдайды күрделендіре түседі.
Шын мәнісінде салт-дәстүр мен дін бір-біріне сіңісіп, өзара байланысып кеткен. Егер дін болмаса өмірден өткен адамға қалай көңіл айтып, оны жерлейміз? Сондықтан да дін мен салт-дәстүрді бір-біріне қарсы қою өте қиын. Мәселен біздің елде «Ресми мекемелерде діни рәсімді орындауға болмайды» деген талап бар. Мен «Бұл діни рәсім емес, дәстүр ғой» деп айтамын. Біздің елде өмірден озған адамға бет сипап, Құран оқу дәстүр ғой. Ал кейбір азаматтар «Жоқ, ол дін» деп, бет бақтырмайды. Екеуі әлдеқашан біте қайнасып кеткен дүниені таразылап, бөлгіміз келеді. Ашығын айтсам дін мен салт-дәстүр бөлінбейді. Ал біз оны бөлетін болсақ, халық одан тек қана зардап шегеді.
Біз ғасырлар бойы халықтың талқысынан өткен салт-дәстүр мен дінді ұштастырып, өмір сүруіміз керек. Бұған дейін оны ешкім жоққа шығарған жоқ. Бұрын «Сен дінсізсің» немесе «Мен діндармын» деген қайшылық болмайтын еді. Осы құндылықты бірінші орынға қоюуымыз керек. Біз дін мен салт-дәстүрді бір-біріне қарсы қойып, халықтың наным-сенімін бұзудың алдында тұрмыз. Егер халықтың наным-сенімін бұзып алатын болсақ, бұқара деградацияға ұшырап кетеді. Радикал діни ағым сеніміндегі азаматтар дәстүрді жоққа шығарып, халықты кәпірге шығарады, ал дәстүрді ұстанушылар дінге бет бұрғандарды жауға санайды. Мұның салдары ауыр болуы мүмкін», – дейді дінтанушы.